ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
12/09/2019 303

ДІНГЕ ҚҰРМЕТ – МЕШІТТЕН БАСТАЛАДЫ

Мешіт – имандылық үйі. Мешіт сөзінің арабша нұсқасы – «Мәсжид», яғни Алла тағалаға иіліп құрмет көрсетіп, маңдайды сәждеге қоятын, құлшылықты жүзеге асыратын орын деген мағынаны береді. Содан да болар, мұсылман баласы үшін осы бір қасиетті орынды: «Аллаһтың жердегі үйі», деп те айтып жатады былайғы жұрт ел ішінде. Қалай айтсақ та, мешіт рухани ләззат алатын, мәдени толысуға мүмкіндік беретін орын екені белгілі. «Театр – ілгіштен басталады» демекші, дінге деген құрмет те, ең алдымен осы мешітен басталады. «Амал –  ниетке байланысты» деп ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде айтылғанындай, қандай ниетпен мешіттің табалдырығынан аттасақ, һәм, үлесіміз де сол ниетімізге сай болатыны аян.

Соңғы кездері дінге бет бұрған жастарымыздың қатары күн санап көбейіп, жалпы, мешітке келушілердің саны артып келеді. Әрине, кез келген мұсылман баласы үшін бұл көрініс қуанарлық жағдай. Өйткені иманы күшті елдің қашанда қамалы берік, іргесі мығым келетіні белгілі.

Дей тұрғанмен, мешітке ат басын бұрушылардың бәрі бірдей құлшылық-ғибадат амалдарын орындау үшін келеді дей алмаймыз. Мәселен, қайсыбір қандастарымыз көңілжықпастықпен жора-жолдастарының шашбауын көтере келсе, енді бірі «жақсыны көрмекке» деген ниетпен жай қызықтау үшін, болмаса, салт-дәстүрмен сабақтас кей жоралғыларды өткізу үшін ғана келеді. Ал,  жоғарыда айтқанымыздай, мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни, бұл құттыхана жансыз экспонаттарды тамашалайтын мұражай емес деген сөз. Бұл  жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау болса керек. Әйтсе де, мешітке аттап баспайтындарға қарағанда, дүниеден өтіп кеткен ата-бабаларына құран оқытып дұға бағыштату, неке қидыру, балаға ат қосу сияқты басқа да дәстүрлі рәсімдерді орындауға келетіндеріне де шүкір дейсің…

«Мешітке келме» деп ешкімге ешкім тиым сала алмайды. Керісінше, мұсылман бауырларымыздың мешітке келгеніне қуануымыз керек. Алайда, бұл жерде бір нәрсені білген, мықтап тұрып көңілге түйіп алған жөн. Кез келген орынның, ортаның өзіндік әдебі, мәдениеті болатыны сияқты, мешітке келудің де өзіндік қалыбы, яғни ережесі бар.  Сол себепті, мұсылман баласы үшін қасиетті саналатын орындарға келмес бұрын сол қағидаттарды біліп алған жөн:

Мешіт – «Байтулла», яғни Алланың жердегі үйі. Егер адам мешітке келуге ниет етсе, біріншіден, жан-тән және дене тазалығының, бой дәретінің болуы шарт.

– Қыз-келіншектеріміз бастарына орамал байлап, ұзын етек-жеңді көйлек киіп, ішкі көріктерін (әурет жерлерін) жауып киініп келгендері абзал. Үйден шыққанда ниет етіп, Алладан игі жақсылықтар тілеп шығуы керек.

– Мешітке кіргенде: «Иә, Алла, менің күнәларымды кеш және маған кеңшілік есіктеріңді аша гөр!» деген дұғалар оқылады.

– Мешітке келгенде тек қана аруақтарға құран бағыштаумен шектелмей, сонымен қатар аз да болса имамның уағызын тыңдап, кітаптар оқып, Аллаһ тааладан игіліктер тілеуіміз қажет.

– Мешіттің ішінде күнделікті дүние сөздерін сөйлемеген абзал. Бұл турасында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мешітте отырған адам Алланың қасында отырғанмен бірдей, сол сияқты ол мешіттің ішінде сөйлемей, тек қана Алла тағалаға зікір, мадақ айтып отырса, Алла тағала ол кісіге Нағим жұмақтарынан орын береді» деп баяндайды.

Біз кім болсақ, ол болайық: бай немесе кедей, қарапайым шаруа, болмаса дүниені уысында ұстаған патша болсақ та мешіттің табалдырығынан аттағаннан бастап, бәріміз Алланың үйінде қонақпыз. Алайда, соны көбіміз сезінбейміз. Олай дейтін себебіміз, Алланың үйіне келуге соншалықты мән бермейтін шақша басымыз бай-қуатты немесе лауазымды адамдардың үйіне қонаққа шақырыла қалған жағдайда шарадай болатынын қайтерсің. Барымызды киіп, бақанымызды сайлап барамыз. Барған үйіміздің  табалдырығынан аттамай жатып, аяқ киімімізді шешетін орын іздеп, әлек болып қаламыз. Еденге төселген кілемінің үсті тұрмақ, тіпті шетін басуға қысылып, қымсынамыз. Өзімізді мәдениетті ұстап, жақсы көрінуге тырысамыз. Ал, бүкіл исі мұсылман баласы үшін қасиетті саналатын мешітке келгенде, мұның бірін де жасамаймыз. Неге? Өйткені, біз бүкіл ғаламдардың иесі Алладан емес, керісінше оның ашса алақанында, жұмса жұдырығындағы адамнан қорқамыз. Ұялсақ, бойыңдағы бүлкілдеген күре тамырыңнан да жақын Алладан емес, анда-санда көрісіп, жүздесетін пендеден ұяламыз. Мұндағымыз, мәдениетіміздің төмендігін сыртымыздан айтып, елге жаймаса деген ниет қана. Иә, біреудің үйіне барғанда табалдырығының алдында жатқан аяқ сүрткішті басуға именетін біздер, мешітке келгенде намазхандар сәждеге бас қоятын кілемшелерді қорғанбай басатынымыз да сондықтан шығар. Хадисте сәжде еткен жерлер қияметте нұрланып тұратыны айтылған. Бұл арада, өткен күннің өнегесіне құрметпен қарай білген ата-бабамыз жайнамазға да ерекше мән беріп, айрықша қастерлегенін есті жанға айтып, түсіндіріп жатуымыз артық болар.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабасы Абдулла ибн Масғуд (р.а.) бірде кір шалған киіммен намаз оқыған адамды көзі шалып қалады да оған таянып: «Бауырым, сен осы намазыңнан кейін қайда бармақшысың?» – деп сұрайды. Сонда ана адам: «Тірлігіме қажетті бір бұйымтайымды сұрауға сұлтанға барушы едім», – деп ойындағысын айтады.
– Онда ол адамға қажетіңді сұрап баратын болсаң, осы киіміңмен барасың ба?
– Әлбетте, таза киімдерімді киемін, – деп оның сұрағына таңырқай қарапты.
– Ендеше, сол таза киіміңе Алла тағаланың хақысы жоғары емес пе еді?! – деген жауабымен әлгі адамды ұялтқан екен.

Кімде-кім, мейлі ол намаз оқуға немесе жай ғана келген адам болсын, алдымен тазалануы міндет.

Жоғарыда, мешітке келетін қыз-келіншектеріміз бастарына орамал байлап, етек-жеңі ұзын  көйлек киіп, ішкі көріктерін (әурет жерлерін) жауып киініп келгендері абзал дегенді айттық. Мешіт әдебін білетіндер тарапынан осындай сын-ескертпелер айтылып жатса, көңілдеріне ауыр алатындар, тіпті кейде сол адамның өзіне қатты-қатты сөздер айтып, тіл тигізіп кететіндер де ұшырасып жатады. «Білмеген у ішеді» деп біздің қазақ тегін айтпаса керек. Қасиетті Құранда: «Әй, адам баласы! Шайтан, ата-аналарыңның ұятты жерлерін көрсету үшін киімдерін шешіп, жәннаттан шығарған сияқты сендерге де сұмдық жасамасын. Өйткені, ол және оның сыбайластары сендер оларды көрмеген жерден көреді. Шайтандарды иман келтірмейтіндерге дос қылдық.» («Ағраф» сүресі, 27-аят).

Бұл абзал орын туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мешітті тақуалар ғана толтырады», – деген. Бұл сөзге құлақ қойған тақуаның өзі мешітті құрметтей білгені жөн дегіміз келеді. Әйтпесе, сырт көзге «мен мешіт қызметкерімін, мен намазхан тақуамын» дегендердің өздері кейде мешіттің ішінде қатты дауыстап, самбырлап сөйлеп, болмаса тағы да басқадай жөнсіз қылықтар жасап жататыны бар. Қасиетті Құранда: «Адамдарға паңсып, қырындама да жерде кердеңдеп, жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы.» («Лұқман» сүресі, 18-19- аяттар).

Құрметті мұсылман бауырлар, біздің айтайық дегеніміз осы еді. Мейлі, біз кім болсақ ол болайық – бір, аз күнгі дүниеде дәуреніміз жүріп тұрған билік иесі, болмаса қарапайым еңбек адамы, жас, кәрі, намазхан әлде мешіт имамы болайық, ең алдымен Аллаһу тааланың берген нығыметіне шүкір ете білейік, қияметте тозақылық ететін менмендік шайтани амалдардан бойымызды ауаша ұстап, тәубеге келейік. Мұсылман баласының жер бетіндегі қасиетті орыны – Мешітімізді құрметтей білейік.  Сол себепті, имандылық үйлеріне келмес бұрын алдын-ала дайындалайық. Тек ішкі жан дүниемізді ғана емес, сонымен қатар сырт келбетімізді де соған лайықтап ой елегінен өткізейік. Киім-киісімізден бастап, жүріс-тұрысымызға, сөйлеу мәнерімізге, істеген амалымызға мұқият зер салып, көңіл бөлейік. «Өз-өзіңді сыйласаң жат жанынан түңілер», демекші өз-өзімізді және өзіміздікін сыйлап құрметтей білгенде ғана, Иншалла, жасаған жақсы  амалдарымыз бен  берген садақаларымызға сауап жазылатын болады. Құдіреті күшті Алла тағала баршамызды тура жолына бастап, амал дәптерлерімізге тек қана жақсылықтарға жетелеген амалдарымыздың жазылуын нәсіп еткей! Әмин!