ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
04/19/2022 80

АЯҒЫ АУЫР ӘЙЕЛДЕР ОРАЗА ҰСТАЙ МА?

АЯҒЫ АУЫР ӘЙЕЛДЕР ОРАЗА ҰСТАЙ МА?Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдердің өзіне немесе жатырындағы баласына қауіп төнсе, оразасын тоқтата алады. Әйел өзінің өмірлік тәжірибесіне жүгініп қауіпті сезінсе немесе білікті дәрігердің кеңесіне жүгінсе, оразасын тоқтатуына болады (Мәрақил-фәлах). 

«Фәтәуаи Һиндия» кітабында былай делінген: «Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер өзіне немесе баласына зиян жетуден қорықса, оразасын ашады. Оның қазасын кейін (мүмкіндік болғанда) өтейді. Оразасын ашқаны үшін кәфарат төлемейді. «Хуласа» кітабында да осылай айтылған.

Әнас ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен келесі хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Расында Алла Тағала сапардағы адамның ораза мен намаздың жартысын орындауға (намазды қысқартып оқуға, оразада ауыз ашуға рұқсат берді), аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге де оразаны міндеттемеді (оразада ауыз ашуға рұқсат берді)» (Ахмад, Әбу Дәуіт, Термизи, Нәсаи, Ибн Мажә).

Қандай да дертке шалдыққандар (жазылғаннан кейін), сапарда жүргендер (сапардан оралғасын), хайыз, нифас секілді үзірлі жағдайдағы әйелдер (мерзімі біткен соң), аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер (емізулі кезеңнен шыққасын) оразасының қазасын өтейді.

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын», – деп бұйырады.  Имам Бұхари кітабының «Әйямән мәғдудат» (Санаулы күндер) атты бабында бұл сөзді: «Бала емізетін немесе аяғы ауыр (әйел) өзіне не сәбиіне (зиян келеді деп) қорықса, екеуі де аузын ашады, сосын (уақыты келгенде қазасын) өтеп береді», – деп түсіндірген.

Алайда аяғы ауыр және бала емізетін әйел ораза ұстай алса, онда ораза ұстағаны дұрыс. Алла Тағала: «Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы», – деді («Бақара» сүресі, 184-аят).

Сондықтан аяғы ауыр немесе бала емізетін әйелдер шамасы келсе, оразаны кейінге қалдырмай өз уақытында ұстағаны дұрыс. Алайда ораза тұту өзіне немесе баласына зиян тигізсе, сондай-ақ оны сенімді әрі білікті дәрігерлер мақұлдаса, онда оразасын тоқтата тұруға шариғат рұқсат береді.

Хасан АМАНҚҰЛ