ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
05/20/2021 63

БІРНЕШЕ АДАМ ОҚЫҒАН ҚҰРАН ХАТЫМ САНАЛА МА?

Расында, Құран оқу – бұл үлкен ғибадат, зікірдің ең жақсысы. Өйткені Құран оқумен бірге адамның иманы күшейеді. Оның сауабы соншалық көп, оны Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді.

Абдулла ибн Масғұдтан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, оған бір сауап (беріледі). Бір сауап он сауапқа тұрады. Әлиф, ләм, мимді бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм –бір әріп, мим – бір әріп», – деген (Тирмизи).

Фаруа ибн Нәуфәләл-Ашжағи (Алла оған разы болсын): «Мен Хаббаб ибн Араттың көршісі едім. Бірде мешіттен шыққанымызда ол менің қолымды ұстап: «Уа, Алланың құлы! Барынша Аллаға жақын бол! Әлбетте, сен Оған ешуақытта сөзінен (Құраннан) артық нәрсемен жақын бола алмайсың», – деді (Хаким).

Құран оқу тасбих, тахмид, тәһлил, такбир оқудан да жақсы. Құран оқудың артықшылығы Рамазан айында тағы бір дәлелденеді. Себебі ол Рамазан айында түсірілген. Дегенмен бірнеше адам бір немесе екі парадан бөліп алып, Құранды толық оқып шықса, оның сауабы бәріне бірдей жазыла ма? Яғни олардың бәрі Құранды толық оқып шыққан болып санала ма, әлде әркім өзінің оқыған көлемінде сауапқа ие бола ма?

Әдетте Құранды әркім жеке-жеке оқиды немесе біреуі оқып басқалары оны тыңдайды. Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың үйлерінің бірінде жиналып, Алланың кітабын оқыған және оны бір-біріне үйреткен қауымға тыныштық беріледі, рақым етіледі, оларды періштелер орап алады (қорғайды), Алла оларды Өзінің құзырындағы адамдардың ішінде еске алады», – деген (Мүслим).

Құран оқу үшін жиналу, бірігу – жақсы (сауапты) іс. Құран оқушыға да, оны тыңдаушыға да сауап жазылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқитын әрі тыңдайтын. Алла Тағала: «Құранды мәнерлеп (анық) оқы» («Муззәммил» сүресі, 4-аят), «Оларға (оның) аяттары оқылғанда имандары бекиді һәм Раббыларына барынша тәуекел етеді» («Әнфәл» сүресі, 2-аят), – деді.

Демек, бірнеше адам бірігіп Құранды толық оқып шығу – сауапты іс, жақсы әдет. Ол хатым болып саналады. Бірақ әркім өзінің оқығанының сауабын алады. Себебі 30 адам бір күннен ораза ұстаса, олардың бәріне 30 күн оразаның сауабы жазылмайды. Сондай-ақ 20 адам екі ракағаттан намаз оқыса, бәрі 20 ракағат намаз оқыған болып саналмайды. Сондықтан Құранды хатым етіп, оның сауабын алуды ниет еткен адам оны өзі толық оқып шығуы керек. Сонымен қатар бір адам немесе бірнеше адам Құранды толық оқып, оның сауабын марқұмға бағыштай алады.

 Хасан АМАНҚҰЛ 

«Мұнара» газеті, №8, 2021 жыл