ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
03/15/2021 12

ДІННІҢ МАҚСАТЫ – АДАМДЫ КЕМЕЛДЕНДІРУ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамаларына, атқарып жатқан орасан зор жұмыстарына, күнделікті өмірден, әлеуметтік желіден етене таныспыз. Әсіресе дәстүрлі діни танымды қалыптастыру бағытындағы ең маңызды еңбек – имам Матрудидің «Таухид кітабының» «Muftyat» баспасынан шығуы бас мүфтидің тікелей жанашырлығы болатын.

Сонымен қатар ҚМДБ Төрағасының жеті бағыт бойынша, атап айтсақ, ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс бағыттары – еліміз үшін де өзекті әрі дер кезінде қабылданған міндеттер.

Діннің түпкі мақсаты – адамды кемелдендіру, рухани тәрбелеу. Бұл бағыттағы ілім Ихсан ілімі деп аталады. Ихсан жақсылық пен рақым көрсетуді, бір нәрсені ең жақсы түрде істеуді, Аллаға шын жүректен, ықыласпен қызмет етуді білдіреді. Ихсанмен айналысқан адамды «мухсин» деп атайды. Әзіреті Әли: «Адамдар өз жұмысын ихсанмен орындау арқылы құрметті болады», –  деп адамдардың атқарар жұмысында ихсан дәрежесіне жету үшін, ол істі білуі әрі сол ісінің нәтижесінің жақсылыққа айналу керектігін меңзеген.

Ахлақ, адамгершілік әдебиеттерінде ихсанды көбіне «жақсылық жасауда талап етілетін өлшемнің минимум шегінен шығу және ықылас-сүйіспеншілікпен жасау» мағынасында қолданады. Рағиб әл-Исфаханидің және басқа ислам ғалымдарының айтқан пікірі бойынша ихсан – әділеттен бір саты жоғары. Өйткені әділет – қарызын төлеу, алашағын алу болса, ихсан – өзгелерге өз үлесіңнен әлдеқайда көбін беру, алуың керек болғанда ең азын алу. Сондықтан әділдікті сақтау уәжіп болса, ихсанды сақтау мұстахаб амал болып есептеледі (әл-Муфрат, «хсн», «адл» баптары; Ғазали, Ихия, II, 79).

Жалпы Құранда ихсан ұғымы жетпістен аса аятта кездеседі. Ихсан ұғымы адамға қатысты аяттар мен хадистерде екі жағдайда қолданылады. Біріншісі, «Өз ісіңді көркем түрде істеу, кемелдендіру» деп қысқаша сипатталған құлдың Аллаға деген терең құрметі. Сондай-ақ адалдығы мен мойынсұнушылық рухы және осы көңіл-күйдің нәтижесі болып саналатын жақсы мінез-құлық жатады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көпшілікке «Жәбірейіл хадисі» деп танылған хадисте «Ихсан – Алланы көріп тұрғаныңдай Оған құлшылық етуің. Себебі сен оны көрмесең де, шүбәсіз Ол сені көруде» (Бұхари, «Тәпсір», 31/2, «Иман», 37; Мүслім, «Иман», 1) деп түсіндіруі, ықыласпен қоса ихсанның да не екенін нақты көрсеткен.

Екіншісі, Ихсан жұмсақтық, сабырлық ізгілігінен туындаған адамның, әсіресе ата-анасына, басқа да адамдарға деген сүйіспеншілігіне негізделген риясыз қатынасты білдіреді. Құран аяттарында «мухсиндердің» ерекше сипаттары болып есептелетін, ихсан ұғымымен мәндес ашуға бой алдырмау, кешірімділік, төзімділік, шыдамдылық, сабыр, шектен шықпау, батылдық, табандылық, жомарттық секілді ізгі қасиеттер жиі айтылады.

Адам баласы өзіне мейіріммен қарап, қол ұшын созған, жақсылық жасаған адамды жақсы көретіні ақиқат. Осы тұрғыдан қарағанда нағыз ихсан иесі – Алла Тағала. Адамдар арасында жақсы адамдардың болуы Жаратқанның құлдарына деген мейірімділігі, ихсаны десек, қателеспейміз. Жаратқан Алла Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың үмметіне мейірімін төгіп, елі мен жері үшін игілік жолында ықыласпен қызмет атқаруды нәсіп еткей.

Мұратбек ДӘРІБАЙ