ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
08/18/2020 24

Еріктілік – ең сауапты іс

Қазақ халқы әу баста өзгенің өксігін өзінікіндей көретін жанашыр халық болғаны баршамызға аян. Ауылдасына айрандай ұйып асарлатып көмегін көрсетсе, жанына жақын жолдасына «жылуын» аямаған. Бұдан біз қазақтың бауырмалдығын, кең пейілдігін көре аламыз.

Еріктілік біз үшін таңсық дүние емес. Нағыз мүмін – ешқандай да сыйақы күтпей, риясыз көңілмен, бір Алланың разылығы үшін басқаға жәрдем беретін адам. Басқалар үшін «ерікті болу» жастық шақтың уақытша албырт кезеңі болса, мұсылман адам үшін – өмірлік кредо.

Абдуллаһ ибн Омар (оған Алла разы болсын) біреу Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай сұрағанын хабарлайды: «Иә, Алла Елшісі, Аллаға қандай адамдар және қандай амалдар ең сүйкімді?». Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай жауап береді:
«Аллаға ең сүйкімді адамдар – басқаларға ең пайдалылары; ал Аллаға ең сүйікті амал – басқа мұсылманды бақытты ету, оның мұқтаждығын орындау, қарызын өтеу немесе тамақтандыру. Адам бір жаққа дін бауырының мәселесін шешу ниетімен бара жатқанда, ол Аллаға екі ай бойы мешітте иғтикәф етіп отырған адамнан да абзалырақ. Алла өз ашуын тыя алатын адамның күнәларын жасырады. Бауырымен бірге оған көмектесу үшін бір жерге бара жатқан адамға еш тірек қалмаған күні Алла Сырат көпірінде тірек береді. Жаман мінез жақсы амалдарды сірке балды бүлдіргендей бүлдіреді». 
 

  

Оқи отырыңыз: САЛИҚАЛЫ ЖАСТЫҢ 8 СИПАТЫ

Кейбір кездерде қандай да бір жерде қайырымдылық орын алса, сол қайырымдылыққа мұрындық болған, қаржыландырған адамдарға алғыс айтып, мақтау-мадақтауға бөлейтініміз рас. Алайда, сол істің басы-қасында жүріп, мұқтаждардың жағдайын өз көзімен көрген, өз қолымен жеткізген еріктілердің еңбегін назардан тыс қалдырып жатамыз. Еріктілердің арқасында қоғамның ұйымдар, әлеуметтік қызметтер, балалар орталықтарын құруға, конференциялар өткізуге, аш балаларға көмек көрсетуді ұйымдастыруға, баспанасыздарға баспана беруге, кітапханалар, мектептер, қан құю орталықтарын ашуға мүмкіндігі бар және бұл тізім бұнымен бітпейді. Әлеуметтік қызмет қызметкерлері барлық әлеуметтік жұмыстың аз бөлігін ғана орындағандықтан, еріктілер бұл қызметтің басым бөлігін атқаруда.

Бізге діннің намаз, ораза, зекет, қажылық секілді парыз етілген амалдарын ғана орындау жеткіліксіз. Ислам діні бұнымен шектелмейді. Біздің дініміз бізді әлдеқайда үлкен миссияға, біз өмір сүріп жатқан қоғам игілігі үшін жұмыс істеуге шақырады. Науқастарға бару, мұқтаждарға көмектесу, сауатсыз адамдарды оқыту (өйткені қазіргі уақытта компьютерді білмеу, мысалы сауаттылықтың жоқтығы болып саналады), кімге жүгіну керектігін білмейтіндерге көмек беру қажет. Исламда еріктілікке ерекше көңіл бөлінеді. Бұл қызмет білім үйірмелерімен, мешіттер мен ислам орталықтары үшін қаражат жинаумен шектелмеуі тиіс. Біз, мұсылмандар, өзімізді әлемдегі бейбітшілік пен ізгіліктің жаршысы ретінде көреміз. Сол үшін жақсылықты тек мұсылман ортаға ғана жаймай, сондай-ақ қоғам игілігі үшін басқа діннің өкілдеріне де көңіл бөлуіміз керек. Себебі кедейлік, ауру-сырқау дінді немесе ұлтты таңдамайды.

