Әзіреті Дәуіт әрі пайғамбар әрі ел билеген әмірші еді. Мәшһұр ғұлама Имам Құртуби әзіреті Дәуіт пайғамбардың теміршілік кәсіпті игеруіне мына оқиғаның түрткі болғанын айтады:
«Әзіреті Дәуіт пайғамбардың қарапайым киім киіп, көшеге шығып, жұртшылықтан: «Дәуітті қандай адам деп ойлайсыз?» деп сұрайтын ғадеті бар еді. Бірде Жәбірейіл періште жас адамның кейпіне еніп, онымен бетпе-бет ұшырасады.
Әзіреті Дәуіт: – Әй, жігітім! Дәуіт туралы қандай пікір айтасың?
Жәбірейіл періште: – Дәуіт ізгі адам. Дегенмен, оның бір кемшілігі бар.
Әзіреті Дәуіт жалма-жан: – Ол қандай кемшілік еді? деп уәждің сырын білгісі кеп сауал тастайды.
Жігіт кейпіне енген Жәбірейіл періште: – Дәуіт күн-көрісін мемлекет қазынасынан айырады. Әсілі, пенделердің еңі ізгісі өз бейнетімен табыс тапқан кісі , – дейді.
Орынды сын естіп, ағыл-тегіл жылаған әзіреті Дәуіт көз жасына ерік береді. Сосын: «Уа Жаратушы Ием! Мені мемлекеттің қазынасына масыл етпейтін, өз ішіп-жемімді өзім табатын кәсіп үйрет көр!» деп жалбарынады. Жаббар Хақ елшісінің сұрағанын қабыл қылып, әзіреті Дәуітке сауыт жасауды үйретеді. Сөйтіп, әзіреті Дәуіт темірді иіп, одан сауыт жасайтын темірші ұстаға айналады.