ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
05/23/2023 27

ІЗГІ ҚОҒАМ – БІРЛІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Адам баласы қоғам сөзін тумысынан көп естиді. Өйткені, өзінің де сол қоғамның бір бөлшегі екенін түсінеді. Адамның жалғыз ғұмыр кешуі әу-бастан табиғатына жат құбылыс. Ата-анадан туылу, бауыр, ағайын-туыс, көрші-көлеммен өмір сүру, үйленіп, шаңырақ көтеру, ұрпақ өсіріп-өрбіту мұның барлығы қоғамды дамытатын құндылықтар. Қазақ халқы: «Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан», – деп даналық сөз қалдырған. Жалғыздық Алланың ұлылығына тән болса, ал адамзаттың қоғамдасып өмір сүруі Жаратқанның шексіз құдіретін баян етеді. Адам баласы әрдайым жүйеленген тәртіпке бағынышты. Сонда ғана адами қалпын сақтап, адамизатқа игі іс қалдырады. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Әй адам баласы! Күмәнсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңмен танысып-білісу үшін сендерді ұлт-ұлтқа, ру-руға бөлдік. Расында Алланың құзырында ең ардақтыларың тақуалықта ең жақсы болғандарың. Шүбәсіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабардар болушы» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят).
«Әй, адам баласы!» деп басталатын бұл аятта Алла Тағала бізге өмір заңдылығын көрсетуде. Адам жалғыз өмір сүре алмайды. Адамдар бір-бірін толықтыру, бір-бірінің қажеттілігіне болысу арқылы ғана жүйелі тәртіп, ізгі қоғам қалыптастыра алатындығын баян етеді. Ұлт-ұлтқа, ру-руға бөлінген адамзатты біріктіретін құндылық – ізгілік қана. Ізгі қоғамды қалыптастыратын жандар – Алланың ең ардақты деп танылған тақуа құлдары, яғни жүрегінде зәрредей жаманшылығы жоқ жандар. Тақуалық – Алладан шын қорқып, бұйырған әмірлерін ықыласпен орындау әрі Жаратқанның азабына итермелейтін күллі күнә істерден өзін қорғай білу дегенді білдіреді.
Халқымыз: «Құдайдан қорықпағаннан қорық», – деп ескерту айтқан. Құдайдан қорқатын адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамға жақсылықтың дәнегін егеді. Ал, Құдайдан қорықпағаннан қоғамға тигізер зиян мен кез-келген қауіптің бәрін күтуге болады. Мынаны білу керек, қоғамның жақсылыққа бет түзеуі немесе жамандыққа жол ашуында әр адамның өзіндік қолтаңбасы қалады. Өйткені, жақсылы-жаманды қоғам қалыптастыратын адамзат қана. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ақиқатында, адамдардың арасында жақсылықтың кілті әрі жамандықтың құлпы болып табылатындары бар. Және адамдардың арасында жамандықтың кілті әрі жақсылықтың құлпы болып табылатындары да бар. Алла жақсылықтың кілті қылған адамдарға Туба (Жәннаттағы ағаш) болсын, әрі Алла жамандықтың кілті қылғандарға қасірет болсын!», – деген екен. Жүрегінде иманы бар, Алладан шын қорқа білетін пенде жақсылықтың есігін ашып жүреді. Қоғамға қауіп төндіретін жамандықпен күреседі. Әрбір жасалған жақсы істер ізгі қоғамның іргетасын бекітеді. Сол секілді әрбір туған жаманшылық ізгі қоғамның ішін жегідей жейтін құрт іспетті.
Алланың құзырында хақ болып табылған ислам – адамзат баласын қоғам болып тіршілік жасауға, татулықтың астында ынтымақпен ғұмыр кешуге шақыратын асыл дін. Айтпақшы, жоғарыдағы аятқа тағы бір назар салып көрейікші. Әуелі сендерді бір ер және бір әйелден жараттық деп тұр. Ойымызға әу баста жаратылған Адам ата мен Хауа ана еске түседі. Расында, адамзат осы екі жұптан тарап, жер бетінде көптеген ұлт-ұлысқа айналды. Сонымен қатар, «сендерді бір ер және бір әйелден жараттық» деген аятта сіз білмейтін тағы бір хикмет бар. Аятта өзіміздің ата-анамыз да меңзеледі. «Отан – отбасыдан басталады», – деген сөз бар. Яғни, қоғамның негізгі іргетасы, ұрпақ тәрбиесі, ертеңгі болашағы сол отбасыдан қаланатындығын баян етеді.