Адамдарды Исламмен таныстыру идеясы шексіз көптеген формаларға ие. Ең қарапайым және түсініктісі – адамдарға Ислам және оның қағидаттары туралы білім мен ақпаратты тікелей беру болып табылады. Бірақ басқа да, әлдеқайда тиімді жолы бар, ол – өзі үлгі болу арқылы ізгі, сауапты амалдарды атқару. Мұсылман қауымының маңызды міндеті – өз ортасында еріктілік мәдениетін дамыту. Еріктілер – бұл тегін жұмыс күші. Олардың күш-жігерін ешкім бағаламайды, керісінше, олар жиі сынға ұшырайды. Біздің қоғамға еріктілер жайлы түсінікті өзгерту керек, оларсыз көптеген жақсы істер аяқсыз қалып, соңына дейін жетпейтін еді. Көптеген мешіттер осы еріктілердің көмегімен салынды, қаншама қайырымдылық, спорттық, қоғамдық шаралар еріктілер жұмысының арқасында мүмкін бола бастады.

Еріктілік адамда ұжымға, мұсылман жамағатына деген тиістілік сезімін тәрбиелейді, бауырластық бірлескен ерікті қызмет барысында жақсырақ нығаяды. Еріктінің өзі де көптеген артықшылықтарға ие бола алады. Адамдарға көмек көрсетудің ең басты уәждемесі – Алла Тағалаға деген махаббат болуы тиіс екені айқын нәрсе, алайда бұл еріктілік қызметтен жеке пайда алмауы керек дегенді білдірмейді. Көптеген еріктілер, әсіресе жастар, өз қызметінің барысында адамдармен араласып, өте пайдалы дағдылар игеріп, жақсы жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болуда. Бұл Алланың осы дүниеде берген берекесі деп түсіну керек. Әрине, әу бастағы ниет дұрыс болса.

Тағы оқи отырыңыз: КРЕМАЦИЯНЫҢ ДІНІМІЗДЕГІ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Еліміз үшін соңғы уақыттар сынақтарға толы кезең болды. Әлемдік коронавирус дертінің салдарынан қаншама отбасы күнкөріс көзінен айырылып, аса бір қиын жағдайға түсті. Тіпті егде жастағы адамдар үйлерінен шыға алмай, қарапайым қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмектерге мұқтаж күйге жетті. Бір қуантарлығы – осындай қиын-қыстау кезеңде халқымыздың бір үйдің баласындай ауызбіршілікпен көмекке келуі.

Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өз хадисінде былай дейді: «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады». (Муслим хадистер жинағы).

Еріктілік қызметпен айналыса отырып, есте сақтау қажет бірнеше маңызды ережелер бар:
  • Егер ол Алла разылығы үшін істесе, ол өз уақытын, күш-жігерін, энергиясын, білімін беріп жатқанын айтып мақтанбау;
  • Жасап жатқан қызметін тегін істеп жатқаны үшін шағымданбау;
  • Ерікті жауапкершілік сезіміне ие болуы керек;
  • Қандай да бір жұмысты аяғына дейін жеткізе алмайтынын білсе, ең дұрысы ол істі бастамаған абзал;
  • Ерікті қандай да бір жұмысты бастаса, онда ол сол жұмысты ең көркем түрде, кемеліне жеткізіп орындауы тиіс. Пайғамбарымыз өз хадисінде: «Алла Тағала жақсы көретін іс – кез келген істің соңына шейін, кемеліне келтіріп орындалуы», – деп айтуы осының дәлелі болса керек. (Бәйхақи)

Жаратушыға деген махаббатымызды нақты істерге айналдыру арқылы біз өз иманымызды күшейтеміз. Ислам – іс-әрекет діні, а,л біз өмір сүріп жатқан қоғамның жақсаруына ықпал ету арқылы оны дәлелдей аламыз. Алла Тағала баршамызды дін жолында риясыз қызмет ететін мүмін құлдарының қатарынан болуды нәсіп етсін!

Көпен Әділет,

ҚМДБ «Жастар ісі секторының» меңгерушісі