ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
05/08/2020 201

Кең бол

Имам әл-Бухари өзінің “Сахих” жинағында Жәбир ибн Абдулладан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай деп айтқанын жеткізеді:

“Сатқан кезде, сатып алған кезде және қарызын сұраған уақытта кең болған адамды Алла рахымына алсын”.

Сауда жасаған уақытта сатушы да, сатып алушы да ең әуелі Исламдағы сауда әдебін сақтауы керек. Бұл адамдардың күнделікті қарым-қатынастарының бірегейі болғандықтан бұндағы шариғаттың талап-тыйымдарын білу – мұсылмандық парыздары.

Әбу Ханифаның шәкірті Мухаммад әш-Шайбаниден “Неге тақуалық туралы кітап жазбайсың?” деп сұрағанда “Мен сауда-саттық мәселелері туралы кітап жаздым. Егер адам сауда жасағанда шариғаттың талаптарын сақтаса, сонысы тақуалық емес пе?!” деп жауап берген екен. (Аз-Зарнужи. Тағлим әл-Мутағаллим)

Сол сияқты, біреуден қарызын қайтаруды талап еткен уақытта да жағдайын ескеріп, егер өзі мұқтаж болмаса кейінге шегеру, тіпті қиын болмаса кешіріп жіберу де – кеңдікке жатады.

Хадистегі “Алла рахымына алсын” дегенді бір ғалымдар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кеңшілік танытқандарға жасаған дұғасы десе, енді бір ғалымдар “Алла рахымына алады” деген уәдесі деп түсіндірген. Өйткені, басқа бір риуаятта “Алла оның күнәсін кешіреді” деп келген екен.

“Кең болсаң, кем болмайсың” демекші, ешкімді алдамайтын, ешкімнің ақысын жемейтін саудагердің тапқанына және қиянат жасамайтын (мысалы, киіп-киіп алып ұнамай қалды немесе жыртылып қалды деп қайтадан әкеп бермейтін, қолданып, қиратып мынауың “қытайски” екен деп ақшасын төлемей қоймайтын) сатып алушының алғанына Алла Тағала береке берері анық.

@dastan_kurmanbayev