
Қызылорда қаласында өткен «QMDB HALAL» халал өнімдер жәрмеңкесі аясында әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылар мен науқастарға қайырымдылық көмегі көрсетілді. Игі бастама Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры жүзеге асыратын «Өмірге үміт сыйла» және «Тайқазан» жобаларына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Қайырымдылық шарасының нәтижесінде жалпы 45 отбасыға көмек берілді. Іске жәрмеңкеге қатысушы кәсіпкерлер атсалысты.
Атап айтқанда, «Dariya Qus» құс фабрикасы 10 отбасыға азық-түлік себетін табыстап, бес науқасқа әрқайсысы 100 мың теңгеден, жалпы 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат ұсынды.
«Doner King» тамақтану орны 10 отбасыға 10 мың теңгелік сертификаттар табыстаса, «Қызылорда нан» және «Рза-Сүт» кәсіпорындары 20 отбасыға өз өнімдерінің жиынтығын тарту етті.
Сонымен қатар «Wedrink Kyzylorda», «Дос» және «Lengerskoe Kyzylorda» мекемелері сол күнгі табысының 50 пайызын қайырымдылық мақсатта қорға аударды.
Бұдан бөлек, «Сапар трейд» мекемесі қала мешіттерінің қызметкерлеріне Zigi Zagi сусындарын тегін таратты. «Ainur’s cakes» ұжымы жәрмеңкеге арнап мерекелік торт әзірлесе, «Venerа print» жарнамалық агенттігі қатысушы кәсіпорындарға өз қызметтерін пайдалануға арналған сертификаттар табыстады.
Қайырымдылық шарасы кәсіпкерлердің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп, мұқтаж жандарға қолдау білдірудің маңызын айқындады. Жәрмеңке аясындағы бұл бастама ізгілік пен өзара көмекті дәріптеуге үлес қосты.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

3