ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
01/17/2021 268

Дұға құлшылықтың негізі

«Дұға» – негізі араб тілінен енген сөз. Ол тілдік жағынан – сұрау, шақыру, қалау, жәрдем өтіну деген мағыналарды береді. Ал терминдік жағынан Алла тағаланың құдіретінің, ұлылығының алдында құлдың өз әлсіздігін сезініп, Оған шынайы ниетпен бет бұрып мұң-мұқтажын өтеуге жәрдем, көмек сұрауы дегенді білдіреді.

Осы тұрғыдан алсақ, дұға – құл мен Ұлы құдірет иесі Алла тағаланың арасындағы ең берік байланыс құралы. Мүмкіндіктері шектеулі пенденің асыл-мұраттарын құдіреті шексіз Жаратқанға білдіріп, жәрдем тілеуі.
Алла тағала адамзатты ерекше махаббатпен жаратып, сансыз нығметке бөледі. Адамның жаратылуының басты мақсаты – Ұлы жаратушыны танып-біліп, оған мінәжат қылып бас ию. Сондай-ақ дұға – ғибадат болып табылады. Ол – пенденің дәрежесін көтеретін құлшылық. Пенде неғұрлым кішірейіп дұға қылса, Ұлы Жаратушымыз да оның мәртебесін соғұрлым жоғарылатып, асқар биіктерге шығарады.

Жаратылысқа зер салып қарайтын болсақ, жанды-жансыздың бәрі де өз тілдерімен бір Алланы еске алып, оған зікір, мінәжат қылып тұрғанын аңғарамыз.

Бұл жайлы Құранда Алла тағала:«Жеті қабат аспан мен жер, сондай-ақ жаратылыс атаулы Алланы пәктейді. Оны мадақтап пәктемейтін еш нәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тәсбихтарын (пәктеулерін) түсіне алмайсындар. Шынында, Алла өте жұмсақ, аса жарылқаушы», – дейді.

Құран Кәрімнің дұғаға ерекше тоқталуы әрі Пайғамбарымызға дұғаның қалай жасалу керектігін тәлім етуі бұл істің қаншалықты маңызды екенін ұқтырса керек. Сонымен қатар Адамзаттың асылынан келіп жеткен жүздеген, тіпті мыңдаған хадистер де дұғаның артықшылығына баса назар аудартуда. Ғаламға рақым ретінде жіберілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетіне дұғаны қай кезде, қалай жасау керектігін өмірімен өрнектеп, үйретіп кеткен. Оның өміріне үңіле қарасақ, ешбір сәтін дұғасыз өткізбегеніне куә боламыз. Пайғамбарымыздан риуаят етілген дұғалардың өзі том-том кітаптарға жүк боларлық көлемде. Ендеше, Құран Кәрімдегі аяттар мен Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріне тоқтала отырып, мәселені саралап көрейік.
Құранда Алла тағала: «Жындар мен адамзатты тек Өзіме ғана ғибадат жасасын деп жараттым» деп өмірге келуіміздің мақсатын көрсетсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дұға – құлшылықтың негізі», – деп құлшылық негізінің дұға екенін ұқтырған. Құлшылықсыз, дұғасыз өткен өмірде мән-мағына да болмайды. Өйткені, Құран Кәрімнің мына аяты да құлшылықтың, дұғаның маңыздылығын айшықтайды: «Айт (Мұхаммед с.ғ.с.): егер дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?» – деп.

Иә, құлшылығымыз бен дұғамыз болмаса, біздің құнымыздың, қадір-қасиетіміздің жоқтығын ескертуде. Сондай-ақ Алла тағаланың құлына өте жақындығы Құранда былай баяндалады: «(Мұхаммед с.ғ.с) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін. Және маған сенсін. Бәлкім тура жол табар».Яғни, Алла тағалаға шынайы сеніммен мінәжат жасап, ықыласпен дұға қылса, оны естіп, міндетті түрде дұғасына жауап қайтарады.

