
Темекі шегуге қатысты ғалымдар арасында бірнеше көзқарас бар. Бірқатар ғалымдар темекінің денсаулыққа зиян әрі ысырап екенін алға тартып, темекі шегуді харам деген[1]. Алла Тағала Құранда:
وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ
«Өздеріңді өз қолдарыңмен құрдымға кетірмеңдер…»[2], – дейді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَا ضَرَرَ وَلَا ضِرَارَ
«Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» [3], – деп ескерткен.
Имам Тахтауи ән-Нәжму әл-Ғазидің мына сөзін келтіреді: «Темекі Дамаск қаласында XV ғасырда пайда бола бастады. Ол мас қылмаса да адамның әлін кетіретіндігі үшін харам болады. Умму Саламадан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір мас етуші және әлді кетіруші нәрсеге тыйым салды» [4], – делінген[5].
- Денсаулыққа зияндығы;
- Есірткінің бір түрі әрі адамның әлін кетіретін нәрсе болғандығы;
- Жағымсыз иісінен темекі шекпейтін адамға зияны тиюі;
- Ысырапшылдық[6].
Ханафи мәзһабының кейбір ғалымдары темекі тартуды мәкруһ тахрими деп санайды[7]. Әл-Мәусуғату әл-фиқһия атты кітапта: «Темекі тарту кейбір адамның денсаулығына, ақылына зиян болатыны нақтыланса немесе темекіге жұмсаған қаражатқа өзі және отбасы қатты мұқтаж бола тұра сарп етсе, харам болады. Ал бұдан басқа жағдайда мәкруһ саналады»[8], – делінген.
Дегенмен дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) және ислам медицина ғылымдары ұйымы ғылыми тұрғыдан электронды темекінің, калянның және басқа да шылымның түрлері адам баласының денсаулығына зиян екендігін нақты түрде айтқан[9]. Сондықтан электронды темекіні қолдану харам деп саналады. Себебі электронды темекінің зияны әдеттегі темекіден асып түспесе кем емес.
Мысыр, Иордания елінің пәтуа комитеті элетронды темекіге тыйым салған [10].
Электронды темекі адамның денсаулығына зиян болғандықтан және ысырапқа жататындықтан – харам. Оны қолдануға болмайды.
[1] Хашияту ибн Абидин, 5/295-296. Тәһзибу әл-Фуруқ, 1/216-217. Буғяту әл-Мустаршидин, 260. Хашияту әл-Қалюби, 1/69. Хашияту әл-Жәмал, 1/170. Мәтәлибу ули ән-нуһә, 6/217-219. Рисәләту иршәди әс-сәйил илә дәләйили әл-мәсәйил, 50-51.
[2] «Бақара» сүресі, 195-аят.
[3] Ибн Мәжә, №1909.
[4] Әбу Дәуіт, №3687. Ахмад, 6/309.
[5] Хашияту әт-тахтауи, 665.
[6] Әд-Дурару әс-сунния фи әл-әжуибәту ән-нәждия, 15/60-61.
[7] Хашияту Ибну Абидин, 5/296. Хашияту әт-тахтауи, 665. Тахқиқу әл-Бурһан, 104-106.
[8] Әл-Мәусуғату әл-фиқһия, 10/107.
[9] Шауқи Ағләм, Фәтәуә әш-шәбәб, 313. https://aliftaa.jo/Question2.aspx?QuestionId=3436#.Y6iAUXZByUk
[10] https://www.elfagr.org/3568368, https://aliftaa.jo/Question2.aspx?QuestionId=3436#.Y6kVFHZByUk