Биыл барша мұсылман қауымы асыға күтетін Құрбан айт мерекесі 27 мамырда басталады. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті, мейірімділікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы да осында жатыр. Қасиетті мейрамның қарсаңында Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаевпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

 Дастан Жанасұлы, Құрбан айт мұ­сылман қауымына не үшін уәжіп, яғни міндет болды? Құрбан шалудың мәні мен маңызы қандай? Алғашқы сауа­лымызды осыдан бастасақ.

– Бисмилләһир-рахманир-рахим! Әуелі, «уәжіп» сөзінің мағынасына тоқталып өтсем. Өзіңіз айтқандай, қазақша баламасы – міндет. Діни тұрғыдан алғанда «парыз» дегенді білдіреді. Ханафи мәзһабында па­рыз бен уәжіп амал, яғни практикалық тұр­ғыдан бір мағынада қолданыла береді. Ал Құрбан айттың қиссасы бәрімізге белгілі. Ибраһим пайғамбар (Оған Алла­ның сәлемі болсын) мен оның баласы Исмаилдың арасында болған үлкен оқиға. Алла Та­ғала бұл пайғамбарды сынағысы келіп, оған түс көрсетеді. Пайғамбар түсінде бала­сын құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Оған бірінші күні мән бермейді. Негізінде, пайғамбарлардың түсі аян – уахимен тең. Оның бір түрі түспен келеді. Пайғамбарлардан басқа ешбір адамға уахи түспейді. Оны бекерден-бекер көрмейді. Ибраһим пайғамбар (Оған Алланың сәлемі болсын) түсінің Алладан екенін біліп тұрса да, мән бермеуге тырысады. Не дегенмен де туған баласы ғой. Исмаилдың құрбандыққа шалынып жатқанын екінші күні тағы көреді. Пайғамбар осыдан кейін түсінің уахи екенін білді дейді. «Білді» деген сөз араб тілінде «арафа» деп айтылады. Құр­бан айттың алдындағы күнді «Арапа» күні дейміз. Кейбір тәпсір ғалымдары бұл күнді осы оқиғадан кейін солай аталған деп айтады. Екінші күні түсінің Алладан екеніне көзі жеткен соң, үшінші күні оны жүзеге асыруға тырысады. Баласын құрбандыққа шалуға апарған кезде, Алла Тағала оны сынағанын білдіріп, көктен көк қошқар түсіреді. «Осы қошқарды құрбандыққа шал. Осыдан кейін сенің милләтіңе осы жол қалады» деп, құрбандық осыдан бас­талады. Біз «Ибраһимнің милләтіненбіз, Мұ­хаммедтің үмбетіненбіз» дейміз. Қы­рық парызда «Кімнің милләтіненсің?» де­ген сұрақ келеді. Осы жерде «милләт» де­ген Ибра­һимнен басталған жол дегенді біл­діреді. Бұл – ұзақ әрі мәшһүр қисса. Мен сізге құрбандықтың тарихын түсіндіру үшін қысқаша айтып отырмын.

Енді құрбан шалу кімдерге міндет де­генге келсек. Құрбан шалатын күні өзі­нің күнделікті ішіп-жеу, басқа да қажетті­лі­гінен бөлек, нисап мөлшеріне жететін не­месе одан асатын артық қаражаты бар адам­ға парыз. Нисап мөлшері 85 грамм алтынды құрайды. Теңгеге шаққанда 4 млн теңгенің ол жақ, бұл жағы. Осындай артық қаражаты бар адамға міндет болады. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Мұны не үшін айтып отырмын? Мәселен, Исламның 5 парызы бар. Оның бізге бәрі бірдей парыз емес. Намаз бен ораза – бәріне парыз. Бірақ соның ішінде қажылық пен зекетті алайық. Ол мал-дүниесі жететін адамға ғана парыз. Сол сияқты, құрбан шалудың да, Рамазан айында пітір-садақа берудің де дәл осындай шарттары бар. Қолында бары да, жоғы да құрбан шалсын, пітір берсін деген шарт жоқ. Демек, бұдан шығатын тұжырым: Алла Тағала біреуге артық мал-мүлік берсе, артық құлшылық пен ғибадат жүктейді екен. Өйткені, оның мал-дүниесі – оны аз­ғырудың тағы бір жолы. Бізді шайтан, нәп­сіміз азғырады. Ал нәпсіні қоздыратын фактор – мал-дүние. Кейбір үлкендеріміз: «Артық мал бітсе, есіріп кетеді» деп айтып жатады ғой. Сөйтіп, «есіріп», күнәға, ха­рамға, ысырапқа бет бұрады. Сондай бол­мас үшін оған тағы бір құлшылықтарды мой­нына іліп қояды. Алла Тағала сол үшін де Құрбан айт күні құрбан шалуды өзінің дәулет берген құлдарына міндет етті. Оның артында Алланы еске алу, мал-дүниесінің бір бөлігінің Жаратқанның жолында қию, шалынған малдың етін айналасындағы мұқ­таждарға таратып, оларға қол ұшын беру, солардың жағдайын түсіну секілді хикметтер бар. Егер жағдайы жетіп тұрып, құрбан шалмаса, ол міндетті біліп тұрып орындамаса, Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) «Біздің намаз оқитын жерімізге жа­қын­дамасын» деп айтқан. Қажылыққа барған­дар біледі. Мәдина қаласындағы «Пай­ғам­бар мешітінің» жанындағы алаңды Пай­ғам­барымыз (Оған Алланың игілігі мен сә­лемі болсын) кезінде «Мусалла», яғни айт намазын оқитын алаң етіп белгілеген. Осы жерге келмесін дейді. «Сен Алланың жолында малыңды қиып, парызыңды орын­дай алмай жүрсең, онда біздің арамызға, ортамызға қосылма, үмбетіміз болуға ла­йық емессің» деген ауыр ескерту айтқан. Осыдан-ақ Құрбан айттың маңызын көруге болады. Алла Тағала бекерден-бекерге ешкімге ештеңені бұйырмайды. Ештеңені бекерге жаратпайды. Сондықтан әр парыз бен міндеттің астарында осындай үлкен мән мен маңыз жатыр.