Біле-білсек, Алланың әрбір жаратқан жаратылысында хикмет пен тәртіп бар. Тәртіптен ауытқыған қоғам Алланың хикметінен алыстайды. Асыл дініміз ислам жекелеген адамға екі дүние бақытын нұсқағаны секілді, қоғамның тыныш, адамзаттың бақ пен берекеде өмір кешуіне де бақыт жолын нұсқайды. Ден қойып қарасақ, күнделікті құлшылық-ғибадаттарымыздың өзі қоғамды ізгілікке үндейді. Мешіттерде оқылатын бес уақыт жамағат намазымыз, жоқ-жітікке беретін зекетіміз, жылына бір шалатын құрбандығымыз, әлем мұсылмандарының ортақ орындайтын қажылығы – қоғамның тыныштығы, адамзаттың игілігі үшін бұйырылған ғибадаттар. Алла Тағала былай бұйырады: «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Өздерің үшін ілгері бір жақсылық жолдасаңдар, оны Алланың құзырында табасыңдар. Шынында Алла Тағала не істегендеріңді толық көруші», – делінген («Бақара» сүресі, 110-аят).
Ислам діні бұйырған бес парыздың бірі ол – зекет. Ал, енді аяттың айтпағы не, ізгі қоғам қалыптастыруға берер сабағы қандай? Қазір қоғамға қарасақ, бай адам үсті-үстіне байып бара жатса, жоқ-жітіктердің тірлігі кері кетіп тұр. Бір сөзбен айтсақ, бай мен кедей арасы тым алшақ. Міне, зекет ғибадаты бай мен кедей арасын жақындастырып, қоғамның берекеті мен әлеуметтің теңдігін сақтайды. Яғни, адамға қамқорлық көрсету, жанашырлық таныту, мейірім, жақсылық жасау – ізгі қоғам үшін ауадай қажет. Ал зекет осындай ізгі қасиеттерді бір бойымызға сіңіретін ғибадат. Абай атамыз өзінің өлеңінде: «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс…», – деп келтіреді. Ал, Дулат Бабатайұлының жыр жолында: «Қайырсыз байдан пайда жоқ. Нашарға жәрдем бермесе», – деп келеді.
Ислам дінінде бұйырылған әрбір ғибадаттың мақсаты – қоғамдағы әділетсіздікке жол бермеу, адамдар арасындағы сүйіспеншілікті арттыру болып табылады. Әр адамның қоғамда жасап жатқан еңбегі, қызметі, үйренген білімі мен тәлім-тәрбиесі мұның барлығы ізгі қоғам қалыптастыратын игі амалдар. Абай атамыз өзінің қара сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – қандай керемет айтып кеткен. Адамшылықтың қарызы дегеніміз – ізгі қоғамның іргесі нық болуына титтей де үлес тигізу болып табылады. Егер адам өз нәпсісі мен қарақан басының құлқы үшін жүрсе, өзі үшін оттаған хайуанның әр жақ-бері жағы боп қалады екен.
Құранның ізгі қоғам қалыптастыруға нұсқайтын тағы бір аятына тоқталсақ. Аятта былай дейді: «Расында мәнінде мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр. Сондықтан (жүз шайысып, ат құйрығын кесіскен) бауырларыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», – дейді («Хұжұрат» сүресі, 10-аят). Аталған аят мүмін-мұсылмандардың бір-біріне туыс-бауыр екенін еске салады. Үмметтің бірлігі бауырластықты, туыстықты сезінумен сақталады. Демек, кісі өзіне қаламаған бар жамандықты өзінің туыс-бауырына да қаламауы керек. Аяттың жалғасында екі туыстың арасын бұзатын кез-келген жамандықты дереу тоқтатып, араларын жарастырып жіберу – мұсыллмандық-туыстық ақы екенін жадымызға салады. Егер осындай жақсы істер жасайтын болсақ, Алланың игілігі ізгі қоғам иелеріне түсері хақ. Кейде шайтан азғырған іске мұсылмандық тоқтау айтылмаса, мұсылман бауырлардың, ағайын-туыстың арасына өшпестей сызат түсіп, өзара мейірім мен сүйіспеншілік жоғала бастайды. Ал талас-тартысқа түскен, бірлігі жоғалған кез-келген қоғам түбінде жойылатындығын анық аңғаруға болады. Сол үшін аталған аятқа амал етіп, бір үммет ретінде бір-бірімізге әрдайым тіреу болмасақ, басымызға қонған бақ-берекеден алыстап кетуіміз бек мүмкін. Өйткені, біздің күшіміз ауызбірлікте ғана. Бабаларымыз: «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас», – деп бекер айтпаса керек?!
