ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
05/01/2020 162

Білім

  Құранның ең бірінші түскен аяты “Оқы!” екенін барлығымыз білеміз. Сондай-ақ, “білім” сөзі Құранның 779 жерінде кездесетінін де көбіміз білетін шығармыз. Бұл, байқасаңыздар, Құрандағы “үкім аяттарынан” да көп. (Үкім аяттары 500-ден асады)

📌 Сол сияқты, сүннетте (пайғамбар хадистерінде) де “білім” сөзі өте көп кездеседі. Тіпті, оны санап шығу мүмкін емес. Бір ғана “Сахих әл-Бұхаридің” өзінде 300-ден асады. Бұл сүннет жинақтарының біреуі ғана. Бұған Муслим, Термези, Насаи, Әбу Дәуіт, Ибн Мәжә, Дарими, Байхақи, Ахмад, Мәлик, Табарани, Ибн Хиббан, Хаким т.б. хадис имамдарының жинақтарын қосыңыз.
Білім тақырыбы Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) Құранның түсуімен бірге пайда болған жоқ.

📍Адамзаттың жаратылуында да білім тақырыбы маңызды болды. Неге десеңіз, Алла Тағала сонау Адам атаны жаратып, оның дәрежесін періштелерден биік етті. Не үшін? Білімі үшін. (Бақара, 30-34)

📍Адамзат былай тұрсын, Әлемдердің жаратылуында да білімнің маңыздылығын байқататын мәмбелер бар. Неге десеңіз, Алла Тағала ең әуелі Қаламды жаратты! (Термизи)

📍Тіпті, бұл дүниенің мәні де білімде жатыр. Неге десеңіз, Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Мына төртеуін айтпағанда, бұл дүниені қарғыс атқан: 1) Алланы еске алу, 2) сонымен байланысты нәрселер немесе 3) ғалым, не 4) шәкірт болу!”, – деген. (Термизи)

📍Сондай-ақ, білім жоғалғанда бұл дүние де бітуге қарайды. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Білімнің жоғалып, надандықтың жайылуы – ақырзаманның белгісі”, – деген. (Бұхари)

📍Ал білімнің жоғалуы – ғалымдардың өлуі. (Бұхари) Омар ибн әл-Хаттаб: “Халал мен харамды жақсы білетін бір ғалымның өлімінен (қайғысынан) түнімен намаз оқып, күнімен ораза ұстайтын мың ғалым еместің өлімі (қайғысы) жеңіл”, – деген. Құранды хатқа түсірген сахабалардың бірі Зайд ибн Сәбит қайтыс болғанда Ибн Аббас былай деп айтқан: “Білімнің қалай жоғалатынын көргілерің келсе қараңдар. Білім осылай жоғалады”. (Ибн Хажар. Тахзиб ат-Тахзиб)

@dastan_kurmanbayev