– Құрбан шалуда бастысы ниет еке­нін білеміз. Онда неге ақауы бар мал­ды, яғни тістері түгел емес, ақсақ, соқыр немесе тым арық малды шалуға рұқсат етілмейді?

– Біріншіден, құлшылық мәселелері «тауқифи» деп аталады. «Тауқиф» деген сөз «тоқтау» деген сөзден шығады. Яғни парыз, уәжіп етілген нәрселерді Алла Тағала көрсеткендей етіп орындайсың. Артық не кемі жоқ, дәл сол жерден тоқтайсың. Оған біреу келіп: «Мына жерін былай қылсақ, әдемірек болып кетер еді» деп айта алмайды және айтуға да болмайды. Мысалға намазды алсақ, «Қазір адамдар бұрынғыдай тақуа емес. Сондықтан, иман­дарын күшейту үшін тағы екі уақыт қосып, бес уақыт емес, жеті уақыт қылсақ, керемет болар еді» деп ешкім ойынан ештеңе алып-қоса алмайды. Тек Алла Тағала айтқан жер­де тоқтайды. Біз кейбір нәрселердің мә­нін білмесек те, соған тоқтаймыз. «Не­ге намаз бес уақыт? Неге шам намазы күн бат­қаннан кейін қараңғы түскенше, неге басқа уақыт емес?» деген нәрселерді түсіне алмауымыз мүмкін. Бірақ Алла Тағала со­лай болуын қалады. Біздің солай жасауы­мызда жақсылық пен пайда бар. Сол секілді, құрбандық шалған кезде де Алла Тағала «Малдың төрт түрінен ғана, атап айтқанда, түйе, сиыр, қой, ешкіден қабыл етемін» деді. Осы малдың төрт түрінің жас ерекшеліктеріне, жағдайларына байла­ныс­ты өзіндік талаптарын қойды. Қандай ақау, кемшілік болмау керектігін қадап көр­сетті. Ал «Ең бастысы ниет қой» деп тауық соя салса немесе «Соқыр болса да, қотыр болса да, ниетім түзу ғой» деп сол малды апарып құрбандыққа шалып жі­берсе, ол, әрине, жарамайды. Өйткені, Алла Тағала қалағандай орындап тұрған жоқ­пыз. Алланың бір бұйрығын орындап, бір бұй­рығын тәрк етіп тұрмыз. Бұл – бір. Екін­шіден, біздің шалып жатқан құрбан­дығымыз – Алла Тағалаға жасап жатқан сый-құрметіміз. Әдетте үйімізге құда-жек­жат немесе алыстан сыйлы қонақ кел­се, мал соямыз. Бір кісі болса да бір қой­ды соя салуымыз мүмкін. Бірақ келген кісі­нің бір қойды жеп кетпейтіні рас қой. Бес адам шақырсақ та, дастарқанды он бес адамға жететіндей етіп молынан жаямыз. Бес адам екі бауырсақтан жейді деп санап, есептей салмаймыз. Неге? Себебі, ол кісілерге де­ген құрметіміз. Келген кезде дастар­қаны­мыздың молын, пейіліміздің кеңін көрсе деп ниет етеміз. Сол сияқты, Алла Тағала да: «Малыңның ең жақсысын бер» деген кез­де біздің құрбандықты шынайы ықы­ласпен орындауымызды, сый-құрметті жақ­сылап көрсетуімізді қалады. Абыл мен Қабылдың қиссасында «Қабылдыкін не үшін қабыл етпеді?» дегенде, «Өнімдерінің ішіндегі ең шіріген, бүлінген, солғандарын әкеліп құрбандыққа шалды. Сол үшін Алла Тағала оған риза болмады» дейді. Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде, сендердің шал­ған құрбандықтарыңның қаны да, еті де Аллаға жетпейді. Шынайы ниет, ықылас­тарың ғана жетеді» дейді. Расында да, Алла Тағала сойылған малдың етіне, еш­те­ңесіне мұқтаж емес. Керісінше, біз мұқ­таж адамдарға таратамыз. Дегенмен, Алла Тағала сол арқылы ішіміздегі ниет-пейі­лімізді өзімізге көрсетеді. Әйтпесе, Алла біз­дің ішіміздегіні де біледі ғой. «Алла Та­ғала бәрін біліп тұрса, ішіміздегіні көріп тұрса, неге бізді сынайды?» деген са­уалға тәпсір ғалымдары: «Алла Тағала са­бырлы адамның басына бір жағдайды ту­дырмай-ақ оның сабыр ететінін біледі. Десек те, ертең қияметте «мен тақуамын», «шы­найы мүмінмін», «әділ болдым» деп бәрі ақталады. «Сен әділсің бе, онда әділ­дігіңе сәйкес жасаған амалдарың қане?» деген сияқты амалыңды тергеуі, жаса­ған амалдарыңды көрсетуі – ішіндегі жағ­дай­дың көрсеткіші» деп айтады. Сол үшін де біз ниет, ықыласымыздың шынайылығын ең жақсы күйде жасау арқылы көрсетеміз.

– Өмірде түрлі жағдайлар кездесіп жатады. «Осы айда жалақым кешігіп жа­тыр еді, келесі айдың жалақысы түс­­кенше қарызға ала тұрайын» деп құр­бандық