ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
11/14/2023 1746

ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

Ислам діні адамзат баласына тек құлшылықты ғана бұйырып қоймайды. Сонымен қатар күнделікті өмір сүру шарттарын, соның ішінде ішіп-жеу қағидаларын да үйретеді. «Ас – адамның арқауы» демекші, тіршілік ету үшін адам ішіп-жеуге тәуелді, онсыз өмір сүру мүмкін емес. Алайда Алла Тағала мұсылман адам үшін алдына келгенді, қолына түскенді жей бермей, әуелі астың таза әрі адал болуына мән беру керек екенін бұйырады.

Жер бетіндегі барлық нәрсе адамның игілігі үшін жаратылған. Аспан мен жердің арасындағы ұшқан құс, жүгірген аң, сан түрлі жеміс-жидек, көкөніс – барлығы да қазынасы кең ұлы Жаратушы тарапынан пенделеріне нығмет ретінде берілді. Ағыл-тегіл, көл-көсір нығметті құлдарына берген Раббымыз солардың адалын пайдаланып, арамынан аулақ болуға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі,168-аят) деп ескертеді. Тағы бір аятта Жаратушы Иеміз: «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризығынан жеңдер!» – дейді («Мәида» сүресі, 88-аят).

Асыл дініміз астың адал болуымен қатар мөлшеріне де аса мән беруді, ағзамызға қажет қоректі қамтаматсыз ететіндей мөлшерде ғана тамақтануды, қарын ашпай тамақ жемеуді бұйырады. Тағамды аз жеу – мұсылманға жарасатын амалдың бірі. «Тоқ адамды ұйқы басады, аш адамнан ұйқы қашады» демекші тоқтық адамның нәпсісін жалқаулыққа, күнәға, әдепсіздікке, тәкаппарлыққа, дүниемен жарысуға итермелеуі мүмкін. Шайтан ондай жанға өте жақын болады. Егер шайтан ондай адамға үстемдік етсе, адам күнәлі істі шімірікпестен жасайтын болады. Сондықтан бабаларымыз «Аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деп бекер айтпаған. Мұсылман адам әдепке сай ішіп, асын тойып жемегені дұрыс. Себебі артық ішіп-жеу семіздікке ұрындырады. Аллаға және ақыретке иман келтірген әрбір пенде үшін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем үлгімен безендірілген тамақ ішу рационын (ас мөлшері) он төрт ғасыр бұрын тайға таңба басқандай көрсетіп берген болатын.

Миқдам бин Мағдикариб (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты асқа толтырған емес. Солай бола тұра, белді көтеру үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын», – деген. Бұл хадисте шынайы мұсылман пенде үшін сөзсіз жеңіс бар. Өйткені Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамды жаратқан және оның тұла бойының құпиясын білетін Алланың көкейіне құйғанын ғана сөйлейді. Осы хадисті оқыған дәрігер Ибн Масауи: «Егер адамдар осы сөздерге құлақ асқан болса, оларға ауру-сырқау төнбейтін еді. Сонда ауруханалар мен дәріханалар бос тұрар еді», – деген екен.

«Ауру – астан», «Дәрінің ең жақсысы – аз тамақ» деген даналық сөздер текке айтылмаған. Тіпті бүгінгі ғалымдар мен дәрігерлер «Қарын – «дерттің үйі» деген тұжырымды жиі айтатын болды. Себебі қомағайлық – зұлымдық. Ол тек қана артық салмақ апатына ұшыратпайды, жалқаулық, ұйқышылдық есіктерін ашады. АҚШ-тың тамақтану саласының маманы Марси Парацель тамақты көп жеудің миға кері әсер ететінін айтқан: «Көп жеу мидың саулығына қауіп төндіреді. Ми қан тамырлары қабырғаларының ауырлауына, яғни атеросклероздың пайда болуына және ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Бұған қоса қантты, тәттілерді көп жеу протеин мен тамақтың бойға сіңуін тоқтатып, дұрыс тамақтану мен ми қызметінің бұзылуына себеп болады».

Артық тамақ семіздікке, тіпті ауруға ұшырататыны белгілі. Жер бетінде аштықтан қайтыс болғандарға қарағанда семіздіктен қайтыс болған адамдардың саны көп. Әлем жұртшылығы соңғы уақытта семіздікпен күресуде. Семіздік дертіне шалдыққан елдер қатарында Қазақстан да бар. Бұл жерде болмыс-бітімі ірі жандар мен үзірлі жағдайдан туындаған семіздік емес, артық ішіп- жеуден туындаған семіздік өзекті болуда.

Бұрын семіздік Еуропа мен Америка елдеріне ғана тән мәселе секілді көрінетін. Алайда қазір артық салмақ біздің елімізге, соның ішінде балаларға қауіп төндіріп тұр. Әлемде 1-5 жас аралығындағы 41 миллион бала семіздікке шалдықса, Қазақстанда әр бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметі бойынша, қазақстандықтардың 25 пайызға жуығы семіздікпен ауырады. Мамандар артық салмақ жинаған азаматтар саны соңғы жылдары жылдам өсіп келе жатқанын айтып дабыл қағуда. Ресми деректер бойынша, семіздікке шалдыққандар саны 15 жылда 10 пайыздан 15 пайызға көбейсе, семіздіктен сырқаттанған қазақстандықтардың үлесі 15 пайыздан 20 пайызға жеткен. Қазақстан бірнеше жылдан бері Орталық Азияда семіздік бойынша көш бастап тұр. Елдегі әрбір төртінші ер адамда артық салмақ бар және олардың семіздігі әлемдегі орта шамадан екі есе жиі кездеседі екен.

Бабаларымыз «Ауру – астан», «Ас ішіп ауырғанша, аш болып сау жүр» деп ауру аутаулының көбі дұрыс тамақтану салдарынан болатынын ескерткен. Асыл дініміз де артық тамақ ішкенді дұрыс көрмейді. Дініміз артық тамақ ішудің ақыретте өкінішке жетелейтін амал екенін ескертеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дүниеде тойып тамақ жеген адам Қиямет күні аш қалады», – деген болатын. Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Мәдинаға келгеннен кейін Пайғамбар мен оның отбасының үш күн қатарынан бидай нанына тойғанын көрген емеспін», – деген. Және бұл оның өмірінің соңына дейін жалғасқан. Шынында Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқашан тойып тамақ жемеген болатын.

Бірде Абдулла ибн Омардың (оған Алла разы болсын) еркіне жіберілген құлы Убайдуллаһ Адий Ирак жеріне барады. Елге оралған соң Ибн Омарды (оған Алла разы болсын) зиярат ете барады. Қал-жағдайын білгеннен кейін Ирактан оған сыйлық әкелгенін жеткізеді. «Ол қандай сыйлық?» деп сұрағанда: «Мұның аты – жавариш, ол ас қорытуды жақсартады», – деп жауап береді. Сонда Ибн Омар: «Мен 40 жылдан бері тоя тамақ жемедім, мұны қайтемін?!» – деген екен.

Лұқман хакім де баласына өсиет айтқанда: «Уа, ұлым! Қарын толғанда – ойлау ұйықтайды, даналық үндемейді, Аллаға құлшылық етуде тән әлсірейді. Өзіңді аштықпен тәрбиеле, ізгі амалдар жасауда және Құдайға бойсұнушы болуда шайтанның кедергі келтіруіне мүмкіндік берме. Ешқашан тәкәппар және зұлым болма», – деген екен. Құран асыра тамақ жейтін адамдарды ысырапшылдар қатарына жатқызады. Алла Тағала Құранда: «Ей, адам баласы! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киіңдер). Және жеңдер, ішіңдер де, ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді», – делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).

Ислам ғалымдары тамақ, ұйқы және сөзде үнемшіл әрі ұстамды болуды жиі насихат етеді. Ибраһим Наһағи (оған Алла разы болсын) бір сөзінде: «Бізден бұрынғылар үш нәрседен сәтсіздікке ұшырады: көп сөйлеу, көп тамақ ішу, көп ұйықтау», – деген. Ал Абдулла ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) мынадай төрт дос пен төрт дұшпанды таныстырған болатын: «Төрт нәрсе жүректі қарайтады: тамақты мөлшерден көп жеу, залымдармен бірге жүру, күнәларынан қорықпау, амал етпей үміт ету. Төрт нәрсе жүректі нұрландырады: тамақты аз жеу (сүннет бойынша), ізгілермен бірге жүру, күнәларынан қорқу, алдымен амал істеп сосын үміт ету». Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетіне шайтанды шөл және аштық арқылы жолын жабуды өсиет етті. Осыған байланысты Рамазан айында, аптаның бейсенбі және дүйсенбі күндерінде ораза ұстауды бұйырған. Түсінген адамға бұл құлшылықтың бәрінде адамның рухани, физикалық жағдайына оң әсер ететін даналық бар.

 

Керімбек ДӘУІТОВ,

Жетісу облысының бас имамы

«Иман» журналы, №10, 2023 жыл