ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
04/20/2023 22

ӘЙІМБЕТ ИШАН

ӘЙІМБЕТ ИШАН

Қазіргі қарақалпақ жері ертеден  қазақ-қарақалпақ жұрты қатар қоныстанған қасиетті мекен саналады. Әсіресе бүгінгі  Тақтакөпір ауданы  аумағында, ертеде Дәуқара аталған өңірде тарихта өз орны бар көптеген қазақтың би-батырлары, ақын-жыраулары мен ишан-ахундары өмір сүрген. Олар ата-баба дәстүрін берік ұстанып, дін мен ділді кеңінен насихаттады. Сөйтіп, ұлттың рухани байлығының қаймағы бұзылмай, ұрпағына  түгелдей жеткізуге мейлінше үлес қосты.

Дәуқара өңірінде кеңес өкіметі тұсында  коммунистік партия қатарына қабылданғандар да болды, бірақ солардың өздері ауыл ақсақалдарының айтқанын екі етпейтін еді.  Кеңестік білім арқылы әбден шегеленген, атеистік ілімді насихаттауға тиісті қоғамтанудан сабақ беретін  мұғалімінің өзі оқушыларға «құдайсыздықты» айтқанымен,  класқа кірер алдында «Алладан сан мәрте кешірім сұрайтыны» анық-тұғын. Бұл мұсылманшылықтан арылмаған ортаның әсерінің күштілігі еді.  Әрине, оған сол жерде өмір сүрген дін ғұламаларының ықпалы мол болғаны сөзсіз.

Дәуқара өңірінде өмір сүрген,  Әмудария мен Сырдария бойындағы қазақ, қарақалпақ, өзбек, түрікмен халықтарына кеңінен танылған, сондай ағартушы, діни ғұламалардың бірі – Әйімбет ишан Қаймақбайұлы (1855-1937).

Діни-ағартушылық бағытта белсенді еңбек етіп, халықтың ықыласына бөленген Әйімбет ишан қазіргі Шымбай өңірінде дүние есігін ашқан. Қаймақбай дүние есігін ашқан ұлына қарақалпақтың мәнжулі руынан шыққан белгілі дін ғұламасы Айымбет ишанның есімін береді. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор М.Әбілұлы ишанның көзін көріп, сөзін тыңдаған қариялардан мәлімет жинастырып, 1995 жылы «Әйімбет ишан» атты еңбегін жарыққа шығарды. Аталған еңбекте ишан жайында: «Қаймақбай ер жеткен соң осындай беделді ғұлама адам болсын» деп, Шымбай өңірінде жасайтын белгілі діни ғұлама Әйімбет ишанға (Айымбет ишан боп та айтылып жүр. Қарақалпақ халқының ХІХ ғасырда өмір сүрген мәнжулі руынан шыққан белгілі діни ғұламасы) барып, жаңа туған сәбиге ат қойып беруді өтінген. Сонда Әйімбет ишан: «Қуанышың құтты болсын, Қаймақбай. Ұлың мына мен сияқты ғұлама болады, атын Әйімбет қойдым», – деп, Қаймақбайды қуантып үйіне қайтарады», деп жазады.

Әйімбет Қаймақбайұлы есейіп, мәнжулі Әйімбет ишаннан дәріс алып, тәлімін меңгеріп, ең сенімді шәкіртіне айналады. Әйімбет ишан Қаймақбайұлының шөбересі Қайратдин Мұхамматдинұлы бұл жөнінде былай дейді: «Атамыз Әйімбет мәнжулі Әйімбет ишанның медресесінде оқып, білім алады. Ақылды, ұқыпты жас Әйімбет зеректігімен Әйімбет ишаннан көп үйренеді. Қолына шатырхатын алып, ұстазымен қоштасып Дәуқара өңіріне жолға шыққанда ұстазы шәкіртін біраз жерге дейін шығарып салады. Ұстазының шәкіртті сонша құрметтеп ұзақ жолға дейін шығарып салғанына таң қалысып сұраған өзге шәкірттеріне: «Әйімбет шәкіртім көп білім алды, ол білімді өзіміздің елге беруге бара жатыр ғой  деп құрметпен шығарып салдым» деген екен.

Әйімбет Қаймақбайұлы Хиуа қаласындағы діни медреседе 12 жыл оқып, араб, парсы, қарақалпақ, өзбек, татар, түрікмен тілдерін жетік меңгеріп, халық арасында «ишан» атанады. Әйімбет ишан Дәуқара өңіріне  оралып, ұстаздық, ағартушылық қызметке кіріседі. Өзінің «Қамысты» медресесін салғанға дейінгі аралықта қазіргі Қоңыраткөл өңіріне салынған Қожабай («Қозы ишан» атанған) ишанның медресесінде біршама уақыт ұстаздық етеді.

1890 жылдары шамасында Әйімбет ишан Қамысты көлінің бойына медресе салады. Бұл халық арасында «Қамысты медресесі» атанып кетеді. Медресенің салынған жылдарына байланысты әртүрлі мәлімет бар, сол деректердің бірін  әдебиетші-ғалым М.Әбілұлы «Қамысты» медресесінде 1922-29 жылдары оқыған Әбдіәмбет Сапарұлы (1909 ж.т.) ақсақалдан жазып алған. Ишанның көзін көріп, тікелей тәлім алған Ә. Сапарұлының мәліметіне сүйенсек, Әйімбет ишанның «Қамысты» медресесі 1890-1900 жылдары аралығында салынған. Бұл күнде медресенің біраз дуалдары құлап, көптеген бөлмелерінің төбелері опырылған.

Бүгінде аталған медреседе қанша шәкірт білім алғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Әжем Анарбике Қорғанбайқызы (1925-2015) «Қамысты» медресесінде 900-дей адам оқыған» деп айтып отыратын. Бұл мәліметті атамыз Қайрулла Игібайұлынан (1914-1985) естіген сияқты. Атамыз Қайрулланың әкесі Игібай ахун Әйімбет ишанмен жақсы таныс, араласқан кісі.

Медресе шәкірттері көктем шыға сабақ арасында «Тақырішек» деген жерге тары, бидай, қауын-қарбыз, тағы да басқа дәнді дақылдар егіпті. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін мемлекетке тапсыру үшін мақта да еккен көрінеді(«Тақырішек» – медресе мен қазіргі Жаңадария ауылының аралығындағы жер атауы). Медресе шәкірттері өздері еккен өнімдерінің бір бөлігін тамаққа пайдаланса, бір бөлігін сатып қажетті тұрмыс бұйымдарын, киім-кешек пен кітап алып отырған. Медресе шаруашылығы үшін қой қоралар салынып, мал ұстаған.

Әйімбет ишанның «Қамысты» медресесінде Бесқала (Қарақалпақстан) жастары ғана емес, қазіргі Оңтүстік Қазақстанның Шаян өңірінен – Әлібек мақсым, Қызылордадан – Нәжімаддин ахун, Жайқожа ахунның балалары –  Қожахмет, Құлахмет мақсымдар, Ақтөбе өңірінен – Нұрғабыл мақсым, Үргеніштен – Айбек мақсым, Қазалыдан – Нұрбек мақсым, Аралдан Әлімбет мақсымдар оқып, білім алған. Әйімбет ишанның медресесінде оқып, сауат ашқан кейбір адамдар кейінірек өзге аймақтардағы айтулы медреселерде білімдерін жалғастырған. Мысалы, Әйімбет ишанның дәуқаралық шәкірттері – Дәлібек Есенбекұлы (1886-1937) Татарстанның Қазан қаласындағы діни медреседе оқыса, Сахи ахун мен Тәшімбет қари, баласы Жұманазар Хиуа медресесінде білімін толықтырған.

Бүгінде дуалдары құлап, жұқанасы ғана қалған «Қамысты» медресесі кезінде 40-50 өжірелі (бөлмелі) етіп салынған. Медресенің үлкен залы жамағатпен намаз оқитын бөлме болса, көптеген өзге бөлмелері ұстаздар мен шәкірттерге арналған. Медресенің көптеген бөлмелерін оқытушылар мен шәкірттер жатақ орын ретінде пайдаланған. Медресе дуалдары соқпадан, иленген балшықтан салынған. Дуалдарының ішкі жағында арнайы кітап сөрелері болған. Ол сөрелерде кейбір кітаптар кешегі 1990 жылдарға дейін тұрғанын көрген ишанның шөбересі Қайратдин Мұхамматдинұлы: «1980 жылдардың ішінде атамыздың, әкеміздің басына зияраттап барып жүргенімізде, медресенің кітап сөрелерінде шаң басып, сарғайған кітаптар тұратын. Шынын айтқанда, сол кітаптарды алуға, ашып көруге именетін едік. Ол кітаптар беріге дейін тұрып, кейін жоғалып кетті»,  дейді.

Қамысты» медресесінің шәкірттері жан-жақты білімін кеңейту мақсатында Қазан, Орынбор, Уфа қалаларынан шығып тұрған «Тәржіме», «Вахт», «Дин ва мешит» газеттерін алдырып отырған.

Қожабай ишанның медресесінде сабақ берген уақытын айтпағанның өзінде, Әйімбет ишан өзінің медресесінде өткізген 47 жылын бала оқытуға арнап, 900-дей шәкіртті тәрбиелеген.

Әйімбет ишанның «Қамысты» медресесінде Әбдімұрат жырау Қоңырбайұлы (1897-1943), Теңізбай жырау Есенбайұлы  (1905-1968) да оқып, білім алған. Қазіргі Жаңадария ауылына іргелес «Балапан» ауылында туып-өскен атақты Өтім жырау да осы медреседен білім алған сияқты. Өтім жыраудың туған ағасы Мүсіреп би Балтуғанұлы Әйімбет ишанның сұпысы әрі сенімді серіктерінің бірі болғаны белгілі. Ишан Хиуа сияқты алыс сапарларға шыққанда Мүсіреп биді қасынан тастамай ертіп жүреді екен.