Ата-бабаларымыз да қоғамның бірлігін басты орынға қойған. Бақ та, береке де -қоғамның ізгілігінде екенін түсінген. Бабаларымыздың мына бір даналық ісіне қарайықшы. Алдына сәлем беріп, елді ынтымақтастыру жөнінде келген жас Төле биге қарт Әнет бабамыз садақтың алты оғын біртіндеп сындырып, оны екі бүктеп он екі шыбық етіп ортасынан бір буады.
Сосын:
– Міне, енді сындырып көрші, – дейді Төле биге. Төле бірден бір буда шыбықты қалай сындырсын. Шыбықтарды Әнет бабаға қайтарып:
– Айып етпеңіз, бұл жұмбағыңызды түсінбедім, Әнет баба, – депті. Сонда Әнет бабамыз мынадай өсиет айтыпты:
– Төлежан, ешқашанда өзімшіл болма, көптің айтқанын тыңда. Көптің айтқанын тындасаң, көп те сенің айтқаныңды орындайды. Көп болсаңдар, сендердің белдеріңді ешкім сындыра алмайды. Ал әрқайсың жеке-дара болып ынтымақтарың жараспайтын болса, мына жеке шыбықтарды сындырған секілді әркім-ақ бірліктеріңді бұзып, берекелерінді кетіреді, – деген екен.
Бабаларымыз: «Адам ұйымшыл, мал үйіршіл», – деген екен. Ізгі қоғам үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және сіз-біздіктен туған сыйластықтан басталады. Егер бұл айтқандар болмаса, ел ішінен береке кетеді. Осындайда: «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, береке кетсе – нең қалар», – деген бабалар нақылы еріксіз еске түседі.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайда әкелгендері», – деп айтқан. Бұл хадистің мәні терең, тәрбиесі мол. Адам болу бір бақыт. Ең жақсы адам бола білу – мың бақыт. Себебі, ондай адам алған білімімен, жиған байлығымен, бойындағы көркем мінезімен, қолындағы қызметімен адамдарға пайда тиігізіп, ізгі қоғамның іргесін мықтайды. Енді бір хадисте: «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам», – деп сипатталады. Бір сөзбен айтсақ, нағыз мұсылман – қоғамның үлгі тұтар азаматы. Өйткені, ондай адам қоғамға тілімен де, қолымен де еш зиян бермейді. Сөзі мен ісі қоғамның игілігіне ғана пайда әкеледі.
Сөзімізді қорыта айтсақ, биылғы 2023 жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп айшықтап, осы бағыттағы атқарылатын көптеген игі істерге басымдық беруде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біздің халық алдындағы басты міндетіміз – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізгі қоғам құруға қадам жасау. Біз үшін қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі маңызды», – деген еді. Шынында ислам ізгі қоғамды қалайды. Мұсылман да ізгі істің басы-қасында жүреді. Сондықтан әрбір мұсылман үмметі елдің бірлігін нығайтып, ізгі қоғам қалыптастыруға өзіндік ықпалын тигізуі керек. «Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман», – дейді қаз дауысты Қазыбек би бабамыз. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», – деген осы. Отаны бірдің жүрегі бір, ал жүрегі бірдің тілегі бір. Бірлік қана адамдар арасындағы татулық, бауырластық, туыстықты арттырады. Бұл – біз қалаған ізгі қоғамның ортақ ұстанымы.
Болатбек АБУОВ,
Қызылорда облысының бас имамы