ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
04/20/2021 60

КӘМІЛ АДАМНЫҢ СИПАТЫ ҚАНДАЙ?

Барша әлем белгілі бір себеппен жаратылғаны мәлім. Адамзат сол әлемнің бір бөлшегі, демек оның да бұ дүниеге келуінде бір себеп бар. Алла Тағала қасиетті Құран кітабында «Ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы екенін сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан» дей келе, адамның бұл дүниеге сынақтан өту үшін келгенін баяндайды. Сынағынан сүрінбей өткен, сондай-ақ тақуа болған құлдарына мәңгілік рахат мекені – жұмағын әзірлегенін хабардар етеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің имандарың кәміл болмай Жәннәтқа кіре алмайсыңдар. Бір-біріңді жақсы көрмейінше имандарың кәміл болмайды…» деп ескертеді. Демек адам баласы жұмаққа қол жеткізу үшін сынақтан сүрінбей, иманын кемелдікке жеткізіп, тақуа құлдарының қатарынан болуға тырысуы керек. Олай болса, адамның негізгі мақсаты ихсанға, кемелдікке жету болмақ.

Бабаларымыз Қожа Ахмет Яссауидің «инсан кәмил», Абайдың «толық адам» концепцияларынан олардың адамнан талап етілген осы мақсатты түсінгенін аңғарамыз. Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Сыртыңды сыланасың өң беріп, Ішіңнің түзетпейсің қатасын» деген өлең жолдарынан да дананың шариғаттың мәнін ұғынғанын көруге болады.

Егемендікке ие болғалы дініне қол жеткізген халқымыз иман шарттарына иланды, құлшылықтың негіздерін үйреніп, шариғаттың талаптарын орындауда. Ендігі кезек осы ихсанның мәнін түсініп, кәміл адам қатарынан табылу. Осыны ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарманың жұмысын 7 бағытта етіп бекітті. Жеті бағыттың бірі – рухани тәрбие Ихсан ілімі. Сондықтан алдымыздағы мақсат – қалың жұртқа осы Ихсан ілімінің мағынасы мен мәнін түсіндіріп, жеткізу.

Ихсан сөзіне Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық қылуың. Егер оны көрмесең, Ол сені көріп тұр» – деп түсінік берген. Тілдік мағынасына келсек, ізгілік, игілік, жақсылық, жақсылық жасау, әр нәрсені кемел, көркем түрде орындау деген мағыналарға саяды.

Алла Тағала Құранда бізге: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан әм зорекерліктен тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине түсінерсіңдер» («Нахыл» сүресі, 90-аят) деу арқылы ихсанды әділдікпен қатар әмір етеді. Ғалымдар әділдік дегеніміз – біреуге қатысты ақысын беріп, өзіне тек өзіне қатыстысын алу десе, ихсан – біреудің ақысын арттырып беру (ақысынан артық беру), өзінің үлесін кемдеу алу деп түсіндіреді.

Даңқты сахаба Әлиден (Алла оған разы болсын!) ихсан сөзінің мағынасын сұрағанда: «Сенімен қарым-қатынас үзгенмен қарым-қатынаста болуың, саған бір нәрсе бермегенге, беруің» – деп жауап қатқан.

Адам баласы өзіне берілген ғұмырында жүрегіндегі барлық дерт атаулыдан арылып, сол ихсан дәрежесіне жетіп, кәміл инсан болып үлгеруі тиіс. Әйтпесе Қияметте Алланың кешіріміне ие бола алмай қалса, дертінен, жүрегіндегі күнә себепті пайда болған дақтардан тазару үшін отқа түсуге мәжбүр болады. Олай болмасы үшін Жаратқан Хақ Тағала кемелдікке жету жолдарын берген. Ол жолдары дінінде, шариғатында жасырылған. Шариғаттағы қай амалды алсаңыз да, адамды тәрбиелеу, кемелдікке жеткізу мәні жатыр. Бұған көз жеткізу үшін тек Ислам дінінің бес парызын талдап көрсек те жеткілікті.

Дініміздің негізі болған «кәлима шәһадат» сөздерін, яғни «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед Оның құлы һәм елшісі» деп куәлік еткен адамның күнәлары кешірілетіні баршамызға мәлім. Міне, осы мезетте ол дүниеден өтетін болса, жұмаққа лайық болады. Себебі күнәсі кешірілуімен қатар, оның жүрегінде еш дақ, дерт қалмайды. Сонысымен ол жәннатқа барады.

Қасиетті Құранда Алла: «Ақиқатында намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды» («Ғанкабут» сүресі, 45-аят) деп баяндайды. Демек намаз бізді жаман атаулыдан тосу керек. Алайда көп жағдайда олай болмай келеді. Себебі біздің намазға деген қарым-қатынасымыз дұрыс емес. Дұрыс болғанда, намаз өз «функциясын» орындар еді. Сол үшін намаздың мәнін түсініп орындасақ, күнәлардан арылып, кемелдене түсеріміз анық. Оған қоса намаз оқыған адам тәртіпке, тазалыққа дағдыланып кемелдене түседі. Осылайша діннің тірегі болған намаз адамды тәрбиелейді.

Оразаның парыз етілу мақсаты – тақуалықты арттыру, кемелдікке жету. Алла Тағала: «Сендердің тақуалықтарың арту үшін бұрыңғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) – дейді. Бұл дегеніміз ораза тұтқан адам теріс әдеттерден, мінезден арылып, кемелдене түсуі тиіс деген сөз. Алланың елшісі де (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза кезінде адам өтірік айтуын және жалған істерін тоқтатпайтын болса, онда Аллаға, ондай адамның тамақ пен судан бас тартқанының керегі жоқ» деп, оразаның түпкі мәніне назар аудартуда. Сол үшін Рамазан айының оразасын тұтқан адам ай соңында өзгеріп шыға келу керек.

Жағдайы бар адамға парыз етілген – зекеттің де тәрбиелік мәні бар. Құранның «Тәубе» сүресінің 103-аятындағы Алла Тағаланың Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Мұхаммед) олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің…» деген бұйырығынан зекет арқылы адамдардың өздерін де, мал-дүниесін де тазартатынын аңғарамыз. Себебі сараң парыз садақасын беріп үйренсе, нәпіл қайырымдылық жасауға дағдыланады. Сөйтіп жүрегі тазарып, жұмсарып, кемелдікке тағы бір қадам аттайды. Зекеттің мәнін білу үшін зекет сөзінің мағынасына үңілсек те жеткілікті. Өйткені зекет – тазару, тазалық деген мағыналарды білдіреді.

Шамасы келген адамға өмірінде бір мәрте жасауы міндетті болған – қажылық та адамды кемелдікке жетелейді. Екі дүние сардары өзінің хадисінде: «Кімде-кім Алла үшін қажылық жасап, жаман сөз бен әрекеттерден аулақ болса, анасынан туғанда қандай күнәсіз болса, сондай болып күнәларынан арылады» – деп хабардар етеді. Назар аударсақ, қажылықтан анасынан туған күніндегідей хәлде оралуын ойлаған адам, жаман сөз бен әрекеттерден аулақ болу қажет. Тіпті бұл жағдайды қажылықтан оралған соң да сақтауы тиіс. Пайғамбарымыздың «мабрур болған қажылық» дегенді «сәлемді жаю және мұқтаждарды тамақтандыру» деп баяндаған. Қажы қажылық жасау кезінде, кейін де сәлемді жайып, кедей-мұқтаждарға қамқор болуы тиіс. Яғни қажылықтағы табиғатын сақтап, жалғастыруы талап етіледі. Онысы жалғасын тауып жатса, өзгеретіні ақиқат. Міне, осылай жасаған адам кемелдене түсетіні анық.

Қажылыққа келген адам үстіндегі қымбат киімін шешіп, екі матаға оранып, мүсәпір күйін кешеді. Дүниедегі шені ұмытылып, ел қатарлы жамағатпен бірге қажылықтың шарттарын орындайды. Аңғарсаңыз, Алла Тағала адамды өзінің адамдық деңгейіне қайтарады. Оған ол бұл дүниеде мүсәпір екенін һәм уақытша келгенін есіне түсіреді. Олай болса, қажылық та адамды тәрбиелеп, кемелдікке жету жолында өз септігін тигізеді. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер имандарың кәміл болмайынша жәннатқа кіре алмайсыңдар. Бір-біріңді жақсы көрмейінше имандарың кәміл болмайды. Араларыңда сүйіспеншілік орнататын нәрсені айтайын ба? Араларыңда сәлемді жайыңдар!» – деп хабарлайды. Демек жұмаққа кіру үшін кәміл иман, ал иман кәміл болу үшін арамызда сүйіспеншілік орнау қажет. Жүрегімізге сүйіспеншілікті орнататын Алла болғанмен, оған себеп жасайтын өзіміз. Мәселен, бес уақыт намаздың, жұма намазының жамағатпен оқылуында осы сүйіспеншілік дәнін себу жатыр. Тарауық намаздары мен екі айт намазы, әлем мұсылмандарының бір жерде жиналып қажылық жасауы – барлығы мұсылмандар арасында сүйіспеншілікті, бірлікті арттыруға бағытталан. Арамызда сүйіспеншілік орнаған жағдайда ғана біз кемелдікке қол жеткіземіз. Кемелдікке қол жеткізсек, Алла мейірімін төгіп, жарылқаса, сынағынан өткен, жәннатқа кіруге лайық пенделері боламыз. Алла соған жеткізсін!

Қанат АЛШЫНБАЕВ,

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі

  «Мұнара» газеті, №7, 2021 жыл