ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
11/30/2024 4251

ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫКеше Талдықорған қаласында «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбында республикалық конференция өтті. Конференция жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, зиялы қауым өкілдері қатысып, мазмұнды баяндама жасады.

Дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері, ер мен әйелдің өзара сүйіспеншілігі бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді.

«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас». Бұл – халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты ұстанған қағидасы. Ұрпақ тәрбиесіндегі осы тәсіл өзінің өміршеңдігін дәлелдеумен келеді.

Жүсіпбек Аймауытов бабамыз бір сөзінде: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: баланы жан-жақты білу керек», – деген. Баланы дұрыс білу, қарым-қабілетін жан-жақты тану, көңіл-күйін аңғару – мұның бәрі оны тәрбиелеуге оң әсер ететін тәсілдер.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – ол тәрбие», – деген. Тағы бір хадисте: «Балаға бір рет көңіл бөліп, тәрбие беру – садақа бергеннен де жақсы», – делінген.

Дінімізде отбасына жақсы қарау – ізгі амалдың бірі. Алла Тағала Құранда ер мен әйелді киімге теңеп, былай деген: «…Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рахатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)…» делінген («Бақара» сүресі, 187-аят).

Халқымызда «Адам көркі – шүберек» деген сөз бар. Жақсы киім адамға қалай көрік берсе, жақсы әйел ерге, жақсы ер де әйелге солай көрік береді. Демек ер мен әйел – бір-бірін көрікті ететін жандар.

Киім адам денесіне ең жақын нәрсе болғандықтан, ер мен әйел бір-біріне ең жақын жандар болуы тиіс. Киім денедегі кемшілікті немесе айыпты жасырып тұратыны секілді, ер мен әйел бір-бірінің айыбын, кемшілігін өзгелерден барынша жасыруы қажет. Киім ыстық пен суықтан қалай қорғаса, ер мен әйел де бір-бірін өмірдің түрлі сынақтарынан қорғап, қорғаныш болуы тиіс.

Даналық мектебі болған Төле би бабамыз: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», – деген. Ер мен әйелдің жан дүниесінде осындай асыл қасиеттер болса, ол шаңырақ бақытқа бөленері хақ.

Отбасына үлгі-өнеге көрсетуде ең бірінші ер азамат алдына жан салмауы керек. Ер адам ешқашан ұсақталмауы қажет. Ұсақталу – жігіттің қасіреті. Өзінің биік дәрежесінде қалған ер ғана отбасын, айналасын жақсылыққа жұмылдыра алады. Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Еркектің көркі ақылында…» – десе, Бауыржан Момышұлының: «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл…» – деген сөзінде үлкен мән жатыр. Ғалымдарымыз әйелді жайқалып өскен гүлге теңеп, оны баптау бақташыға, яғни ер азаматқа байланысты екенін өсиет еткен.

Біз ешқашан өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз. Ұстанатын дініміз бен арқа сүйер салтымыз, күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Игі бастама аясында қазақ даласындағы отбасы институтын дәріптеуге баса назар аударылып келеді.

Игі жұмыстардың нәтижесінде облыстық мешіттер жанынан отбасылық кеңес беру орталықтары ашылды. Дін қызметкерлері бір жыл ішінде жүздеген отбасының ақ некесін сақтап қалуға ықпал етті. Жетісу жерінде «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбында өткен республикалық конференцияның да негізгі мақсаты – дініміз бен дәстүрімізден бастау алған қазақы отбасы құндылығын кеңінен насихаттау.

Алла Тағала қызымызды қылықты, ұлымызды ұлықты етіп, шаңырақ көтерген әрбір отбасыға бақ пен береке бергей. Әмин!

 

Керімбек ДӘУІТОВ,

Жетісу облысының бас имамы