ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
11/30/2023 1626

ГИПНОЗ ЖАСАУДЫ ШАРИҒАТ ҚОЛДАЙ МА?

ГИПНОЗ ЖАСАУДЫ ШАРИҒАТ ҚОЛДАЙ МА?Гипноз (лат. «hypnos» – ұйқы) – жасанды жолмен келтіретін ұйқыға ұқсас күй (Жантану атауларының түсіндірме сөздігі, 384-бет). Гипноз гипноздаушының арнайы әсер етуінің нәтижесінде немесе мақсатты түрде өзін-өзі иландырудан пайда болады. Бұл тәсіл ерік білдіру бостандығын шектеп, біреудің еркіне бағынуды күшейтеді.

Дегенмен гипноздың тәжірибесі бір адамнан екіншісіне айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Шын мәнінде оның жұмыс істеуі үшін адам өз еркімен осы процесстен өтуді қалауы, сондай-ақ гипнозға қабілеттіліктің белгілі бір дәрежесіне ие болуы керек.

Дәстүрлі гипноз арқылы бүгінде көптеген аурулар мен ауыртпалықтардан арылуға қол жеткізілуде, атап айтқанда:
  1. Қатерлі ісіктен туындайтын ауруларды басуға, сондай-ақ бас ауруы мен буын сырқырауын азайтуы;
  2. Созылмалы ауруы бар науқастарды емдеуге немесе хирургия немесе босану сияқты медициналық рәсімдерден туындаған ауырсыну мен уайымдарды жеңілдету;
  3. Спирттік ішімдік немесе нашақорлық секілді жаман әдеттерге тәуелді болудан құтылу;
  4. Жөтелді емдеу;
  5. Ұйқысыздық, еріксіз зәр шығару секілді денсаулыққа зиянды жағдайлардан арылу.

Сонымен қатар гипноз ауырлық күші жоқ күнделікті қиындықтарда қолданылады. Мәселен, оны қолдану жеке тұлғааралық және тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын дамыту (мысалы, талап қою), стресс деңгейін төмендету және релаксация, сахна қорқынышымен күресу, артық салмақтан арылу немесе темекі шегуден бас тарту болып табылады.

Ислам дінінде сәуегейлік, сиқыршылық, көз байлаушылық секілді шариғатқа қайшы келетін іс-әрекеттермен немесе алаяқтық мақсатында гипноз жасауға тыйым салынады.

Алдағыны болжап білуге ұмтылу туралы Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) айт: «Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі бірде-бір жан ғайыпты білмейді. Ғайыпты бір Алла ғана біледі», – делінген («Нәмл» сүресі, 65-аят).

Абдулла ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бірдеңе сұрайтын болсаң, оны Алладан сұра! Біреуден жәрдем тілейтін болсаң, оны Алладан тіле!», – деген (Термизи). Сондай-ақ Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте: «Өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды», – делінген (Ибн Мәжа).

Дегенмен қашанда кәсіби дәрігер қолданған гипноздың адамдарға пайдасын тигізетінін, ал алаяқтар үйренген гипноздың қылмыс әлеміне қызмет етуі мүмкін екенін жадымызда сақтағанымыз дұрыс.

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №9, 2023 жыл