Иманқұл мешіті
Иманқұл мешітінің тарихы
Иманқұл Жалмұхамметбетұлы 1858 жылы қазіргі Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауылының «Ақбөгет» деген жерінде дүниеге келген. Оның ата- анасы егін егіп мал баққан шаруа кісілер болған.
Генеалогиялық тегі: Шөмішті Табын, оның ішінде Өмірқұл аталығынан. Өмірқұлдан Қареке, Сәрке, Қараман, Құлшық, Сәмеке тарайды. Қарекеден Жәңкісі. Жәңкісіден Бегалы. Бегалыдан Жалмұхаммет. Жалмұхамметтен Иманқұл, Есболған. Иманқұлдан Батырхан, Әбілда, Мәжит.
1901 жылы Орынбор-Ташкент теміржолының салына бастауына орай қара жұмысқа жергілікті қазақтар да жаппай тартыла бастайды. Осы тұста Иманқұл өзінің туыстары Тілеке, Мереке, Смағұл, Спандияр, Есжан, Оспан, Раушанбек есімді азаматтардан бір бригада құрып, аталған теміржол жұмысына белсене атсалысады. Жалағаш станциясына теміржолдың келуімен қатар, Ресейдің ішкі губернияларынан көпес орыстар да келіп, жаппай сауда дүкендерін аша бастады. Осы кезеңде Иманқұл бір бай орысқа жалданып, оның бір дүкеніне приказчик болып жұмысқа орналасады. Саудасын жасап, әбден оның сеніміне енеді. Орыс көпестері Тәшкент жаққа қарай көшетін болғандықтан дүкендерін Иманқұлға сатып кетеді.
Өз тізгіні өзіне тиген Иманқұл сауда аясын кеңейте бастайды. Бұл жақтан ет, жүн, тері апарып, Ресей жақтан шай-қант, ұн, кездеме т.б. бұйымдарды әкеліп сауда жасайды. Сөйтіп, Ресей мен екі ел арасында сауда-саттықты дамытуға зор үлес қосады. Осыдан соң Иманқұлдың жағдайы жақсара бастайды. Халық арасында өте сыйлы, беделді, қолы ашық, жомарт адам атанады. Ол айналасындағы жарлы – жақыбайларға қарасып, сұрағандарға өсімсіз қарыз беріп отырған.
Күндердің бірінде елдің игі жақсылары: Қайқы батыр, Алданазар, Қалжан ахун, Ораз ахун, Мырзабай ахундар Иманқұлға келіп: «Иманқұл шырағым, құдайға шүкір, ісің алға басып байыдың. Енді сол қаржыңа елді имандылыққа баулитын Аллаһқа құлшылық ететін мешіт салдыр»,- деп кеңес береді. Игі жақсылардың бұл ұсынысы игі істі қолға алуға қозғау салады. Иманқұл атамыз олардың сол айтқандарын қабыл алып, халық болып жабыла кірісіп, 1905 жылы мешіт құрылысын бастайды.
Мешіт салынған күннен бастап онда үнемі жұма намазы оқылып, неке қию рәсімдері орындалып, жастардың діни сауатын ашатын дәрістер жүргізілген. Осы мешіттен дәріс алған алғаш шәкірттердің бірқатары Өзбекстанның Бұхара қаласындағы Көкілташ медресесі мен Ресейдің Қазан қаласының білім ордаларында оқып шығады. Мысалы, Қалжан ахунның бел баласы Мұғаммар Қазан университетін бітіреді. Астана Орынбордан Ақмешітке көшірілген тұста Мұғаммар Қазақстан Орталық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған. Мұғаммардың жоғарғы білім алуына Иманқұл атамыз қаржылай көмек беріп отырған. Кейін Мұғаммар Иманқұлдың Хадиша атты қызына үйленеді. Сондай-ақ, Иманқұл атамыз басқа да шәкірттердің оқып, білім алуына өз көмегін аямаған.
Сыр өңірінде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Иманқұл атамыз коммунистер мен шолақ белсенділердің тарапынан қуғынға ұшырап, қудаланады. Оның бар дүние- мүлкі кәмпескеленеді. Оның алдында Иманқұл бар байлығын, алтын- күмістерін бір түйеге артып, Қарақұм жақтағы белгісіз бір жерге апарып көмдірген деген әңгіме бар.
