ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
07/10/2024 1036

УӘКІЛДІК НЕГІЗІНДЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

УӘКІЛДІК НЕГІЗІНДЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?Уәкәлә – белгілі бір істе біреуді өз атынан өкіл ету («Әл-Лубаб фи шархи әл-Китаб», 495-бет). Шариғатта уәкілдікке (сенімділік негізінде басқару) рұқсат етіледі. Алла Тағала Құранда: «Мына күміс теңгелеріңмен біреулеріңді қалаға жіберіңдер. Кімнің тамағы таза екеніне қарап, одан сендерге азық әкелсін», – деді («Кәһф» сүресі, 19-аят). Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Зекетінің берілуімен жетімдердің мал-дүниесі кеміп қалмауы үшін оны сауда айналымына салыңдар», – деген («Бәйһақи», №249). 

Қазіргі таңда уәкілдік негізінде қаржыландыру келісімі мынадай көріністе жүзеге асуда: «Бірінші тарап екінші тарапты «уәкәлә» келісімшарты негізінде қаржыландырады. Уәкіл қаражатты белгілі бір жобаға салып, түскен пайданың белгілі пайызын немесе белгілі соманы инвесторға уәделескен мерзімде беруге келіседі. Пайданың қалған бөлігін уәкіл келісімшарт негізінде өзіне ала алады» («Исламдық қаржы бойынша кеңес беру қызметтері», 41-бет).

Ғалымдар уәкілдіктің бұл түріне төмендегі шарттар және қағидаттар негізінде рұқсат береді:
  1. Қаржыландыру шариғат рұқсат етілген нәрселерде болуы тиіс;
  2. Уәкілдік ақылы немесе ақысыз болады. Ақымен болған түрі жалдау келісімшарты аясында қарастырылады;
  3. Қаржыландыру сомасы мен мерзімі нақты болуы керек. Егер инвестор мен уәкіл белгілі уақытқа келісім жасаса, келісімшартты орындау міндетті, оны бұзуға болмайды («Әл-Мағайир әш-шарғия», 626);
  4. Уәкіл қаржыны қалаған жобаға сала алады. Оны инвестордың білуі міндетті емес. Талас-тартыс туындағанда мәселе ғұрыпқа (жергілікті заң, құқықтық нормалар, ішкі ережелер, медиация т.б) сай шешіледі («Әл-Мағайир әш-шарғия», 620).
  5. Инвестор қаржыландырған жобадағы мүліктің иесі саналады. Тауарды жеткізу, сақтау, салық төлеу, сақтандыру, қоймада ұстау шығындары инвестордың есебінен төленеді. Бұл шығындар уәкілге жүктелмейді. Уәкіл қарамағындағы қызметкерлері мен құрал-саймандардың шығынын төлейді («Әл-мағайир әш-шарғия», 1143-1150).
  6. Уәкіл мен инвестор жобаны бірге қаржыландырса, өзіне бір нәрсе алатын жағдайда өз заты уәкілдік кепілдігінде болмауы үшін инвесторға ескертуі қажет («Әл-мағайир әш-шарғия», 1143-1150).
  7. Инвестордың қаражаты – уәкілге аманат. Форс-мажор жағдайында туындаған шығынға уәкіл жауапты емес. Бірақ уәкіл жұмыс барысында өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса, келтірілген зиянды өтейді;
  8. Уәкілдік келісімі тараптардың бірінің дүниеден өтуімен (тараптар алдын ала келіскен болса, келісімшарт мұрагерлік жолмен жалғасуы мүмкін), мекеме банкротқа ұшыраумен немесе жұмысын тоқтатумен аяқталады;
  9. Уәкілдік келісімшарт мерзімі аяқталуымен тоқтайды. Бірақ басталған жұмыс аяқталмаса, уақыты өтіп кетсе де қажеттілік жағдайда сол жұмыс аяқталғанша келісім күшін сақтайды («Әл-мағайир әш-шарғия», 628).

 

Шешім: 
  1. Инвестор «уәкәлә» келісімшарты негізінде қаражатты белгілі бір жобаға салып, түскен пайданың белгілі пайызын немесе белгілі соманы алуына шариғи тұрғыдан рұқсат етіледі.
  2. Инвестор қаржыландырған жобадағы мүліктің иесі саналады. Сондықтан тауарға қатысты шығындар инвестор есебінен төленеді, уәкілге жүктелмейді.
  3. Инвестордың қаражаты – уәкілге аманат. Форс-мажор жағдайында туындаған шығынға уәкіл жауапты емес. Бірақ уәкіл жұмыс барысында өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса, келтірілген зиянды өтейді.
  4. Уәкіл белгіленген қызметақыдан бөлек артылған пайданы келісімшарт негізінде өзіне ала алады.


ҚМДБ Ғұламалар кеңесі