ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
07/11/2019 755

ҚАЖЫЛЫҚ туралы ҚҰДСИ ХАДИС

عن أبي هريرة رضي الله عنه عن رسول الله ﷺ:
“إن الله تعالى يقول: إن عبدا أصححت له جسمه، و وسعت عليه في معيشته، تمضي عليه خمسة أعوام لا يفد إلي لمحروم”.
(رواه أبو يعلى في مسنده، و بن حبان بسند صحيح)

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.у.) былай деген: Алла Тағала «Қандайда бір құлымның деніне саулық берсем, ризығын мол етсем, бірақ ол бес жылда бір рет Маған келмесе, онда ол сөзсіз мақрұм қалады» деп айтты.

(Хадисті Әбу Яғла «Сунанында» және Ибн Хиббан сенімді тізбекпен келтірген)

Қажылық – қадым заманнан келе жатқан көне ғибадат. Қажылық дегеніміз – Жер бетіндегі ең бірінші тұрғызылған Үйге барып, Алла тағалаға құлшылық ету.

Қажылық – жыл сайын Сауд Арабиясының Мекке шаһарында Зул-хижжа 7-13 күндері арасында өтетін діни әдет-ғұрып. Қажылық – Исламның бес қазығының бірі, өмірінде бір рет болса да оны орындауға шамасы жететін мұсылманның парызы.

«Қандайда бір құлымның деніне саулық берсем…», яғни, әрқандай ауру-сырқаттардан аман қылып, қажылық сияқты ғибадаттарды атқаруға жететін денсаулық берсем дегені. Бірақ пенде Алла тағаланың берген денсаулығын және басқа да нығметтерін Оған ғибадат қылуға емес, күнә жасауға пайдаланса, онысы шүкіршілік емес күпіршілік болады. Құран Кәрімде: «Алланың нығметін күпірлікке айырбастап, өз қауымдарын жермен-жексен болатын мекенге орнықтырғандарды көрдің бе? [1]», – деген. Кейбір ғалымдар аяттағы «күпірлікке айырбастап» дегенді «Алланың нығметтерін күнә жасауға пайдаланып [2]» деп тәпсірлеген. Егер пенде өзіне берілген денсаулық, бос уақыт, байлық т.б. нығметтерді ғибадат қылуға пайдаланса, онда Алла тағалаға шүкірін (рахмет, алғысын) ісімен көрсеткен болады. Сол үшін де пайғамбарымыздан (с.а.у.) «Не үшін аяқтарың іскенше намаз оқисың?» деп сұрағанда «Шүкіршіл құл болмаймын ба? [3]» деп жауап берген.
«Ризық-несібесін мол етсем…», яғни, күнделікті тұрмыс-тіршілігінен артылатындай, ұмра, қажылық рәсімдерін атқаруына жететіндей мөлшерде ризық-несібе берсем дегені. Бұл, бір жағынан, қажылық рәсімін атқарушыға қойылатын талаптарға жатады. Себебі ол Меккеге барып-қайтқанша қатын, бала-шағасының жеткілікті нәпақаларының болуы шарт. Сахабалар «Алланың үйін зиярат етуге шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы [4]» деген аяттағы «шамасы жету» туралы сұрағанда, пайғамбарымыз (с.а.у.) «Көлік пен керек-жарақ [5]» деп түсіндірген. Яғни, өзінің барып-қайтуына жарайтын көлігі мен керек жарағы және қатын, бала-шағасының нәпақасы.

«Бірақ ол бес жылда бір рет Маған келмесе…», яғни, дәл осындай дені сау, ризық-несібесі мол күйде бес жыл сүріп, бірақ, қасиетті Меккеге қажылық не ұмра [6] рәсімін атқаруға келмесе дегені. Хадисте «Маған келмесе» деп айтылуының себебі, қажы – Алланың қонағы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Қажылық пен ұмра жасаушылар – Алланың қонақтары. Егер олар дұға қылса, дұғалары қабыл болады. Егер кешірім тілесе, күнәлары кешіріледі [7]» деп айтқан. Тағы бір хадисте «Алланың қонақтары үшеу – (Алла жолында шайқасқан жауынгер, қажылық жасаушы және ұмра жасаушы [8]» деп айтылған.

«Онда ол сөзсіз мақрұм қалады», яғни, қажылық не ұмра ғибадаттары үшін берілетін көп жақсылықтардан құр қалады дегені. Имам әл-Мунауи оның себебін «Раббсына деген махаббатының жоқтығынан» деп түсіндірген. Яғни, имам әл-Мунауи барлық мүмкіндігі бола тұра қасиетті мекенге бармаған адамның іс-әрекетін жүрегінде Алла тағалаға деген махаббатының жоқтығының немесе аздығының белгісіне балаған.
Бұндай адамның құр қалатын жақсылықтарының ең үлкені – күнәларынан тазару мүмкіндігі. Өйткені, пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кім Алла (ризалығы) үшін қажылық жасап, (рәсімді атқару барысында) жаман сөздер мен істерден аулақ болса, анасынан жаңа туғандай (күнәдан пәк) күйде оралады [9]» деп айтқан.

Шариғат бойынша, 1) балиғат жасына толған, 2) ақыл-есі дұрыс, 3) дәулетті мұсылманға өмірінде бір рет қажылық рәсімін атқару – парыз. Бес жылда бір рет қажылық не ұмра рәсімдерін атқару – мустахаб (ұнамды іс).

1. Құран 14:28;
2. Ж. Әл-Қасими. Әл-Уағз әл-матлуб мин қути әл-Қулуб, 136-б;
3. Әл-Бухари, Муслим;
4. Құран 3:97;
5. Әл-Хаким, әл-Байхақи.;
6. Ұмра – кіші қажылық. Қажылықтың бұл түрі ешкімге парыз емес. Ол пайғамбардың (с.а.у.) сүннеті. Оны әркім ерік-қалауы бойынша, сауап үшін, Алла тағаланың ризалығы үшін істейді;
7. Ибн Мәжә;
8. Ән-Насаи;
9. Әл-Бухари, Муслим.

 

Дастан ҚҰРМАНБАЕВ