ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
07/02/2022 2186

ҚАЖЫЛЫҚТА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН НӘРСЕЛЕР

ҚАЖЫЛЫҚТА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН НӘРСЕЛЕР

Қажылық – әрбір мұсылман адамның үлкен арманы. Жер бетінің қай түкпірінде болмасын мұсылмандардың жүректері Қасиетті Қағбаға қарай соғып тұрады. Бұл ғибадат сапары – Жаратқанның сүйікті құлдарына деген сыйы. Сондықтан да қажылық парызын өтеуге келген әрбір мұсылман Алла Тағаланың қонағы болып есептеледі. Алланың құлына Алланың құрметті қонағы болудан артық қандай бақыт болуы мүмкін?..

Қажылық парызы нәсіп болған мұсылман қажылығының Алла Тағаланың алдында қабыл болуын қалайды. Сондықтан қажылық құлшылығын орындауды ниет еткен әрбір мұсылман сапарға шықпастан бұрын қателікке ұрынбауы үшін оның үкімдерін үйреніп алғаны абзал болмақ.

Әр ғибадаттың өзіне тән үкімдері болады. Сол сияқты қажылық құлшылығының да парыз, уәжіп, сүннет, мубах үкімдерімен қатар, ихрам кезінде тыйым етілген амалдары да бар. Қажылық құлшылығында тыйым салынған амалдарға тоқталмас бұрын ихрам амалына тоқталып кеткеніміз жөн. Себебі қажылық құлшылығын жасаушы адамға осы ихрам хәліне кірумен оған ихрамнан бұрын адал болған кейбір амалдарды орындауға тыйым салынады.

Ихрам – қажылық амалдарының ең біріншісі. Қажылыққа немесе ұмраға ниет етіп, тәлбия айтумен ихрамға кіреді. Бұл амалды орындауымен мұсылман адамға бұдан бұрын адал болған кейбір істер мен нәрселер ихрамнан шыққанға дейін арам етіледі. Қажылыққа ниет етіп, тәлбия айту, намазға ниет етіп тәкбиратул-ифтитах айту сияқты. Намазға ниет етіп, тәкбиратул-ифтитахты айтумен намазға кірген секілді қажылыққа ниет етіп, тәлбия айтумен, қажылыққа кірген болып саналады. Алдымен екі рәкәғат нәпіл намазын оқиды. Намазын бітірген соң, қажылықтың қай түрін орындайтынына ниет етеді. «Уа, Алла! Мен қажылыққа ниет еттім. Дұрыс өтеуді жеңілдет, менен қабыл ал!» деп мына тәлбия дұғасын айтады:

«Ләббәйкаллаһума ләббәйк! Ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ниъматә ләкә уәл-мулк лә шәрикә ләк!».

Дұғадағы сөздерді қалдырмай айтады әрі қосымша дұғалар айтса болады. Осы дұғаны айтумен ихрамға кірген болып есептеледі. Ихрамға кірген соң одан бұрын өзіне адал болған тігілген киім кию, иіс су себу сияқты қажылық кезінде тыйым салынған амалдарды істеуге болмайды. Өйткені ихрамда тыйым салынған амалдардан сақтану ихрамның уәжіптерінен болып саналады.

Енді ол қажылығын аяқтағанша ихрамның тыйымдарын сақтауға міндетті.

Ихрам кезінде ескеру қажет ихрамның тыйымдары бар. Олардың кейбіреулері тек ер адамдарға, кейбіреулері тек әйелдерге тән, ал кейбіреулері ерлер мен әйелдерге бірдей.

Ихрам кезінде ер адамдарға да, әйел адамдарға да мына әрекеттерді істеуге тыйым салынады:
  1. Төсек қатынасы, оған алып баратын сүю, шаһуатпен ұстау сияқты амалдар.
  2. Пасықтық, яғни өтірік, өсек, ғайбат, алдау, мазақ ету сияқты амалдар.
  3. Дау-дамай, яғни біреумен тартысу, жанжалдасу сияқты амалдар.
  4. Құрлық жануарларын өлтіру. Сондай-ақ аңшыға аңды нұсқау, көрсетіп беру.
  5. Иіс су себу.
  6. Тырнақтарын алу.
  7. Шашын алу не қысқарту немесе сақалын қысқарту, денесіндегі шаш, түктерді жұлу, қыру.
  8. Әдемілік, сәндік үшін басқа, шашқа, денеге әртүрлі иісмайлар жағуға болмайды. Бірақ жарақатқа емдік үшін түрлі дәрілік майларды (крем, мазь) жағуға болады.
Ихрам кезінде тек ер адамдарға тыйым етілетін амалдар:
  1. Көйлек, шалбар, қалпақ сияқты тігілген немесе тоқылған киімдер кию.
  2. Басын немесе оның бір бөлігін себепсіз жабуға тыйым салынады.
  3. Екі қолына қолғап, екі аяғына мәсі кию. Егер аяқ киім табылмаса, мәсісін қонышынан кесіп киеді.
  4. Бетті, ауызды, иекті жабатын заттарға тыйым салынады.
  5. Өз шашын да ихрамдағы басқа кісінің де шашын қырқу.
Ихрам кезінде тек әйел адамдарға тыйым етілетін амалдар:
  1. Әйелдерге никаб немесе паранжа және қолғап киюге тыйым салынады;
  2. Зағыпыранмен не жосамен боялған нәрселерді кию. Егер жақсылап жуылып, иісі шығып тұрмаса болады.
Ихрам кезінде мыналарға рұқсат етіледі:
  1. Жүзік, сағат тағу.
  2. Белдік тағу.
  3. Сөмке асыну.
  4. Үйдің, шатырдың астында көлеңкелеуге.
  5. Қолшатыр ұстауға.
  6. Шомылуға, ғұсыл құйынуға.
  7. Ихрам киімін ауыстыруға рұқсат етіледі.

 

Қажылықтың екінші парызы Арафатта тұруға қатысты мәселелер

Арапа – зұлхижжа айының тоғызыншы күні. Арафатта тұру зұлхижжа айының тоғызыншы күні түс ауғаннан бастап, құрбан айт күнінің таңы атқанға дейін жалғасады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық ол – арапа» деген. Барлық мәзһабтардың көзқарасы бойынша кім Арафатта тұрудан кешіксе, ол қажылықтан кешіккен болады. Арафатта тұрудың парызы аз ғана уақыт тұрумен орындалады. Ал күн батқанға дейін тұру уәжіп саналады. Арафаттан күн батпай тұрып кетіп қалса, уәжіп амал орындалмағаны үшін құрбандық шалуы керек. Алайда кім де кім күн батудан бұрын шығып, күн батпай тұрып Арафатқа қайтып келсе және күн батқанша тұрса, құрбандық шалу мойнынан түседі.

 

Қажылықтың үшінші парызы тауап ифадаға қатысты мәселелер

Тауап дегеніміз – Қағбаны қара тас бұрышынан бастап, сағат тіліне қарама-қарсы бағытта жеті рет айналу. Тауап қара тастан басталып, қара тасқа жетумен аяқталады. Әр тауаптан соң екі рәкағат намаз оқу ханафи мәзһабында – уәжіп. Тауаптан соң бірден оқу – сүннет. Егер ұмытып немесе басқа себеппен оқи алмаса, кешіктіріп оқыса да болады. Ханафи мәзһабында тауаптың екі рәкағаты мәкруһ уақытта оқылмайды. Мәкруһ уақыт аяқталған соң оқылады.

Парыз тауабы құрбан айт күнінің таңы атқаннан басталып, өмірінің соңына дейін жалғасады. Алайда айт күндері орындау уәжіп болмақ. Парыз тауабын зұлхижжаның 12-күні күн батқан соң жасағанға Әбу Ханифаның пікірі бойынша құрбандық шалу керек.

Тауап ету намаз секілді құлшылыққа жатады. Сондықтан дәретті болуы керек. Құлшылықты дәретсіз орындауға болмайды. Дәретсіз, ғұсылсыз тауап жасауға болмайды. Әйел адам етеккір және нифас кезінде тауап жасай алмайды. Дәретсіз өтеген жағдайда дәрет алып, қайта орындау керек. Қайта орындамаса, кәффаратын өтейді.

 

Сафа мен Маруаның арасында жүруге қатысты мәселелер

Қажылық және ұмра кезінде Сафа төбесі мен Мәруа төбесінің арасында жүру «сағи» деп аталады. Жүруге шамасы жететін адам жаяу сағи жасауы – уәжіп. Ал ауру, қария, әлсіз адамдарға арбаға мініп жүруіне рұқсат. Шамасы жетіп тұрып, арбаға мініп айналса, сағиды қайта орындауы керек. Орындамаған жағдайда бір қой союы уәжіп болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей ханафи мазһабында сағидың үкімі – уәжіп. Кім оны орындамастан еліне қайтып кетсе, уәжіпті орындамағаны үшін қой шалуы міндет болады. Егер Меккеге қайту мүмкіндігі болса, қайтып келіп орындайды. Ол уақытта қой шалу мойнынан түседі. Өйткені Сафа мен Маруа арасындағы сағиды кешіктіріп жасаған адамға еш нәрсе міндетті болмайды.

 

Муздалифада тұруға қатысты мәселелер

Муздалифада тұрудың үкімі 4 мәзһаб бойынша – уәжіп. Жоғарыда айтып өткеніміздей күн батқан соң Арафат тауынан шығып, Муздалифа жазығына барады. Ханафи мәзһабында Муздалифада тұру уақыты таң атқаннан күн шыққанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында бір сәт тұрған адам Муздалифада тұру уәжібін орындаған болып есептеледі. Егер еш себепсіз Муздалифада тұрмаса, уәжіп амал орындалмағаны үшін құрбандық шалу керек.

 

Шайтанға тас атуға қатысты мәселелер

Шайтанға тас ату да – қажылықтың уәжіп амалынан. Ондағы мақсат – ноқат бұршағынан сәл ғана үлкендеу тастарды Мина жазығында орналасқан жамараттарға ату. Олар «жамаратул кубро» (үлкен жамарат), «жамаратул усто» (орта жамарат), «жамаратул суғро» (кіші жамарат) болып үш діңгектен тұрады. Тас лақтыруға шамасы жететін адамға өзі лақтыруы – уәжіп. Ал егер шамасы жетпесе, басқа біреуді өзінің атынан уәкіл етіп, тас лақтыруға жіберуіне болады. Алайда шамасы жетіп тұрып, басқа біреуді жіберсе, тас лақтыруды өзі қайта орындауы керек. Қайта орындамаса, кәффаратын өтейді.

 

Қоштасу тауабына қатысты мәселелер

Қоштасу тауабы – алыстан келген қажылар үшін Меккеде орындайтын ең соңғы амал. Бұл Меккемен, Қағбамен қоштасу болғандықтан, «қоштасу тауабы» деп аталады. Мұны садр тауабы деп атайды. Бұл тауаптың үкімі – уәжіп. Қоштасу тауабын орындамай Меккеден шығып кетсе, қайтып келіп, орындауы керек. Егер қайтып келіп орындамаса, бір қой союы уәжіп болады.

Алла Тағаладан баршамыздың қажылық құлшылығын өтеуімізді әрі құлшылықтарымыздың қабыл болуын сұраймыз. Жасаған қажылық ғибадатымыз қабыл болып, қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннатқа кіруімізді Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін! Әмин.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы