ҚМДБ Жастар ісі секторы, Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Байқоңыр қалалық “Жәрімбет” мешітінің бас имамы Өміржан Жұмаділдаұлы Байқоңыр индустриалды техникумында “Жат ағым жарға жығады” тақырыбында қоғам мүшелері мен студенттерге насихат айтты.
Адамзат нәпсілік қалауларына ерік беріп, тура жолдан ауытқыған сайын Жаратушы тарапынан оларға ескертуші Елші келіп отырды. Өйткені тура жолда болып, адасушылықтан сақтану – адам баласының бұл дүниеде дұрыс өмір сүруіне, ақыреттік бақытқа қол жеткізуіне ықпал ететін негізгі себеп. Қазіргі таңда да жат ағым ықпалында кетпеу үшін әрбір мұсылманның дұрыс жолда берік болуы, теріс ағымнан сақтануы аса маңызды. Насихат барысында жат ағымнан сақтанудың бірнеше жолдары айтылды. Атап айтқанда, Өміржан Жұмаділдаұлы жат ағымнан сақтану үшін алдымен әһлі сүннет жолында берік болу, мәзһаб ұстану, діни сауатты болу, бірлікте болу керек екенін тілге тиек етті. Насихат соңында жастарымызды түрлі ағымдарға еріп кетуден сақтап, қоғамның береке-бірлікте болуы үшін әрқайсымыз аянбай тер төгуіміз керек екенін айтып, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасады.

79