ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/18/2026 12

РАМАЗАН–2026: СЫР МЕШІТТЕРІНДЕ ТАРАУЫҚ НАМАЗЫ БАСТАЛДЫ

2026 жылғы қасиетті Рамазан айының алғашқы тарауық намазы оқылып, Сыр өңіріндегі мешіттер жамағатқа лық толды. Құлшылыққа жиналған тұрғындар қасиетті айды ерекше ықыласпен қарсы алып, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға жасады.
Аймақ мешіттерінде облыстың бас имамы Дастан Жанасұлы бастаған дін қызметкерлері жамағатты Рамазан айының келуімен құттықтап, оның рухани мән-маңызы, сауапты амалдары мен сабыр, мейірім, кешірім секілді көркем қасиеттерді арттырудағы орны туралы тағылымды насихат айтты. Сонымен қатар жамағатқа ораза ұстау тәртібі жазылған кітапшалар, ауыз бекіту мен ауыз ашу уақыттары көрсетілген кестелер және құрма үлестірілді. 29 күн бойы тарауық намазын жүргізетін қарилар көпшілікке арнайы таныстырылды.
Айта кетейік, облыс бойынша 27 мешітте тарауық намазында Құран хатым оқылады. Сондай-ақ мешіттерде күн сайын ауызашар дастархандары жайылып, жамағатқа рухани-танымдық кездесулер ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, «Ислам және адал қоғам» жылы аясында қайырымдылық шаралары, насихат сабақтары, жастар мен әйел-қыздарға арналған тағылымды кездесулер өткізу жоспарланып отыр.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі