ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/28/2021 186

Бірлігі бекем елдің есігін, жау қаға да алмайды


Тарих. Бұл – өткен күннің куәгері. Болашағымыздың баспалдағы. Келер ұрпаққа аманат болып қалған өнеге. Осы шұбар жыландай бұралаңдаған тарихтың сарғайған бетін парақтайтын болсақ небір зұлмат жылдардың лебі көз алдымызға тізбектеле кететіні анық. Бірақ қатал тағдырдың тепкісіне шыдай білген бабаларымыз, қанша қиншылықтың дәмін татса да тектілігін жоғалтпай, діні мен ділін, салт-дәстүрін сақтай білді. Осындай қайсар мінездің арқасында еліміз егемендігін алып, жаңа өмірге қадам басты.
Міне биыл Тәуелсіздік алғанымызға да 30 жыл толып отыр. Осы тәуелсіздіктің арқасында дін мен діліміз, тіл мен салт-дәстүріміз қайта оралды. Мешіттерден азанның үні естіліп, Алланың кәләмін жасырмай айтатын күнде туды. Дегенмен дініміз қайта оралды деп көк бөрікті көкке лақтырғанда жат ағымның балаққа жабысқанын білмей де қалғанымыз жасырын емес. Ислам нұрына шөлдеген жандар білімдерін арттыру үшін шекара асып, білімін арттырды. Бірақ білімімен қоса бүлігін де сүйрете келді.
Иә, бұл жат ағым қаншама ата-ананы зар қақсатты. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өзі жемегенің баласына ұсынған ата-аналар өздерінің балаларынан опық жеді. Жәннаттың кілті ананың табанының астында екендігін естен шығарды. Мұнымен қоймай қаракөз қыздарды арбап, шет ел асып, жаңылғандарын түсінді. Бұл жайттардың барлығы білімсіздіктің бір көрінісі еді. Отбасында үйренбеген намазды, жат ағымның жағымпаздарынан үйренген жастардың әрекеті еді. Жәә, бұл да өткен күннің еншісіне қалған оқиға деп есептейік. Себебі, бүгінгі күні жастардық көзі ашық, көкірегі ояу. Ашық әлеуметтік желілерден тараған ҚМДБ ұстаздарының тағлымды, тәрбиелі әңгімелері барлық әлеуметтк желілерде жаңғырып тұр.
Елбасы Н.Назарбаев «Біз тегіміз түрік, дініміз ислам екенін ұмытпауымыз керек, ол үшін қасиетті кітап Құран кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек» деген болатын. Иә, Ислам нұрына бөленген бала ата-анасына қамқор болғаны былай тұрсын, қабағын да қатайтпайды. Яғни, қарттар үйі болмайды. Жетімнің басын сипауды сүннет деп санаған мұсылман жетімдер үйін салғызбас еді. Өзгенің мүлкіне қол сұққанды күнә санағандықтан ұрлық-қарлық тыйылып, жемқорлық жойылады. Күлімдеп қарағанын садақа санаған олар, үнемі жылы жүзбен қауышады. Өзгенің көңілін қалдырмайды. Туған-туыспен қарым қатынасын үзбейді. Садақа, зекетін бергеннен кедейгершілік атауы қалмайды. Некесіз қызды абыройынан айырмайды. Жаңалықтардан еститін көкек аналар болмас еді. Талай шаңырақты шайқап жатқан ішімдікке жастар әуес болмайды. Өзіне ғана емес өзгеге де зиянын тигізетін темекі, насыбайдан бас тартады.
Қазір халықтың санасында имамдар қылт етсе тозақ, ондағы азапты айтып қорқытқаннан басқа қолдарынан ешнәрсе келмейді деген пікір қалыптасқан. Ал мен бүгінгі мақалада Құраннан да, Алланың расулы болған Пайғамбарымыздың хадистерінен қоспай, қазақтың қарапайым тілімен жеткізуге тырыстым. Қалғанын өздеріңіз ой елегінен өткізіп, саналарыңызбен саралай жатарсыздар. Жоғарыда айтылғандар орындалып жатса, болашағымыз қандай болады? Бірін-бірі бауыр санаған халықтың бірлігі жарасып тұрса, жау есікті қақпас та еді ғой. Ой бізден, пікір сізден!

Ораз қажы МЫСЫРХАНОВ,
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылы, «Ы.Жақаев» мешітінің имамы.