«Қамысты» медресесі 1937 жылға дейін, яғни, Әйімбет ишан дүниеден өткенге дейін жұмысын, оқу-ағарту бағытын жалғастырған. Медресе айналасы бүгінде үлкен қойымшылыққа айналған. Нақты мәліметтерге қарағанда, медресе жұмыс істеп тұрған кездің өзінде қайтыс болған адамдар медресе төңірегіне жерлене бастаған. Мысалы, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қайтыс болған Өтім жырау Балтуғанұлының сол жерге жерленгеніне қарағанда, медресе төңірегіне Әйімбет ишанның көзі тірісінде-ақ қорым пайда бола бастағанын аңғаруға болады.

Кеңес заманы келіп діни ағартушылар қудалауға ұшырағанда 1934 жылы Әйімбет ишан да Төрткүл қаласына бір топ молда-ишанмен  бірге шақырылады.  Қазан қаласынан келген ресми органның ұлты татар Шарифов атты өкілі  Әйімбет ишанды ақтап, «Ешқандай ісінде қауіп жоқ, діни-ағартушылық ісін жалғастырсын» деген шешім шығарады. Сол бұйрықтың негізінде кеңес өкіметі дәуірлеген заманда да Әйімбет ишан дүниеден қайтқанға дейін «Қамысты» медресесінде шәкірт тәрбиелеу ісін жалғастырады.

Әйімбет ишан Қаймақбайұлы қазіргі Жаңадария аулының батысындағы «Қусирақ сала» деген жерде 82 жасында қайтыс болып, өзі салған «Қамысты» медресенің ішіне жерленеді. Көнекөздерден жеткен әңгімелерге қарағанда, дүниеден ишан шілде айының ішінде қайтыс болып, сол тұста қар жауғаны айтылады.

Әйімбет ишаннан – Әбдіғаппар, Жұманазар, Әбдікерім, Әбдінайым атты төрт бала тараған. Бұл төрт бала да әкесінің қолында оқып, сауат ашқан. Жұманазар қаридан – Имаматдин, Жамаладдин ишан, Мұхамматдин ишан, Тәжетдин ишан тараса, Әбдікерімнен – Әбдіразақ, Әбдінайымнан – Оқап, Әбдіжәлел, Әбділәтіп, Мұсаматдин (Мүсілім) атты балалары өрбіген.

Діни-ағартушылар да, олардың ұрпақтары да кеңес өкіметінің  қуғынына ұшырағанда, Әйімбет ишанның Әбдіғаппар, Әбдінайым сынды балалары Дәуқара өңірінде қалып, Жұманазар мен Әбдікерім атты балалары Беруни, Шаббаз өңірлеріне қоныс аударуға мәжбүр болады. Заман тынышталып, жайма-шуақ заман келгенде Жұманазар қаридың ұрпақтары 1960 жылдардың аяғында Тақтакөпір ауданының «Төртінші ауылына» қайта оралады.

Ишанның үшінші ұлы Әбдікерім 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, содан оралмай, хабарсыз кеткен. Әбдікерімнің баласы Әбдіразақ, оның балалары – Әбдулазір, Әбдуназір, Әлишер, Әбдісамат, Әбдіжәлилдер Дәуқараға келмей, Шаббаз өңірінде қалып, сонда өсіп-өнген. Бүгінде олардың ұрпақтары Қарақалпақстанның Беруни өңірінде, Жамбыл облысының Қордай ауданында тұрады.

Әйімбет ишанның балаларынан тараған ұрпақтары да ата жолын жалғастырып, халыққа әйгілі діни ағартушылар болды. Олар – Жамаладдин ишан Жұманазарұлы, Мұхамматдин Жұманазарұлы (1929-1979), Оқап Әбдінайымұлы (Оқап «Жаңадария» кеңшарында молда болды), Тәжетдин ишан Жұманазарұлы (1945 ж.т.) тағы да басқалар.

Әйімбет ишанның Жұманазар қаридан тараған шөбересі – Хансейіт Тәжетдинұлы бабасының діни-ағартушылық жолын жалғастырып, Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетінде білім алды. Бүгінде Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» мешітінде наиб-имам қызметінде жүр.

Құдайға шүкір, кешегі  кеңестік кеңістіктегі түркі республикалары өз тәуелсіздігін алып, дербес даму жолына түсті, діни бастауына қайта оралды. Осыдан екі жыл бұрын Қарақалпақстан Республикасы Тақтакөпір ауданының Мүлік ауылында  көптің көмегімен Әйімбет ишан мешіті бой көтерді. Осылайша алыстағы ағайын  бабалар ұстанған жолды жалғастырып, ұрпағына имандылық пен адамгершілік қасиетті бойына сіңіріп келеді.

 

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА