Алла Тағала былай дейді: «Шынтуайтында, оның шын тәпсірін бір Алладан басқа ешкім білмейді және ілімде тереңдегендер: «Біз оған (яғни Құранға) толық иман келтірдік. Барлығы да Раббымыздың дәргейінен келді», – деп айтады. Ендеше, нағыз ақыл иелері ғана терең әрі жан-жақты ойланып, ғибрат әрі сабақ алады» («Әли Имран» сүресі, 7-аят).
Құрандағы мәліметтер Құран Кәрімді Алла тарапынан түскен тұнып тұрған құнды ақпарат десек, ондағы басты мәліметтерді бірнеше бөлікке бөлуге болады.
Біріншісі, шариғатқа қатысты мәліметтер. Құрандағы шариғи мәліметтер әртүрлі болып келіп, мұсылмандардың өмірінде ұстанатын заңдар мен ережелерді қамтиды. Бұл заңдар кейде ашық түрде берілген, ал кейде Құран аяттарынан алынған қағидалар негізінде жасалған. Құрандағы шариғат заңдары – өте терең ілімдердің бірі. Оның негізінде көптеген том-том кітаптар жазылып, қаншама ғалымның түсіндірмесіне, талдауына негіз болды.
Екіншісі, мұғжизаға қатысты мәліметтер. Мұғжиза – Құранның ең маңызды тақырыбының бірі. Мұғжиза дегеніміз – Алла Тағаладан пайғамбарларға берілетін әдеттен тыс ерекше құбылыс. Осы арқылы Алла Тағала адамзатты мұндай нәрсені қайталай алмайтынымен немесе оған ұқсас бір нәрсе жасай алмайтынымен сынайды. Мұғжизаға қатысты ақпараттарды ғалымдар кеңінен зерттеп, бірнеше салаға бөлген. Мысалы, Құрандағы сандық мұғжиза, шариғаттық мұғжиза, шешендік мұғжиза, сондай-ақ ғылыми мұғжизалар – медицина, физика, химия секілді ғылым салаларына қатысты мұғжизалар. Сонымен қатар ғайыптан хабар беру мұғжизалары бар. Алла Тағала былай дейді: «Біз оларға жер-көктегі һәм өз болмысындағы (құдіретіміздің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерді ашып көрсетеміз. Сөйтіп ақырында оларға Құранның бастан-аяқ ақиқат екені айқын көрінеді» («Фуссиләт» сүресі, 53-аят).
Құран Кәрім болашақта болатын оқиғалар туралы алдын ала ақпарат берген және бұл хабарлар дәл Құранда айтылғандай орындалып отырған. Бұл – адам баласының қолынан келмейтін және оның білімімен қамтылмайтын нәрсе. Құранда болашақ туралы көптеген мысалдар келтіріледі. Мысалы, былай деп келетін аят бар: «Күпірлік қылғандарға: «Сендер жер болып жеңілесіңдер және жаппай тозаққа айдаласыңдар. Ол қандай жаман жатақ (орын) еді!» – деп айт» («Әли Имран» сүресі, 12-аят). Бұл аят Бәни Қайнуқа яһудилеріне қатысты түскен еді. Олар Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен Құрайыштың әлі соғысу білмейтін бірнеше адамымен соғысқаныңа мақтанба, егер бізбен соғыссаң, нағыз соғысуды білетін адамдарды көрер едің», – деген еді. Кейін дәл Құран айтқандай, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әскерімен оларды қоршауға алып жеңіп, соңында Мәдинадан қуып шыққан. Алла Тағала тағы бір аятта: «Жуырда сендер арыны күшті жауынгер қауыммен соғысуға шақырыласыңдар. Сонда олармен (қасық қандарың қалғанша) соғысасыңдар, яки олар (соғыспай-ақ) Аллаға мойынсұнып, мұсылман болар» («Фәтх» сүресі, 16-аят) дейді. Бұл аят Пайғамбармен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жорыққа шықпай қалған кейбір бәдәуи арабтарға қатысты түскен. Кейін Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) оларды парсылармен соғысуға шақырған.
Құрандағы ақпарат – Ислам дінінің тағылымдарын тарату, иманға шақыру, ізгілікті насихаттау және адамдарға пайдалы әрі жаңа мәліметтер жеткізу үшін қолданылатын негізгі тетіктің бірі. Бұл ретте Алланың кітабында ақпарат жеткізу мен оны жеткізушінің рөлі, сондай-ақ оның құпталған тәсілдері туралы да айтылады. Мәселен, Құран Кәрімде Сүлеймен (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар заманындағы Сәбә патшалығы мен оның патшайымы Бәлқиске қатысты оқиға келтірілген. Сүлеймен пайғамбар жоғалған құсты – бәбісекті іздеген кезде, ол ерекше жаңалықпен оралады. Бәбісек өзі әкелген мәліметтерді дәлелдермен толыққанды жеткізуге қабілетті еді. Бұл туралы «Нәміл» сүресінде айтылған: «Бір күні Сүлеймен құстардың қосынын аралап жүріп: «Оу, мен һуд-һудты (бәбісек құсты) неге көрмей тұрмын? Әлде ол өз бетімен үшті-күйлі жоқ болып кетті ме? Ендеше, оны аяусыз жазалаймын, яки бірден басын аламын! Әйтпесе, ол маған өзін ақтайтын орынды себеп айтып, нақты дәйек келтіруі керек», – деді» («Нәміл» сүресі, 20-21-аяттар). Алайда бәбісек оралып, Сүлейменге бұрын белгісіз болған ақпаратты жеткізеді. Осылайша бәбісек пайғамбарға Сәбә елінен маңызды жаңалық әкеліп, өз міндетін орындайды. Осы ақпараттың нәтижесінде Бәлқис пен оның қауымы Аллаға бет бұрып, Сүлеймен пайғамбарға ереді. Бұл оқиғада ақпарат жеткізудің бірнеше маңызды тұсы байқалады:
Біріншісі, қызықты кіріспе. Бәбісек өзінің сөзін ерекше әрі назар аудартатын сөздермен бастайды: «Мен расында саған беймәлім бір істің жайын білдім». Яғни ол өз сөзіне Сүлейменнің құлақ асуын қамтамасыз ету үшін сөзін қызықты етіп жеткізеді.
Екіншісі, ақпараттың құрылымы. Журналистика қағидаттарына сәйкес, жаңалықта негізгі ақпарат нақты құрылыммен беріледі: тақырып, кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды. Бәбісектің сөздері де осыған сәйкес келеді, ол көргенін, ақылмен түйгенін баяндап береді.
Үшіншісі, оқиғаны түрлі қырынан көрсету. Оқиғада бірнеше кейіпкердің әртүрлі әрекеті мен сезімі баяндалады: Сүлеймен пайғамбар құсты іздейді, бәбісек хабар жеткізеді: Сәбә халқының күнге табынуы туралы айтылады.
Төртіншісі, қысқа әрі нұсқа сөздер. Бәбісек аз сөзбен көп мағынаны жеткізе алады. Мысалы, «саған беймәлім бір істің жайын білдім» деген сөзі оқиғаның барлық мәнін ашады. Осылайша кішкентай, әлсіз жаратылыс болса да, ақпарат жеткізушінің дер кезінде жеткізілген шынайы, маңызды ақпараты зор нәтижеге себеп болады.
Ақпарат өз міндетін толық атқару үшін және өзінің жоғары миссиясын жүзеге асыру үшін белгілі бір ережелер мен қағидаттарға сай болуы керек. Сондықтан ислами ақпарат Құраннан алынған заңды ережелерге сәйкес келіп, қоғам пікіріне әсер етуге мүмкіндік береді. Алдамшы ақпарат болса, «қол жеткізу құралы қандай болса да, мақсат оны ақтап алады» деген ұранмен әрекет етіп, адамдарды шынайы өмірден алшақтатып, жаңылыстырады. Мұндай ақпаратты таратушыларды ешбір қағида немесе моральдық құндылықтар ұстап тұрмайды.
Құранға сәйкес ақпарат жеткізудің басты құндылығы мынада:
Біріншісі, ақпарат – аманат. Ақпаратты тарату үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап етеді. Бұл аманатты сақтау – Алланың бізге жүктеген міндетінің бірі. Алла Тағала Құранда бұл жайында былай дейді: «Алла сендерге аманатты иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқанда әділ үкім шығаруды бұйырады» («Ниса» сүресі, 58-аят).
Екіншісі – хабардың дұрыстығына көз жеткізу. Ақпаратты тексеру мен дәлелдеу қағидаттарын Құран жоғары қояды. Бәбісек Сүлеймен пайғамбарға хабар жеткізгенде де, Сүлеймен пайғамбар: «Рас айттың ба, жоқ әлде өтірікші кәззаптардың бірімісің, оны әлі көреміз» («Нәміл» сүресі, 27-аят) дейді. Тағы бір аятта: «Уа, иман келтіргендер! Егер сендерге әлдебір күнәһар адам қандай да бір хабар жеткізсе, оның анық-қанығын анықтап, біліп алыңдар» («Хужурат» сүресі, 6-аят) делінеді.
Үшіншісі – хабар таратудың әдебі. Құран бізді хабар таратуда әдепті ұстануға үйретеді. Бұл әсіресе адамдардың дініне, дүниесіне және абыройына қатысты болған жағдайда маңызды. Қате ақпарат тарату қоғамда үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан ақпаратты тексеру және оны дұрыс жеткізу – өте өзекті.
Төртіншісі – құпияны сақтау. Ақпаратпен жұмыс істейтіндер үшін маңызды тағы бір қағида – құпияны сақтау. Құранда былай делінген: «Сондай-ақ ол мүміндер өзіне сеніп тапсырылған аманаттар мен міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарап, берген уәдеде тұрады» («Муминун» сүресі, 8-аят).
Бесіншісі – үлгі болу. Ақпарат таратушылар алдымен өздері айтқан сөздерді орындауға міндетті. Егер олар бір нәрсеге шақырып, оны өздері орындамаса немесе орындауға тырыспаса, бұл ақпаратының әсері шамалы болады. Алла Тағала Құранда мұндайды мансұқтаған: «Уа, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін нәрсені неге айтасыңдар?!» («Сафф» сүресі, 2-аят). Ақпарат тарату үлкен аманат болғандықтан, айтатын әрбір сөзімізге мұқият болғанымыз абзал.
Сөз – жауапкершілік. Ол сенің мәртебеңді көтереді немесе саған қарсы болады. Сондықтан біз әрбір айтқан сөзімізге, таратқан ақпаратымызға немесе әлеуметтік желілерде жазған жазбаларымызға мұқият болуымыз керек. Әбу Һұрайра жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Адам кейде Алланың разылығын әкелетін сөзді айтып, оған мән бермейді. Бірақ сол сөзі арқылы Алла оның дәрежесін көтереді. Ал кейде Алланың қаһарын тудыратын сөзді айтып, оған мән бермейді, бірақ сол сөзі оны тозаққа апарады». Олай болса, Алла Тағала бізді аманатқа, оның ішінде сөз аманатына берік, тілімен де, қолымен де ешкімге, ешнәрсеге зиян бермейтін, айналасына пайдалы мұсылмандар қатарына қосқай!
Қанат ҚЫДЫРМИН,
Республикалық бас мешіттің имамы
«Иман» журналы, №11, 2024 жыл