- КІРІСПЕ:
Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің Раббысы, бізді және әлемдерді жоқтан бар еткен Аллаға ғана лайық. Алланың ардақты елшісі, адамзаттың асылы пайғамбарлардың мөрі Мұхаммед пайғамбарымызға және оның отбасы мен ізбасарларына салауат пен сәлем болсын!
Алла жаратқан махлұқатының ішінде мүлде күнә жасамайтын жаратылыс иесі періште және исмат сипаты бар, яғни күнә жасаудан Алланың құдіретімен сақталған пайғамбарлар ғана. Ал азғын және тәубесі қабыл болмайтын жаратылыс иесі ол – шайтан.
Адам баласы періште де емес, шайтан да емес. Себебі, нәпсісі оны үнемі жамандыққа итермелеп тұрғандықтан жаза басып, қателеспеуі мүмкін емес. Алайда Алла Тағала адам баласына күнәсынан арылып, құлан таза болуы үшін, тәубе деген есікті Өз кеңшілігімен ашып қойған.
Тәубе сөзінің мағынасы «қайту, оралу» дегенді білдірсе, қолданыстағы шариғи ұғымы «пенделікпен жасаған күнәсына шынайы өкініп, оны қайталамауға бел буу» деген сөз.
Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде: «Барлық Адам атаның балалары қателесуші» деп айтылғандай адам баласы қателесуші, бірақ тәубе етуші де болу керек. Өйткені Атамыз Адам (ғ.с.) өз қателігін мойындады, тәубе етіп, Алладан кешірім сұрады. Алайда Оны азғырған шайтан тәубе еткен жоқ, қателігін мойындамады, тәкаппар болды. Сол сияқты адам баласы өткеніне өкініп, тәубе етсе, Адам (ғ.с.) атасына ұқсағаны, ал тәубе етпесе, шайтанға ұқсап, тәкаппар болғаны.
- ҚҰРАН АЯТТАРЫ:
Бірінші аят:
وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعاً أَيُّهَا الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
Қысқаша түсіндірме: Тәубе ету адам баласының жаратылысында бар қасиет. Олай дейтініміз әу баста Адам (ғ.с.) Алланың сынағына тап болып, тыйым салынған жемісті жеп қойған қателігі үшін тәубе етті. Алла Тағала оның тәубесін қабыл алды. Жоғарыда атап өткеніміздей адам баласы нәпсі мен шайтанның жетегіне еріп қателесуі әбден мүмкін. Алайда жасаған қатесін жуып-шаятын тәубе деген сабынды қолдануы тиіс. Бұл пенде үшін таптырмайтын мүмкіндік.
Екінші аят:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحاً عَسَى رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ يَوْمَ لَا يُخْزِي اللَّهُ النَّبِيَّ وَالَّذِينَ آمَنُوا مَعَهُ….
Қысқаша түсіндірме: Уа, иман келтіргендер! Жасаған күнәларыңа шынайы түрде өкініп, Алладан кешірім сұраңдар. Шынайы тәубе жайында хазірет Омар (р.а.): «Емшекке сүт қайтпайтыны секілді, істеген күнәларына кері қайтпайтындай өкіну» деп түсіндірген.
Үшінші аят:
وَأَنِ اسْتَغْفِرُوا رَبَّكُمْ ثُمَّ تُوبُوا إِلَيْهِ
Қысқаша түсіндірме: О, адамдар! Алладан күнәларың үшін кешірімді шынайы түрде сұраңдар, Оған шынайы түрде тәубе етіңдер. Тәубелеріңнің шынайылығы – сендердің ізгі амалдарыңмен дәлелденеді, ізгі істеріңмен көрінеді.
Төртінші аят:
إِنَّمَا التَّوْبَةُ عَلَى اللَّهِ لِلَّذِينَ يَعْمَلُونَ السُّوءَ بِجَهَالَةٍ ثُمَّ يَتُوبُونَ مِنْ قَرِيبٍ فَأُولَٰئِكَ يَتُوبُ اللَّهُ عَلَيْهِمْ ۗ وَكَانَ اللَّهُ عَلِيمًا حَكِيمًا * وَلَيْسَتِ التَّوْبَةُ لِلَّذِينَ يَعْمَلُونَ السَّيِّئَاتِ حَتَّىٰ إِذَا حَضَرَ أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ إِنِّي تُبْتُ الْآنَ وَلَا الَّذِينَ يَمُوتُونَ وَهُمْ كُفَّارٌ
Қысқаша түсіндірме: Шындығында тәубенің қабыл болуы – адамның білместікпен, қателікпен күнә іс істеп, кейін осы ісі үшін лезде өкінуінде. Ал егер адам күнә жасап күнәсына өкінгенімен сол жаман ісін жалғастыра беретін болса, соңында өлім өңешке келгенде оның тәубесі қабыл етілмейді. Мұндай тәубе мәжбүрліктен жасалған тәубе.
Бесінші аят:
إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ
Қысқаша түсіндірме: Осы аяттағы таза болушылар деген сөздің мағынасы: жаман істен, жаман қасиеттен және негізгі істерден рухани тазаруды, арылуды білдіреді.
Алтыншы аят:
قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعاً إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ
Қысқаша түсіндірме: Су қалайша кірді тазаласа, шынайы тәубе де күнәмыздың кешірілуіне себеп болмақ. Жаратушы Алла пендесіне аса мейірімді. Пендесінің ақыретте күнәмен келуін қаламайды, тәубе етіп, күнәсіз келуін қалайды. Пендесін тозаққа тастай салатындай мейірімсіз емес.
- ХАДИСТЕР:
Бірінші хадис:
كُلُّ بَنِي آدَمَ خَطَّاءٌ وَخَيْرُ الْخَطَّائِينَ التَّوَّابُونَ
Екінші хадис:
عَنِ الأغر بْنِ يَساَرٍ الْمُزَنِيِّ قال : قال رَسُولُ اللَّهِ : يَا أيها النَّاسُ تُوبُوا إِلَى اللَّهِ وَاسْتَغْفِروُهُ فَإني أَتُوبُ فِي الْيَوْمِ مِائَةَ مَرَّةٍ
Үшінші хадис:
عَنْ أبي هُرَيْرَةَ قال: قال رَسُولُ اللَّهِ : مَنْ تَابَ قَبْل َأن تَطْلُعَ الشَّمْسُ مِنْ مَغْرِبِهَا تَابَ اللَّهُ عَلَيْهِ.
Төртінші хадис:
عَنْ أبي عبدا لرحمن عَبْدِ اللهِ بْنِ عُمَرَ بْنِ الْخَطّاَبِ عَنِ النَّبِيِّ قال: إن اللَّهَ عز ورجل يَقْبَلُ تَوْبَةَ الْعَبْدِ مَا لَمْ يُغَرْغِرْ
Бесінші хадис:
لَلَّهُ أَشَدُّ فَرَحًا بِتَوْبَةِ عَبْدِهِ حِينَ يَتُوبُ إِلَيْهِ مِنْ أَحَدِكُمْ كَانَ عَلَى رَاحِلَتِهِ بِأَرْضِ ، فَلَاةٍ فَانْفَلَتَتْ مِنْهُ وَعَلَيْهَا طَعَامُهُ وَشَرَابُهُ ، فَأَيِسَ مِنْهَا ، فَأَتَى شَجَرَةً فَاضْطَجَعَ فِي ظِلِّهَا قَدْ أَيِسَ مِنْ رَاحِلَتِهِ فَبَيْنَا هُوَ كَذَلِكَ ، إِذَا هُوَ بِهَا قَائِمَةً عِنْدَهُ فَأَخَذَ بِخِطَامِهَا » ، ثُمَّ قَالَ : مِنْ شِدَّةِ الْفَرَحِ اللَّهُمَّ أَنْتَ عَبْدِي وَأَنَا رَبُّكَ أَخْطَأَ مِنْ شِدَّةِ الْفَرَحِ
- ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ ҚИССАЛАР:
Бірінші қисса:
Бір күні хазірет Омар (р.а.) Мәдина көшелерінің бірінде келе жатып, қойнына шиша тығып алған бір жас жігітті кезіктіреді. Әлгі жігіттен: «Қойныңдағы не?» – деп сұрайды. Хазірет Омармен ұшырасам деп ойламаған әлгі жігіт қатты қысылғаннан: «Уа, Аллам, мені хазірет Омардың алдында масқара ете гөрме! Күнәмді жасыра гөр, сөз берем, ендігәрі шарап ішпеймін» – деп, ішінен тәубе етіп, жалбарынады. Сөйтіп: «Уа, мүміндердің әміршісі! Қойнымдағы сірке суы», – деп қалай айтқанын өзі де аңдамай қалады. Хазірет Омар: «Қане, көрсетші», – деп, қойнындағы шишаны алып қарағанда, ішіндегісі шынымен де сірке суы болып шығады.
Расында мейірімі шексіз Алла құлының шын ниетімен жасаған тәубесін қабыл алып, харам шарапты адал сірке суына айналдырды. Ал күнәға белшесінен батқан күнәһар құлдары күнәлары үшін шынымен өкініп, тәубеге келсе, Алла олардың да күнә шарабын құлшылық сіркесіне айналдырары сөзсіз (Имам Ғазали «Мукашафатул-қулуб», 46 б.).
Екінші қисса:
Бір ақсақал ғұлама шәкірттерімен әңгіме барысында: «30 жыл бұрын «Әлхамдулиллаһ» дегенім үшін 30 жыл бойы тәубе сұрап келемін» дейді. Шәкірттері таң қалып, мұның мәнін сұрағанда, әлгі ақсақал былай деп түсіндіреді: Сауда орнында үлкен өрт шығып, көптеген саудагерлердің дүкендері өртеніп, иелері үлкен шығынға ұшырады. «Сенің дүкеніңе ештеңе болмапты» деген хабар маған жеткенде мен оған абайсыздан «Әлхамдулиллаһ» деп қалдым.
Кейін осы әрекетіме қатты өкіндім. Мұсылман бауырларымның мал-мүлкі жанып кеткен кезде, өзімдікі аман қалды деп шүкір еткенім шынайы мұсылмандыққа жараспады, қатты қиналдым, еңіреп тәубе еттім. Кейін өрттен зиян көрген мұсылман бауырларыма ортақтас болайын деген мақсатпен, дүкенімдегі барлық заттарды кедейлерге таратып берсем де, сол күннен бері, яғни 30 жыл бойы тәубе етсем де, әлі де жаным тыныштық таппады. Мен өлген кезде, ешкім білмейтін, адам жүрмейтін бір жерге апарып жерлеулеріңді сұраймын. Топырақ мені қабылдамай, достарымның алдында ұят болып қала ма деп қорқамын» деген екен.
Үшінші қисса:
Бірде Мұса (а.с.) пайғамбарға үмметінен бір кісі келіп: «Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жаман адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамнан алыс жүрейік», – деп өтінеді.
Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам менің құзырымда ең жаман адам», – деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткеннен соң баласын жетектеген бір адам теңізге қарай бет алады. «Мына адам Алланың құзырында нендей жаман күнә жасады екен» деп Мұса пайғамбарға ой келеді.
Ертесіне кешегі үмметі тағы келіп: «Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жақсы адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамға құрмет көрсетіп, жақын жүрейік», – деп өтінеді.
Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам Менің құзырымда ең жақсы адам», – деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткен соң тағы да кешегі баласын жетектеген адам өтеді.
Бұл кеше ғана Алланың құзырында ең жаман адам болған еді, бүгін қалайша ең жақсы адамға айналды екен деген ой еріксіз мазалайды.
Мұса (а.с.) пайғамбар Раббысына: «Уа, Раббым! Кеше Сенің құзырыңда ең жаман адам кім екен, бізге көрсетші» деп дұға еткенде ең жаман адамды көрсеттің. Бүгін «Сенің құзырыңда ең жақсы адам кім, бізге көрсетші дегенімізде тағы да кешегі ең жаман деген адамды көрсеттің. Қалайша бір күнде ең жаман адам, ең жақсы адамға айналды?» – деп сұрайды.
Сонда Алла Тағала: «Кеше ол адам баласын жетектеп теңіз жағасына барды.
Сонда баласы әкесіне қарап: Әке, мынау не? – деп сұрады.
Әкесі: Балам, бұл теңіз, – деді.
Баласы: Әке, теңізден үлкен не бар? – деп сұрағанда
Әкесі: Балам, теңізден үлкен мұқит бар, – деп жауап берді.
Баласы: Әке, мұқиттан үлкен не бар? – деді.
Сонда әкесі: Балам, мұқиттан үлкен жер шары бар, – дегенде,
Баласы: Әке, жер шарынан үлкен не бар? – деп тағы сұрады.
Әкесі: Балам, жер шарынан да үлкен мына бейбақ әкеңнің күнәсі, – деді.
Баласы: Әке, әкемнің күнәсінан да үлкен не бар? – дегенде,
Әкесі: Балам, бейбақ әкеңнің күнәсынан да үлкен Алланың шексіз рахымы, мейірімі бар, – деп жауап берді. Міне сол үшін Мен оның күнәсін кештім», – деп бұйырады.
Төртінші қисса:
Бір күні Пайғамбарымыз ﷺ Сәғләбә есімді сахабаны бір шаруаға жұмсайды. Сәғләба жұмсаған жеріне бара жатып, жол бойында есігі ашық қалған үйдің ішіне көзі түседі. Үйде «ансарлық» бір әйел жалаңаш шешініп тастап жуынып жатыр екен. Сәғләба әлгі әйелден бір сәтке көзін ала алмай қалады. Кейін өз-өзіне келіп, қатты ұялып кетеді. Бір жағынан, «Пайғамбарымызға ﷺ Алла Тағаладан осы күнәм жайында уахи түссе, қайтемін?» деп қатты қорқады. Екінші жағынан, «харамға қараған көзіммен Пайғамбарымыздың ﷺ мүбәрак жүзіне қалай қараймын?» деп Мәдина қаласын тастап, тауға қашып кетеді. Пайғамбарымыз ﷺ Сәғләбәні ұзақ уақыт бойы күтеді. Келмеген соң кісі жіберіп іздетеді. Алайда, таппайды. Арада қырық күн өтеді. Сол кезде Жәбірейіл (а.с.) періште: «Уа, Мұхаммед ﷺ ! Раббыңның саған сәлемі бар. Алла Тағала: «Үмбетіңнен қашып кеткен жан мына таудың арасында, Менің отымнан Маған сыйынуда!» деген Алла Тағаланың сәлемін жеткізеді. Бұл хабарды алған Пайғамбарымыз ﷺ Хазіреті Омар (р.а.) мен Сәлманды (р.а.) шақырып, Сәғләбаны алып келу үшін Жәбірейіл (а.с.) айтқан жерге жібереді. Екі сахаба жолға шығып, айтылған жерге жетеді. Сол жерде қой бағып отырған Зәфәфә есімді бір шопанға жолығады. Шопанға бір жас жігітті іздеп жүргендерін айтып, суреттеп береді. Шопан:
– Сендер тауға шығып алып айқайлап жүрген бір жасты іздеп жүрген боларсыңдар. Ол тозақ отынан қашып жүр, – дейді. Сонда Хазіреті Омар:
– Оның тозақ отынан қашып жүргенін қайдан білдің? – деп сұрайды.
– Айқайынан білдім. Күнде түннің ортасында таудың басына шығып «Уа, Раббым! Мен Сенен ұяламын, жасаған күнәмнан ұяламын! Жанымды ал, тәнімді шіріт!» деп дұға етіп айқайлайды, – дейді.
Хазіреті Омар мен Сәлман қойшы айтқан таудың қасына барып, түн ортасына дейін күтеді. Түн ортасында қойшы айтқандай Сәғләба таудың басына шығып Аллаға жалбарына айқайлайды. Сол кезде Омар мен Сәлман Сәғләбаны ұстап алады. Сәғләба Хазіреті Омардан:
– Ей, Омар! Алланың Елшісі ﷺ күнәмнан хабардар болды ма? – деп сұрайды. Омар:
– Күнәңды біліп-білмегенінен хабарым жоқ. Бізге тек сені алып келуді бұйырды, – дейді. Сонда Сәғләба тұрып:
– Омар, онда саған бір өтінішім бар. Мені Пайғамбарымызға ﷺ намазда тұрғанында апаршы, – дейді.
Себебі, Сәғләба харамға қараған көздерімен Пайғамбарымыздың ﷺ жүзіне қарауға қатты ұялады. Омар Сәғләбаның өтінішін жерге қалдырмай, Сәғләбаны мешітке Пайғамбарымыз ﷺ имамдыққа шыққанда кіргізеді. Сәғләба да сапқа тұрады. Намаз біткен соң Пайғамбарымыз ﷺ артына бұрылып:
– Уа, Омар! Сәғләба қайда? – деп сұрайды. Мұны естіген Сәғләбаның буыны ұстамай, отыра кетеді. Пайғамбарымыз ﷺ Сәғләбаға жақындап келіп:
– Уа, Сәғләба қайда жоғалып кеттің? – дейді.
– Уа, Алланың елшісі! Жоғалып кетуіме күнәм себеп болды!
– Қателік пен күнәні өшіретін Алланың аятын айтайын ба? – дейді Пайғамбарымыз ﷺ:
– Айтыңыз, Расулім! – дейді Сәғләба. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ:
«Раббана әәтинәә фид дуния хасанатан уа фил әхирати хасанатан уа қинә ғәзәбәннар» деген дұғаны оқы! – дейді. Сәғләба:
– Уа, Алланың Елшісі! Менің күнәм үлкен ғой! – дейді. Пайғамбарымыз ﷺ:
– Жоқ, Алланың сөзі одан да үлкен, одан да ұлы! – деп жауап береді.
Осыдан соң Сәғләба үйіне қайтады. Арадан сегіз күн өткеннен кейін Сәлман Пайғамбарымызға ﷺ келіп, Сәғләбаның қатты ауырып, өлім аузында жатқанын жеткізеді. Пайғамбарымыз ﷺ орнынан тұрып, сахабаларын ертіп, Сәғләбаның үйіне барады. Барса, сахаба қатты науқастанған, тіпті, басын көтеруге шамасы жоқ. Пайғамбарымыз ﷺ Сәғләбаның қасына келіп, басын көтеріп, өзінің тізесінің үстіне қояды. Сәғләба болса, басын Пайғамбарымыздың ﷺ тізесінен ақырын сырғытып, қайта жерге қояды. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ:
– Уа, Сәғләба, басыңды неге тіземнен алып кеттің? – дейді.
– Уа, Алланың Елшісі! Бұл – күнәға толған бас. Сіздің мүбәрак тізеңіздің үстінде жатуға лайық емес! – дейді. Пайғамбарымыз ﷺ Сәғләбадан қай жерінің ауырып жатқанын сұрайды. Сәғләба:
– Етім мен сүйегімнің арасында құрт жүргендей, – деп жауап береді. Пайғамбарымыз ﷺ одан не қалайтынын сұрайды. Сахаба:
– Алланың кешірімін тілеймін! – дейді.
Сол кезде, сол жерде көктен Жәбірейіл періште түсіп келеді де Пайғамбарымызға ﷺ Алланың сәлемін жеткізеді:
– Уа, Алланың елшісі! Алланың саған сәлемі бар! Құлымның Жер шарындай күнәсі болса, ол күнәсы үшін дәл сондай кешірім бар! деп айтты, – дейді.
Пайғамбарымыз ﷺ Сәғләбаға бұл сүйіншіні жеткізеді, сахаба бұл қуанышты хабарды ести салып, сол жерде көз жасы ішінде жан тапсырады.
Пайғамбарымыз ﷺ Сәғләбаны кебіндеп, жаназа намазын оқиды. Жаназа намазында Алла елшісі ﷺ аяғының ұшымен тұрады. Мұны байқаған сахабалар жерлеп келген соң Пайғамбарымыздан ﷺ не себепті олай тұрғанын сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ:
Сәғләбаның жаназасына қатысқан періштелердің көптігінен аяқ басар жер таппадым, сол себепті аяғымның ұшымен тұрдым, – деп жауап береді.
- ІЗГІЛЕРДІҢ ҒИБРАТТЫ СӨЗДЕРІ:
Ғұламалар тәубенің төрт шартын атап өткен:
- Күнә жасаудан бас тарту;
- Істеген күнәсына қатты өкіну;
- Күнәға қайтпауға, яғни қайта жасамауға табанды болу;
- Зұлымдық жасалған адамдарға ақысын қайтару.
Жафар ибн Синан: «Күнәға тәубе етпеу – күнәны істегеннен де жаман» деген.
Имам Науауи: «Ғалымдар, әрбір жасалған күнәдан кейін тәубе ету – міндет. Егер адамның күнәсы басқа бір кісінің ақысына қатысты болмаған болса, онда тәубе жасау үшін, үш шартты орындау қажет деген. Олар:
Біріншісі – Аллаға бойұсынбаушылықтан бас тарту.
Екіншісі – күнә істегеніне өкіну.
Үшіншісі – шынайы ниетпен мұндай істі қайта жасамауға бел буу. Егер осы аталған шарттардың біреуі орындалмаса, онда жасалған тәубе есептелінбейді. Ал егер істеген күнә, басқа біреудің ақысына қатысты болса, онда жоғарыда аталған үш шартқа, құқығы тапталған адамның ақысын өтеумен төртінші шарт қосылады. Ал егер істеген қылмыс не күнәлі іс, мал-мүлікке қатысты болса, онда мүлік иесіне қайтарылады, әлгі адам жасаған барлық қылмысы мен күнәлі ісі үшін өкініп тәубе етуі қажет».
- ТӘУБЕ ЖАЙЛЫ НАҚЫЛ-СӨЗДЕР:
Жазушы Әбіш Кекілбаев: Уақыттың өтетіні рас, көп нәрсенің ұмытылатыны рас. Бірақ өмір бірақ рет беріледі деген өзіміз білетін қағида бар. Ол қандай заманда, қандай жағдайда өтсе де бәрібір қымбат. Сондықтан өз басым өткенге өкпе жүрмейді деп ойлаймын. Өткенге тек тәубе жүреді деп ойлаймын.
Ақын Жандарбек Бұлғақов:
Жақсы адам ол қатесіз адам емес,
Өз қатесін түсініп, түзеткендер.
Ерегеспен шығатын есі үнемі,
Кекшіл адам сауаптан кешігеді.
Кешіріңдер адамдар бір-біріңді
Кешіргенді құдай да кешіреді.
- ТӘУБЕ ЕТКЕНДЕ НЕ НӘРСЕГЕ МӘН БЕРГЕН ЖӨН?
Күнәға бой алдырғанда одан арылудың бірден-бір жолы тәубе болғандықтан, мұндай жағдайда төмендегі мәселелерді қаперімізде ұстасақ, көңіліміз орнына түсіп, жанымыз тыныш табады. Олар:
Күнәға қарсы тұру
Шындығында, тәуба – істеген қылығыңызға өзегіңіз өртене өкініп, оған енді қайтіп жоламау. Тәубеге келгенде де күндіз күлкі, түнде ұйқыңыздан айырылып, күнәлі іске енді қайтып беттемейтіндей нық шешімге келіп, оны қайталамауға өз-өзіңізге іштей серт бергеніңіз абзал.
Күнәны дереу жуып-шаю
Байқамай күнәға бой алдырып алған сәтте уақыт оздырмай дереу тәубеге келіп, кешірім тілеу арқылы күнәнің қағынан тазару қажет. Тәубеге келуді кешіктірмеген дұрыс. Өйткені, бірер сағаттан соң Раббымыздың алдына жол тартпайтыныңызға кепілдік жоқ. Кез келген күнәның рухымызды жегі құрттай жалмап, жайлап алуына жол бермей неғұрлым тезірек тәубеге келгеніңіз өзіңіз үшін жақсы.
Күнәны жек көру
Тәубе еткен кезде аса маңызды мәселелердің бірі – күнәдан жирену, күнәны құптамау, одан бойды алыс ұстау. Ал, күнәдан аза бойың қаза болып безбейінше, оны қайталамайтыныңа сенім жоқ.
Алмағына қарай салмағы
Күнәның дініміздегі дәрежесіне қарай, яғни ауырлығына қарай тәубе етуіміз қажет. Неге десеңіз, күнәға бару – маймен сыланған құдыққа түсіп кеткенмен тең. Ондай құдыққа түсу оңай болғанымен, қайта шығу көп қажыр-қайратты қажет етеді.
Күнәны күнә деп білу
Күнәны күнә деп білмеу – сол күнәны жасағаннан да ауыр күнә. Айталық, зина жасаған біреу батпаққа батқанымен қоймай, кісәпірлікке барып: «Дін неге зинаға тыйым салды екен? Тыйым салынбағаны жақсы еді» десе, я болмаса тапқан табысының адал-арам екенін елеп-екшемейтін адамның «Кісі ақысы деген қайдан шыққан өзі» деген астам ойға баруы сол күнәні жасағаннан да ауыр күнәға жатады. Сол себепті, бойымызда күнәға деген жиренішті сезім болуы тиіс.
- УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТ:
- Тәубе ету – ең абзал құлшылықтардың бірі.
- Егер тәубе етпей өмірден кетсе, имансыз кетеді.
- Тәубе жасаған адамға Алла Тағала күтпеген жерден ризық береді.
- Шын тәубе еткендерді Алла жақсы көреді.
- Күнә тәубе арқылы кешіріледі.
- Тәубе тозақ отынан сақтайды.
- Екі дүниенің бақытын көру – тек тәубе арқылы болады.
- ДҰҒА:
Пайғамбар ﷺ дұғасы: «Я, Алла! Сен менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты Құдай жоқ. Сен мені жараттың, ал мен Сенің құлыңмын. Мен күш-құдіретім жеткенше Саған деген уәдемді, әрі сертімді сақтаймын. Әрі жасаған істерімнің жамандығынан Өзіңе сиынамын. Маған берген нығметтеріңді мойындаймын, әрі күнәларымды да мойындаймын. Мені жарылқай гөр! Шын мәнінде, Сенен өзге күнәларды жарылқаушы ешкім жоқ» (Имам Бұхари).