Дұғаның шарттары:

  1. Дұғаның қабыл болуы үшін мына дүниенің өзіндік заңдары мен себептерін ешбір ақаусыз атқаруымыз қажет; Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек қана дұға етіп қана отырмай, ол үшін қажетті шарттардың бәрін орындаған. Мәселен, Бәдір шайқасында Алланың елшісі бүкіл дайындықтарын жасағаннан кейін барып, қол жайып Жаратқаннан медет тілеген болатын.
  2. Дұғаны шынайы ықыласпен жасау; Құрандағы:«Аллаға шынайы ықыласпен дұға қылыңдар» деген аят осыған шақырады. Ал Алла елшісі (с.ғ.с):«Біліп қойыңдар! Алла тағала құлықсыз жүрекпен жасалған дұғаны қабыл етпейді», – дейді.
  3. Харам аспен қоректенбеу;Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде бір адамның алыс сапарға шығып, алба-жұлбасы шыққан кейіпте екі қолын көкке көтеріп, Алладан дұға қылғаны жайлы жеткізе келе:«Алайда, оның ішкен-жегені, киген киімі харам болса, дұғасы қалай қабыл болсын?» деген. Адамдардың көбісі дұға жасай салып, дұғам қабыл болмайды деп шағым айтып жатады, алайда ішкен-жегені мен нәпақасын қалай тапқанына аса көңіл аудармайды.
  4. Құбылаға қарап, дұға жасау; Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дұға тілерде құбылаға қарап, дұға жасағаны жайлы Жәбир ибн Абдуллаһ былай жеткізеді:«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Арафатқа келгенде, құбылаға қарап күн батқанға дейін дұға қылған».
  5. Дұға жасағаннан кейін бетті сипау;«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дұға қылған кезде қолдарын көтеріп бетін сипамастан түсірмейтін еді».
  6. Қасиетті мекендер мен уақыттарда жасау; Дұға жасауға кез-келген уақыт пен кез-келген орын лайық. Бірақ ерекше аталған қасиетті жерлер мен қадірлі уақыттарда жасалған дұғаның айрықша қабыл болатыны туралы да хабарлар бар. Сол хадистің бірінде: «Құл сәжде кезінде Раббысына ең жақын болады. Сондықтан сәждеде мол дұға қылыңыздар» деген.
  7. Дұға тілегенде тек бір Алладан ғана сұрау; Құран Кәрімде:«Алла тағаладан басқа пайда да, зиян да келтіре алмайтыннан (пұттардан) дұға тілемеңдер», – дейді.
  8. Алла тағаланың көркем есімд ерімен дұға тілеу; «Раззақ» есімі арқылы ризықтың сұралуы, «Рахим» есімі арқылы мейрімділіктің қалануы, Шаафи есімі арқылы неше түрлі ауруларға шипа тіленуі дұғаның бір хикметіне жатады. Сол секілді Алланың басқа да есімдері арқылы жәрдем сұрау жайлы Алла тағала былай дейді.«Алла тағаланың көркем есімдері бар. Осылармен дұға қылыңдар».
  9. Дұғаны үш реттен қайталау керектігі жайлы Ибн Масғуд: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға еткенде, бір нәрсені сұрағанда, үш реттен қайталайтын».

Қорытындылар болсақ, дұғаның ең жарқын нәтижесі мынау: дұға жасаған кісі өзінің дұғасын естуші, мейірімін төгіп, мұң-мұқтаждықтарына жауап беруші Ұлы Құдіреттің бар екенін біледі. Өзінің осынау әлемде жалғыз, қорғансыз емес екенін түсінеді. Ол барлық нәрсеге құдіреті жететін, кез-келген нәрсені әп-сәтте жарататын Жаратқанға мұңын шағу арқылы мойнындағы ауыр жүктен арылып, көңілі сергіп, жеңілдеп қалады.

Иә, «Шын мәнінде дұға – ол ғибадат». Алла тағала шын ықыласпен тілеген дұға-ғибадаттарымызды қабыл етсін! Әумин.

Берік СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазалы аудандық «Жанқожа батыр»

 мешітінің бас имамы