ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
08/03/2024 987

ДНҚ АРҚЫЛЫ ТЕКТІ АНЫҚТАУҒА РҰҚСАТ ПА?

ДНҚ АРҚЫЛЫ ТЕКТІ АНЫҚТАУҒА РҰҚСАТ ПА?Ислам діні текті сақтауға ерекше мән береді. Шариғатта текті анықтау төрт жолмен жүзеге асады: баланың ақ некемен дүниеге келуі, әкесі балам деп мойындауы, куәлік келтіруі және қияфа арқылы (ұқсату яғни баласын әкесіне ұқсатуы) бекиді (Әли Қарадағи, «әл-Қадая әл-тиббия әл-муасара», 353-бет). Ал бүгінгі күні баланың тегі ДНҚ арқылы анықталуда. 

Баланың ақ некемен дүниеге келуі жайлы мына оқығаны мысалға келтіруге болады: Сағд ибн Әби Уаққас пен Абд ибн Замға екеуі бір балаға таласып қалғанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бала – төсек иесінікі », – деп баланы Абд ибн Замғаға шешіп берген (имам Бұхари, №6749). Ал ДНҚ (дезоксирибонуклеин қышқылы) деген – тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуіне жауапты нуклеин қышқылының екі түрінің бірі. Адам баласы ұрықтану кезінде әкесі мен анасынан ДНҚ алады. Өмірге келген нәресте бойындағы осы ядролық ДНҚ сипаттардың жартысын анасынан, жартысын әкесінен алады. Осы сипаттар арқылы дүниеге келген сәбидің сипаттарына қарай отырып, әке-шешесі кім екенін анықтауға болады. Ғылыми зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, бір мәселе ДНҚ-мен анализ жасау арқылы бекісе 99,9999 пайыз дұрыс болып шығады. Жер бетінде алты миллиардтан астам адам болса, солардың ДНҚ-сы бір-біріне ұқсамайды. Тек қана бір жұмыртқалы егіздер (яғни бір сперматозоид ұрықтандырған жұмыртқа жасушасының теңдей екі бөлікке бөлінуінен дамиды) және бір шаранадағы егіздердің ДНҚ-сы бір-біріне ұқсайды екен («Әл-Қарайн әт-тиббия әл-муасара уә әсаруһа әл-фиқһия», 1664-бет).

Бүгінгі заманның көпшілік ғалымдары текті анықтау үшін ДНҚ-ны қияфа (ұқсату) әдісіне салыстырып, негізге алады. Алайда ДНҚ әдісімен текті анықтау шариғатта текті анықтаудың төрт жолынан бұрын тұра ма, әлде кейін тұра ма деген мәселеде екі ұстаным бар.

Біріншісі, көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша, ДНҚ арқылы текті анықтау қияфадан (ұқсату) жоғары тұрады. Қасиетті Құранда: «Ол (Алла) (діні үшін) сендерді таңдады және дінде сендер үшін ешбір қиындық жасамады», – деген («Хаж» сүресі, 78-аят). Бұл аят ДНҚ-ны басқа дәлелдерден жоғары қояды. Шариғат жеңілдікке негізделген. Сондықтан ДНҚ-ның нәтижесі дұрыс болып шыққанымен зертханадағы адами фактордың қателесіп кету ықтималы болғандықтан, нақты дәлел бола алмайды деген.

Екіншісі, кейбір ғалымдар ДНҚ арқылы текті анықтау нақты дәлелге жатады әрі басқа дәлелдерге қарағанда жоғары тұрады деген. Аятта: «Біз түсірген ап-айқын дәлелдер мен тура жолдың қайнар көзі болған аяттарды адамдар үшін кітапта баяндағанымыздан кейін оларды әдейі жасыратындарды Алла лағынеттейді (яғни рақымынан аластайды), сондай-ақ лағынет айтушылар да оларға лағынет жаудырады», – делінген («Бақара» сүресі, 159-аят). Осы аятқа сәйкес ДНҚ арқылы текті анықтау әдісі барлық әдістен жоғары тұрады және оны жасыруға болмайды деген («Әл-қарайн әт-тиббия әл-муасара уә әсаруһа әл-фиқһия», 1674-1676 беттер).

Ислам Фиқһ академиясының ДНҚ-ға қатысты №194 (20/9) қарарында: «ДНҚ арқылы текті анықтауда төмендегі жағдайларда жүгінуге болады:
  1. Тегі белгісіз балаға екі тарап таласып қалғанда;
  2. Ауруханада, жетімдер үйінде балалар ауысып кеткенде;
  3. Табиғи апаттар мен соғыс жағдайында қайтыс болған адамның, жоғалып кеткен баланың кімге тиесілі екенін анықтауда;
  4. Анық болған текті ДНҚ-ның нәтижесіне сүйеніп, мойындамау дұрыс емес.

 

Шешім:
  1. Қажеттілікке қарай ДНҚ арқылы баланың тегі анықталса, нәтижесі негізге алынады.
  2. Ешбір себепсіз ДНҚ сараптамасын жүргізу дұрыс емес.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі