ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
03/18/2020 206

ІНДЕТ ТАРАТПАУ – МІНДЕТ

Қазіргі уақытта әлемде өршіп тұрған коронавирус індеті әлем жұртшылығын қатты алаңдатып отыр. Осы жағдайға байланысты бірқатар елдерде жұма намазы, басқа да намаздарды мешітке келмей, үйлерінде оқу туралы пәтуа шықты.

Өміріңнің қадірін біл

Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Өлімді еске алыңдар, жаным құзырында болған Алламен ант етейін, егер сендер мен білген нәрсені білсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер» деп көптеген бұзақылықтардың, арзан ойын-күлкілердің, дүниеге келген мақсатымызды ұмытып, барар жерімізді қаперден шығарғанымыздың, азғындықтардың көбеюінен түрлі сұмдықтар келерін білгендеріңде, аз күліп, көп жылар едіңдер деп ескерткен.

«Жақсылық та, жамандық та Алладан» деп білетін елміз. Бәлкім коронавирус бізге жіберілген бір ескертуі шығар. Абай атамыз «Ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес» деген болатын. Демек тазалыққа, денсаулыққа мән беріп, сақтық шараларын күшейткеніміз абзал. Бұл тұрғыда тек өзімізді ғана емес, өзгелерді де ойлауымыз қажет. Өйткені індет таратпау – бізге міндет. Сондықтан бүгінгі түннен бастап карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы жұртшылық, үйлерінде отырып, індеттің таралмауының алдын алғаны жөн болады. «Егер бір жерде оба ауруы бар екенін естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Тұрған жерлеріңнен оба ауруы шықса, одан қашып басқа жерге кетпеңдер» (Бұхари, Муслим) деген Пайғамбар өсиетін қаперден шығармауымыз қажет!

Алладан жарылқау тілейік

Алла Тағала Құранда: «Бастарыңа келген пәле-жала қолдарыңмен істегендеріңнің кесірінен…» («Шура» сүресі, 30-аят) дейді. Аятқа үңілсек, бұл жағдайлардың бәріне өзіміз кінәлі екенімізді түсінеміз. Алайда сол кінәларымызды (күнәларымызды) мойындап, Аллаға тәубе етіп, кешірім сұрап, өзімізді түзетсек, аяттың жалғасында айтылғандай «…Алла оның көбін кешіреді» («Шура» сүресі, 30-аят) деген. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Күнәсіне тәубе етуші – күнәсі жоқ кісі сияқты» (Ибн Мажәһ, Табарани, Байһақи) деп, тәубемен, кешірім сұраумен күнәлар кешірілетінін меңзеген. Себебі әрбір кесапат, ауру, қиыншылықтар біз күнәлардан арылуымыз үшін сынақ етіп жіберіледі.

Алла елшісі (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Алла жолындағы мұсылманның алдынан шыққан әртүрлі мазасыздық, ауру, қиыншылық, қайғы-қасірет, тіпті аяғына кірген тікеннің өзі де күнәларының кешірілуіне кәффарат (себеп) болады» (Бұхари) деген. Демек Алла қандай да бір қиындықтарды біздің күнәларымыз кешіріліп, Өзінің сүйіспеншілігіне бөленуіміз үшін береді екен. Олай болса әрбір қате-кемшіліктерміз бен күнәларымыз үшін міндетті түрде Алладан жарылқау тілеп, оны түзетуіміз керек.

Қорқыныш пен ауру

Ұлық сахабалардың бірі Абдулла ибн Аббас Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) былай дегенін жеткізеді: «Егер адам азаншының шақыруын естіп тұрып үзірсіз (себепсіз) жамағат намазына бармаса, онда оның жалғыз оқыған намазы қабыл болмайды» дегенде, сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Ол қандай үзір?» деп сұрайды, Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Қорқыныш пен ауру» деп жауап берді» (Әбу Дауд) деген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі елімізде жарияланған төтенше жағдайды және індеттің таралу қаупі жоғары екенін ескере келе жұма намазын уақытша оқымау туралы пәтуа шығарды. Діни басқарма мешіттерде уақытша жұма және басқа да намаздар оқылмайтынын жеткізді. Жоғарыдағы хадис бұған рұқсат бар екенін дәлелдейді. Жабир ибн Абдуллаһтан жеткен бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Кім сарымсақ не пияз жеген болса, бізге жақындамасын немесе біздің мешітімізге жақындамай үйінде отырсын» (Бұхари) деп ескерткен. Тіпті екі сахих хадисте Ибн Аббастың қатты жауын кезінде мешітке бармай, азан шақырғанда «Үйлеріңде намаз оқыңдар» деп азанды өзгертіп айтқызғаны айтылады. Олай болса пияз, сарымсақтың иісі мен жауған жаңбырдан мешітке барып намаз оқудан тыйған болса, мына қасіретті вирустан сақтану үшін ҚМДБ-ның мешітте намаз оқуды уақытша тоқтатуы – құптарлық жайт.

Түйін

Қандай да бір ауыртпашылық келсе оның Алладан екенін біліп, оған өзіміз кінәлі екенімізді саналы түрде мойындауымыз қажет. Болмашы жағдайлармен білімсіз, орынсыз сөз айтпай, дұға жасап, Алладан көп кешірім сұрағанымыз абзал. Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлы Фейсбуктағы парақшасында: «Біз – тарихымыздың сан қилы сындарлы сәттерінде үмітсіздікке берілмей, бір Алладан медет тілеген халықпыз. Осы ретте мұсылман қауымын еліміз бен жеріміздің, күллі адамзаттың амандығы үшін дұға жасауға, Аллаға мадақ, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көбірек салауат айтуға шақырамын. Уақытша сынақты әуелі Алланың жәрдемімен, иманымыз бен бірлігіміздің арқасында жеңіп шығатынымызға көбірек үміт артайық. Алла Тағала Отанымызды, халқымызды жұқпалы індеттен аман етіп, Өз панасында сақтағай!» деп жазды. Мейірімді Алла баршамыздың біліп не білмей істеген күнәларымызды кешіргей! Елімізді, халқымызды түрлі пәле-жалалардан сақтап, Өзінің панасына алып, жар болғай!

Жеңіс ӘБИБУЛЛАҰЛЫ,

Қызылорда облыстық

орталық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің наиб имамы