Иманқұл 1919 жылы 61 жасында өз ажалынан қайтыс болады. Оны әйелімен екеуін қазіргі өз мешітінің шығыс жақ іргесіне жерлеген. Кейіннен, Кеңес үкіметінің жаңдайшаптары марқұмның сүйегін қорлайды деген қауіппен Оспан деген кісі Құран оқып, денелерді қайтадан қазып алып, бір түнде Қалжан ахун мешітінің алдына апарып, қайта жерлеген.
Иманқұлдан тараған ұрпақтары қазіргі уақытта Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды аймақтарында өмір сүріп жатыр.
«Иманқұл» мешіті кеңес үкіметі тұсында да халыққа қызмет етті. Мектеп, кинотеатр, мәдениет үйі, спорт мектебі болды. Еліміз егеменді ел болып, тәуелсіздік тізгінін қолына алғаннан кейін «Иманқұл» мешітін 1998 жылы ауданымызға әкім болып тағайындалған Қ.Баймаханов күрделі жөндеуден өткізді.
Иманқұл мешітінің құрылысы 1905 жылы басталып, 1906 жылы аяқталған. Мешітті Ресейден келген орыс құрылысшылары ХІХ жылдың аяғы – ХХ жылдың бас жағындағы орыс архитектурасының «кірпіш стилі» («кирпичный стиль») және «провинциальная архитектура» тәсілдерімен салған. Мешіттің маңына арнайы кірпіш зауыты салынып, қолдан құйылған қам кесектер жергілікті сексеуіл мен шеңгелдің шоғына күйдірілген.
Іргетасы (фундаменті) ленталық, күйдірілген кірпіштерден қаланған. Іргесінің табаны (цоколь) қабырғадан 1,35 м. биік және сыртқа қарай шығынқы етіп қаланған. Қабырғаның бойымен жүргізілген карниздің үстіндегі екі кронштейннің ортасында сәндік үшін бір қырынан қаланған кірпіштер мен оның астындағы үш қатар етіп көлденең қаланған кірпіштерден тұратын декоративті аттик мешіт ғимаратының жалпы құрылысына ерекше сән – салтанат беріп тұр.
Мешіттің солтүстік және оңтүстік жақ беттерінің қабырғасы ортасынан шығынқы етіп қаланған лопаткамен екі бөлікке бөлінген. Жоғарғы жағында декоративті аттигі бар пилястрдің бұрыштарын істік және қабырғадан біршама шығынқы етіп қалаған. Мешіттің терезелері үстінен «П» әрпі тәрізді кірпіштерден қабырғадан біршама шығынқы етіп қаланған сандрикпен және полуциркульді аркалармен сәнделген.
Мешіттің едені ағаш, шатырын екіскатты етіп шірімейтін қаңылтырдан жабылған. (вальмовая крыша). Төбесінде диаметрі 3,5 метр болатын сырты қаңылтырмен қапталған күмбезбен жабылған. Терезелерін ( материалы -металлопластик) тікбұрышты әрі бір қабатты етіп жасаған.
Мешіттің жалпы өлшемі: 27х 9,50 метр. Биіктігі – 5,80 метр. Жалпы биіктігі – 11 метр. Қабырғасының қалыңдығы- 0,95 метр.
1998 жылы мешітке халықтық әдіс- асар арқылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Мешіттің алдына қосымша дәліз ( вестибюль) салынып, оның кірер есігі шығысқа қаратылған. Дәліздің екі жанында биіктігі 8,5 метр, диаметрі 1,5 метр болатын екі азан шақыратын мұнара – минареттер қаланған. Мешіттің дәл ортасына төбесі қаңылтырмен жабылған диаметрі 3,5 м. болатын күмбез орнатылған. Мешіттің батыс жақ қапталында ортасында биіктігі 14 метр болатын мұнара- минареті (диаметрі 2,5 м.) бар от қазандығы тұратын бөлме (котельный) жапсарлас орналасқан.