ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
03/08/2021 242

Хақ дініміз аналарды ардақтаған

Ислам діні ең кемел дін. Жаратушының құлдарына махаббатпен жіберген соңғы діні – ұстанған жанды екі дүние бақытына бөлейтін хақиқи жүйе. Ислам дінін жіті зерттеген адам бұл дінде адамзатқа қатысты барлық  қажеттіліктердің (ар-ұят, мінез-құлық, ғылым, экономика, құқық, мәдениет, т.с.с.) егжей-тегжейлі толық әрі ақылға қонымды түрде қамтылғанын ұғады. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде «Мәида» сүресінің 3-аятында: «…Міне бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тәмамдадым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым…», – деген.

Ислам діні келгенге дейін әйелдердің жағдайы әр-алуан болған. Ертеректе «әйел деген адам ба? Адам болса ер адаммен бірдей ма? Жаны бар ма? Ақылы бар ма?» деген секілді қияли сұрақтармен бас қатырған философсымақтардың да болғанын байқаймыз. Ежелгі Үндістанда күйеуі қайтыс болған әйелді күйеуімен қоса өртеу дәстүрі болған. Кейбір елдерде әйелдерге шексіз еркіндік пен құқықтар беріліп соңында аянышты жағдайда құрдымға кетіп отырған. Ал Ислам келгенге дейін араб түбегіндегі әйелдердің жағдайы тіпті мүшкіл, қыз бала туылса тірідей көміп, көмілмей тірі қалған әйелдерді қолдан қолға өте беретін мүлік ретінде пайдаланған. Айта берсе мысалдар өте көп.

Ал, Ислам діні әйелдің жаратылысын, болмысын, нәзіктігін, көріктілігін, ұрпақ жалғастыру мүмкіндігін ескеріп, ақылға қонымды, барлық уақытта заман талабына жауап бере аларлық құқықтар белгілеген. Және ол сан ғасырлар бойы өзінің дұрыс һәм кемелдігімен қатар  өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Бұл хақында Жаратушы Иеміз «Бақара» сүресінің 228-аятында: «…Әйелдердің күйеулері алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің  алдында заңды міндеттері бар…», – деген. Алла Тағала өзінің кәламында тұтастастай бір үлкен сүрені «ән-Ниса» (Әйелдер сүресі) деп атаса, және бір үлкен сүрені Иса (ғ.с.) пайғамбардың анасының атымен (Мәриям сүресі) деп атаған. «Тахрим», «Мумтахина», «Нұр» сүрелерімен қатар көптеген сүрелерде әйелдердің құқықтары баяндалған.

Құранның көптеген аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде Аллаға иман келтіргеннен кейінгі міндетті әрі сауапты амалдың ата-анаға қарайласу һәм жақсылық жасау екендігі айтылады. Атап айтар болсақ, Жаратушымыз Құран Кәрімде «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Бір Аллаға құлшылық етіп, Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар…», –  деп бұйырса, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Үш түрлі адамның: Аллаға серік қосқан адамның, ата-анаға құрметсіздік танытқан адамның және соғыс алаңын тастап қашқан адамның амалдары пайдаға аспайды (яғни, сауап болмайды)», – деуі арқылы, ата-анаға құрметсіздік танытудың қаншалықты ауыр күнә екенін білдірген.

Байқағандарыңыздай ата-ананы құрметтеу тұрғысында көптеген аяттар мен хадистерде ата-ана бірге айтылғанымен, аса Әділ Алла бірқатар аяттарда ананың перзент үшін тартатын мехнаттарын да атап өткен. Мысалы, «Лұқман» сүресінің 14-аятында: «Біз адам баласына жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтереді. Емшектен екі жылда шығарады. Сондықтан оған: «Маған және ата-анаңа алғысыңды білдір», деп бұйырдық…», – делінген. Және де «Ахқаф» сүресінің 15-аятында: «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны қинала жүріп (бірнеше ай) көтерді һәм қиналып босанды. Оның ана құрсағында жатуы мен емшектен шығуы (ең кемінде) отыз айға созылады…», – деп, ананың перзенті үшін тартатын алғашқы ауырпалықтарының маңызын білдірген. Осы орайда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жәннат ананың табанының астында», – деп, аналардың құрметін айшықтаған. Имам Бұхари мен имам Мүслімнің хадистер жинағында келетін мәшһүр хадисте: «Бір жігіт пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Менің жақсылық жасауыма лайықтырағы кім?», деп сүрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Анаң!» дейді. Әлгі жігіт: «Одан кейін кім лайықтырақ?», деп сұрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы да: «Анаң!», деп жауап қайтарады. «Сосын кім лайықтырақ?», сұрағанында да: «Анаң!» деген жауап алады. Төртінші мәрте: «Менің жақсылық жасауыма кім лайықтырақ?» деп сұрағанда барып Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әкең!», деп жауап қайырған».

Осы бір хикметке толы хадистің сырына үңілген ғалымдарымыз жоғарыдағы аят-хадистерді негізге ала отырып төмендегідей пайым жасаған:

Ең бірінші перзентің жақсылық жасауға анасын дайықты көруі анасы баланы тоғыз ай тоғыз күн көтереді. Және барған сайын салмағы күн санап ауырлайды. Шаршаған кезде бір жерге қоя тұрып бел суыту мүмкіндігі тағы жоқ. Әдетте сүйсініп жеп жүрген күнделікті асына бала бойына біткен сәттен бастап беттемей қалатыны да бар. Адамнан адам пайда болу оңай емес, бойындағы дәрумендерді, күш-қуатын бөліседі. Бұрыннан кішкене сырқаты бар кісілердің сырқатын одан әрі қоздырып жібереді. Қысқасы осындай қиыншылықпен ана баланы бірнеше ай үздіксіз көтереді. Әке моральдық тұрғыда қолдау білдіргені болмаса, бұл қиыншылықты бөлісе алмайды.

Айы, күні толғанда осындай ауырпалықпен көтерген ана нәрестені дүниеге әкеледі. Кейбір жағдайда аналар жеңіл босанғанымен көп жағдайда дәрігерлердің бақылауында болып, кейде сағаттап толғатып, кейде ота жасату арқылы босанып жатқан жағдайлар болып тұрады. Кейде тіпті қайғылы жағдайға ұласып кетуі де ықтимал. Алла сақтасын. Туу сәтіндегі қиыншылықты бір аяғым жерде, бір аяғым көрде деп сипаттайды екен бұрынғылар. Босанғаннан кейін де үнемі дәрігердің бақылауында болуға мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі. Әке бұл ауырпалықты да бөлісе алмайды. Екінші рет сұрағанда да ананы лайықты деп жауап беруі сондықтан дейді, ғалымдарымыз.

Ал, үшінші мәрте ананы лайықты көруінің себебі, шебер Алла жаңа туылған бала өздігінен ас іше алмайтындықтан ана сүтін нәрестеге ризық қылған. Баласы түнде неше мәрте оянса анасы да сонша рет оянып баласын емізіп, астын құрғатып, оған да көнбей жыласа тербетіп, жұбатып, бар жағдайын жасап бәйек болады. Және осы істерді ерекше мейіріммен, ренжімей атқарады.

Ал бұдан кейінгі қиыншылықтарды әке бөлісіп атқаратындықтан төртінші рет сұрағанда, әкені лайықты көрген деп тұжырымдайды.

Аят пен хадистен сусындап оларды өз халқының тілінде сүйіп тыңдайтын жыр ретінде насихаттай білген шайырлар мен жыраулар Аллаға шүкір баршылық. Майлықожа жырау да «Ананың қадірі» термесінде жоғарыдағы аяттар мен хадистерді төмендегіше интерпретациялаған:

Тоғыз ай, он күн көтерген, мехнат тартқан төтеннен,

Ақ сүт беріп емізген, шайнап тамақ жегізген,

Осы бір жарық дүнияға, себепкер болып келгізген,

Құйрық шайнап, май берген, құндақтап жерден жай берген,

Ыңылдап даусың шыққанда, шықпаған шығар қасыңнан,

Қараңғыда жыласаң, таныған көрмей даусыңнан.

Ерніңе емшек дарытқан, қарныңа қорек барытқан.

Беліңнен батып былғансаң, жиіркенбей жуып арылтқан.

Мұздайда бесік таянған, жыласаң шошып оянған.

Анаңдай қамқор бар ма екен…

Кейде пенделікпен, бәлки балалықпен анасы «бір нәрсені әкеліп берші» десе «ой алыс қой, ой ауыр ғой», деп түрлі сылтау айтып жатады, тоғыз ай үздіксіз көтерген анаға ондай сылтау айту орынсыз болады екен. «Бір нәрсені жаса» десе, өлі мен тірінің арасында дүниеге әкелгенін қаперге алмастан «ол қиын ғой» айту ұят болады. Кейде түнде елегізіп ұйықтай алмай бірге әңгіме айтып, шәй ішуді хош көрсе, немесе аяғын уқалап беруді қаласа, өзінің сәби күнінде неше рет жылдар бой ұйқысын бөлгенін ұмытып, ұйқысын қимай, тұрған күнде де «таңертеңге қалдырса болмас па екен» деп күңкілдеп, ықылассыз атқару перзентке жараспайды.

Сайып келгенде ата-анаға жасалатын қызмет пен құрметте ананың перзент үшін атқаратын еңбегін Алла Тағала мен Оның Елшісінің баса назарға алып, Құран мен хадисте өсиет етілуі – ислам дінінің әділдігі мен қемелдігі Һәм Мейірбан Алланың аналарға қамқорлығы.

 

Жақсыбек қажы ӘБИҰЛЫ,

Қармақшы аудандық «Қармақшы ата»

мешітінің бас имамы