
Сыр өңірінің Бас имамы Дастан Жанасұлы
Құрбан айт мейрамына орай баспасөз мәслихатын өткізді.
Қызылорда облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен жиынға Қызылорда облысы Дін істері басқармасының басшысы Мира Қазбекова мен басқарма мамандары, Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Сыздықова қатысты.
Бас имам қатысушыларға https://qurban.muftyat.kz/#/kk сайтын таныстырып, құрбан шалу рәсімін өткізу тәртібі, облыста бекітілген мал сою орындары мен ет қабылдау пунктері және қасиетті мерекеде ұйымдастырылатын бірқатар шаралар туралы баяндады.
«Аймақта Айт намазын оқу уақыты 06:00 болып бекітілді. Биыл да құрбан шалу онлайн және офлайн форматта өтеді. Қызылорда қаласы бойынша діни рәсім әдеттегідей мешіттерде емес, арнайы жасақталған «КЗО ЕТ» (Көкжиде, 56) қасапханасында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, құрбан шалу рәсімін өз үйінде өткізіп, құрбан етінің бір бөлігін мұқтаждарға тарату мақсатында мешіттерімізге әкелем деуші жандар үшін Қызылорда қаласында 5 ет қабылдау пункті бекітілгенін хабарлаймын. Олар: Ақмешіт-Сырдария” мешіті (Н.Назарбаев, 11а), “Нұр” мешіті (Әбілхайыр хан, 151), “Айтбай” мешіті (Қ.Махамбетов, 33), “Мүсірәлі ата” мешіті (М.Саламатов, 15в), “Ыбрайым молда” мешіті (Б.Момышұлы, 51а). Дәл осылай аудан орталықтарында да арнайы мал сою орындары жасақталып, аудандық мешіттер ет қабылдау пункті болып бекітілді.
Құрбан шалу құрбан айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. 6 маусымнан 8 маусымға дейiн. Тапсырыстар мен өтініштер маусым айының 8-і күні сағат 12:00-ге дейін қабылданады. Құрбан еттері мешіт еріктілерінің көмегімен мұқтаж отбасыларға жеткізіледі»-деп мәлімдеді, бас имам.
Сөз соңында бас имам кәсіпкерлерді мал бағасын қымбаттатпауға, жас ерекшелігі шариғатқа сай келмейтін малдарды алдап сатпауға үндеді.
Айта кетейік, өткен жылы Сыр мешіттері «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық жобасы аясында 121 тонна 319 келі құрбан етін 10058 отбасы мен қарттар үйі, аурухана, балалар үйі секілді 6 мекемеге жеткізіп берді. Бұйырса биыл да осы бағыттағы қайырымдылық іс-шаралар жүзеге асырылмақ.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі



