ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
01/21/2023 1974

КӨЛІКТІ КӨЛІККЕ АЙЫРБАСТАУДЫҢ (БАРТЕР) ҮКІМІ

КӨЛІКТІ КӨЛІККЕ АЙЫРБАСТАУДЫҢ (БАРТЕР) ҮКІМІ

Қазіргі таңда көлік сатып алу мен сатудың бірнеше жолы бар. Соның бірі – белгілі бір маркалы көлікті басқа маркалы көлікпен айырбастап, үстінен ақша қосып сату.  

Жалпы алтын мен күмістен басқа бір затты екінші затқа айырбастау келісімшарты бартер саудасы деп аталады[1].

Шариғатта айырбастау (бартер) саудасына, яғни бір затты екінші бір затқа немесе бір жануарды екінші бір жануарға айырбастауға рұқсат етіледі[2]. Бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жаушан ибн Рабиғтың берген атын сауытқа айырбастағаны дәлел болады[3].

Сондай-ақ ибн Омардың Осман ибн Аффанмен Мәдина қаласының солтүстігіндегі бір жерін сол жерге жақын бір жерге ауыстырғаны (бартер жасағаны) қуаттайды[4].

Ғалымдар жынысы бір нәрселерді мысалы, бір түйені екі түйеге қолма-қол айырбастауға (бартер жасауға) бірауыздан келіскен. Алайда айырбасталып жатқан нәрсенің бірін кешіктіріп беру тартысты мәселе[5].

Ханафи мәзһабында жынысы бір нәрселерді айырбастау барысында есесін кешіктіруге, несиеге беруге болмайды[6]. Яғни бір қойды екі қойға бартер жасағанда қолма-қол болуы керек[7]. Самура ибн Жундубтан жеткен риуаятта: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жануарды жануарға сату барысында (есесін) кешіктіріп беруге тыйым салды»[8], – делінген.

Шафиғи мәзһабында рибаның басқа да себептері болмаса, жынысы бірдей нәрселерді несиеге беруге тыйым жоқ[9]. Абдулла ибн Амрдан жеткен хадисте: «Бір түйені екі түйеге айырбастап, оны түйеден зекет берілетін уақытқа дейін алатынмын (яғни, зекеттен түскен екі түйені бір түйенің ақысы ретінде береді)»[10], – дейді.

Дегенмен Ханафи мәзһабының ғалымдары жынысы бір немесе әртүрлі нәрселерді анықтаудың негізгі себептердің бірі ретінде жасалу жолдарының әрқалай болуын келтіреді. Мысалы, бір фабриканың шығарған көйлегі екінші бір фабриканың шығарған өнімінен сапасы, материалы жағынан бір-біріне сай болмауы мүмкін[11]. Ибн Һумам: «әл-Һәрәуи мен әл-Мәруидің киім цехы мен материалы әрқалай болуына байланысты екеуі екі түрлі жыныс болып саналады»[12], – дейді.

Осыған орай әр елдің немесе фирманың өнімдерінде айырмашылық болса, онда шығарған киімдерінің немесе көліктерінің жыныстары бірдей болып саналмайды. Сондықтан белгілі бір маркалы көлікті басқа маркалы көлікпен айырбастауға немесе сипаттамасында айырмашылығы бар бір маркалы көліктерді де өзара бартер жасап, үстінен ақша қосып төлеуге де, есесін кешіктіріп беруге де болады.

 

ҮКІМ:

Сипаттамасында айырмашылығы бар бір маркалы немесе басқа маркалы көліктерді өзара үстіне ақша қосып ауыстыруға да, есесін кешіктіріп беруге де рұқсат. Сондай-ақ өзара келісіммен ешқандай үстемесіз де ауыстыруға болады.

 

[1] Али Хайдар, Дурәр әл-Хуккәм шарх мәжәлләт әл-Ахкам 1/113.

[2]  Маусули, әл-Ихтияр, 2/73-74.

[3] Әбу Дәуіт, №15399.

[4] Бұхари, №2116.

[5] Ибн Хажар, Иғлам әл-Әнәм шарх булуғ әл-Марам мин ахадис әл-Ахкам, 29.

[6] Ханафи мәзһабында риба саналу үшін жынысы бір зат және мөлшерленетін нәрсе болу керек. Егер бидайды бидайға сату секілді жынысы мен мөлшері бірдей нәрсе болса, онда артығымен беруге де, несиеге де болмайды. Егер бидайды арпаға сату секілді жынысы бөлек, мөлшерленетін зат болса, онда артығымен сатуға болады, бірақ несиеге беруге болмайды. Ал енді мөлшері болмай, тек жыныстары бірдей болса, онда артығымен қолма-қол сатуға болады. Мысалы, бір қойды екі қойға айырбастап сату. Егер жынысы да, мөлшері де табылмаса, артығымен де, несиеге де сатуға болады. Мысалы, бір алманы екі жұмыртқаға сату (Мухаммад Таки Усмани, Фиқһ әл-Буюғ, 2/663).

[7] Шарху мәғани әл-әсәр, 4/60-62.

[8] Ахмад 5/12. Тирмизи, №1237. Нәсәи, 7/292. Ибн Мәжә, №2270.

[9] Ибн Құддама, әл-Муғни, 4/131-132. Әл-Мәусуғату әл-фиқһия, 73.

[10] Әбу Дәуіт, №3356. 3/652-653. Тирмизи, №1237. Байһақи, 5/287-288.

[11] Мухаммад Таки Усмани, Фиқһ әл-Буюғ, 2/669-670.

[12] Фәтху әл-қадир, 6/156-157.