ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
01/25/2020 5

Имандылық – рухани қазығымыз

Серікбай қажы ОРАЗ, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти.

Иман дегеніміз – Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне сену һәм Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, Ахирет күніне, жақсылы-жаманды тағдырға, өлгеннен соң қайта тірілуге кәміл иман ету.

Иманның осы аталған парыздарымен бірге оның кемелділігін білдіретін бөліктері де бар. Ол туралы имам Мүсілім жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Иман жетпіс бірнеше бөліктен тұрады. Ең абзалы – «Алладан басқа құдай жоқ», ең төмені – жолда көлденең жатқан затты алып тастау. Ұят та иманның бір бөлігі», – деген. Демек, иманның парыздарын жүрегімізге орнықтырғанымыздан кейін оның толықтыратын ізгіліктерді атқарсақ, нағыз кемел иманға, имандылыққа жете аламыз.

Имандылық ұғымы «иман» сөзінен туындайды. Бұлар бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Имандылық бар жерде иман бар, иман бар жерде міндетті түрде имандылық болуы тиіс. Иманды ғұмырлық ұстанымына айналдырған мұсылман тіршілігіндегі барлық істерін иман негізінде қарастырады. Осылайша имандылық оның ажырамас сипатына айналады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында былайғы жұрт өзгеге жайдары жүзбен, риясыз көңіл, ізгі ниетпен қарым-қатынас жасайтын жақсы жасты көргенде: «Әп-бәрекелді, жүзі жылы, иманды, тәрбиелі бала екен» деп сүйсініп жатады. Міне, бұл отбасымен, әулеттегі дұрыс та түзу тәрбиенің жемісі. Имандылық – көркем мінездің, биік ахлақтың, бекзаттықтың өзегі әрі діңгегі. Имандылық жоғалғанда жақсы мінез де, барлық адамгершілік те бірге кетеді.

Қадым заманнан бері қазақ қоғамында имандылық мінез-құлықтың өзегіне айналған. Қазақилық сипат дегеннің өзі имандылықпен мағыналас. Қазір жаһандану заманында имандылықтан да, қазақылықтан да алыстай бастаған бәзбіреулер бой көрсете бастады. Мұны ұлттық әрі имани тәрбиенің кемшіндігінен деуге болар.

«Имандылық» сөзі қазақ халқының ұғымында иманды, салауатты жан дегенді білдіруімен қатар, бүкіл адамзатқа ортақ адамгершілік қағидаларын сақтау, өзгенің ақысын жемеу, қоғамға қайырлы азамат болу дегенді де білдіріп, жалпы мораль деген ұғымға да саяды. Имандылық – жеке тұлғаның қоршаған ортадағы, күнделікті тіршіліктегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет, адамның ар-ұжданын, биік ахлақтық ұстанымын, рухани-ахлақтық бет-бейнесін, қоғаммен берік қарым-қатынасын көрсетеді. Бұл жағынан алғанда имандылықтың мәні «Ең қайырлы адам – өзге адамдарға пайдасын тигізетін жан» деген хадис шәріппен үндес.

Имандылықтың аясында біз діни қағидаттармен бірге баланың ата-анасымен, жұбайымен, қоршаған ортамен игі қарым-қатынасын, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп сыйлауын, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды құрамдас мәселелерін де қарастырамыз. Біздің асыл дініміз әрбір ізгілікті имандылықтың аясында қарастырып, оны жоғары бағалайды. Мысалы, хадис шәріпте әбден қаталап, өлуге айналған итке су берген жанның жұмақтық болғаны айтылады, келесі риуаятта бір әйел мысыққа жасаған жақсылығы үшін жәннаттық атанған. Ақылсыз жануарға жасаған жақсылық үшін көрсетілген құрмет осыншалықты биік болса, адамзатқа жасаған игіліктің сауабының байыбына бара беріңіз.

Имандылық – мұсылманның бет-бейнесі. Қазіргідей сынаптай сырғып, сағат сайын өзгеріп, қарыштап дамып бара жатқан дегбірсіз дүлей заманда қатардағы мұсылман қалай имандылығына берік болып қалмақ? Мұсылманшылығымыз тек тілімізде болып қалмай, ділімізге терең сіңуі үшін не істеу керек? Ол үшін ең алдымен имандылық тәлім-тәрбиесі қажет. Өскелең ұрпаққа иман негіздерін үйретіп, оның бөліктері туралы да оқыту керек. Құдайға шүкір, ол үшін біздің имандылық ордалары – мешіттеріміздің есігі әрдайым ашық. Онда діни дәрістер үзбей жүргізіліп келеді.

Ұрпаққа имани тәрбие беру ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Тахрим» сүресінің 6-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды тозақ отынан қорғаңдар!» деп бұйырған. Имам Хәкім жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Балаларыңның тілін «Лә иләһә иллал-ламен» ашыңдар», – дейді. Ал басқа бір риуаятта: «Кісінің өз баласына әдеп үйретуі көп садақа бергенінен қайырлы» делінген (Термези риуаяты).

Имандылық тәрбиесі – ең алғашқы әрі маңызды білім. Алаш арысы Міржақып Дулатұлы айтқандай:

Әуелі үйренетін бір ғылымың,

Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.

Шарттарын исламның кәміл білсең,

Ахиреттік азық берер шын ғылымың.

Бұйырған, тыйған ісін шариғаттың,

Секілді парыз, уәжіп мұны ұғуың.

Хат жазып, түркі танып, Құран оқып,

Қырағат қағидамен жүргізуің.

Аталған жәйт, негізінен, жеткіншек ұрпаққа қатысты. Ал үлкендер жағы, жалпы қоғам имандылықты сақтауда қандай қарекет жасауы қажет? Әрине, ол үшін бізге ата-бабамыздан аманат болып қалған дәстүрлі имани һәм ұлттық құндылықтарымызға оралып, оны жандандыруымыз керек.

Имандылық тұрғысынан қарастырған болсақ, қоғамда қордаланған көп мәселенің түйіні оңай шешілер еді. Рухани қазық болып табылатын имани тұрлаулылық пендені жаза бастырған емес-ті.

Исламның әрбір ғасырға да лайықты дін екендігін ескерсек, заманына сай салиқалы да салауатты ғұмыр кешу әрбір мұсылманға сын. Имандылық қазіргі заманда қатардағы мұсылманнан бұрын ең алдымен діни қызметкерлердің бойынан міндетті түрде табылуы тиіс сипат. Әлбетте, діни қызметкер иманның жайын басқалардан гөрі жақсырақ біледі. Дегенмен, имани қағидаттарды, адамгершілік нормаларын қатаң сақтай алған жан ғана діннің атынан сөйлеуге, халыққа уағыз-насихат жүргізуге құқылы. Діни қызметкер – дініміздің ай-насы. Былайғы жұрт имам-молдаларға қарап діннің қадір-қасиетін бағалайды. Сондықтан да әрқашан жұртты иман жолына үгіттеп, тікелей ағартушылықпен шұғылданатын шынайы діндар атына лайық болғанымыз жөн. Шын мәнінде, халықты имандылыққа, тәлім-тәрбиеге, парасаттылыққа шақыратын, жамағатты рухани іліммен сусындатып, тура жолға бағыттайтын рухани орын, ол – мешіт.

Жуырда Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумында дін саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Алқалы жиынның қорытындысында ел діндарлары «Жеті рухани қазық» атты мұсылман тұғырнамасын қабылдады. Аталмыш жеті қазық дегеніміз әрбір мұсылманның бойынан табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты – имандылықты, отаншылдықты, білімге құштарлықты, бірлікқұмарлықты, еңбекқорлықты, мәде­ниеттілік пен әділдікті қамтиды. Бүгін соның алғашқысы – имандылық жәйлі әңгімеледік. Келесі жолы өз ретімен басқа қазықтарға тоқталамыз.

Жаратқан Жаббар Иеміз имандылықты мызғымас рухани қазығымыз еткей! Қауымымызды имандылық салта-нат құрған қоғамға айналдырсын! Әумин!