
Қызылорда қаласындағы облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде «Құранмен кемелденген ұрпақ» атты қалалық Құран жарысы өтті.
Байқауға қала мешіттерінің діни сауат ашу курсында тәлім алған 25 шәкірт қатысып, Құран сүрелерін жатқа оқу, тәжуид қағидаларын сақтау және мәнерлеп оқу шеберлігі бойынша өзара бақ сынады.
Аталған жарыстың негізгі мақсаты – жас буынның Құран Кәрімге деген сүйіспеншілігін арттыру, діни сауат ашу курсында алған білімдерін шыңдау, сондай-ақ оларды ізгілікке, имандылық пен адамгершілікке тәрбиелеу.
Жарысқа қатысқан бүлдіршіндердің басым бөлігі жазғы демалыс кезінде мешіт жанындағы діни сауат ашу курсында білім алып, бірнеше апта бойы Құран оқу, тәжуид қағидалары мен ислам әдебін меңгерген.
Қазылар алқасының шешімімен:
І орын – Оразалы Нұрасыл (70 000 теңге);
ІІ орын – Тұрғанбек Мансұр (50 000 теңге);
ІІІ орын – Қалжан Жанболат (30 000 теңге).
Байқау қорытындысында барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, үздік шыққан шәкірттер дипломдар мен қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Осындай игі шаралар жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайтып, Құран Кәрімге деген қызығушылығын арттыруға және ізгі құндылықтарды бойына сіңіруге ықпал етеді.
Айта кетейік, аталмыш Құран жарысы облыстық мешіттің ақсақалы болған Балтабай қажы Әбілдаұлының рухына арналып ұйымдастырылды. Оған атаның ұрпақтары демеушілік көрсетті.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі





2