ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
10/26/2019 364

Ұлтаралық келісімнің дініміздегі рөлі

Ислам – бейбітшілік пен мейірім діні. Ислам дегенде біз осыны түсінуіміз керек. Ислам тарихына назар салып қарасақ ешбір халықты дініне не ұлтына қарай бөлместен, ынтымақ пен бірлікке шақырып отырған. Әлсізге көмек беріп, қастандық көрсетпегеніне көз жеткізесіз. Өкінішке орай соңғы сәттерде осындай даналықты Исламда жоқтай көрсетіп, түрлі жалғандарды ойлап тауып, дін жаулары ақпараттармен Исламды бебіт емес, қатыгез қылып көрсетуге тырысып бағуда. Алайда, Алла діні қашанда пәк күйде қала бермек. Саналы жан Исламның ақиқатын жалған жәй сөздермен ғана емес, тарихын зерделеп көз жеткізері сөзсіз. Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарай бөлмейді.

Өйткені бұл мәселеде Алла Тағала Құранда бірнеше аяттарда нағыз діндардың қандай болмақ керегін нақтылап көрсетіп қойған. Сол аяттардың бірінде «Хужурат» сүресінің 13-аятында:  «Ей, адамзат! Сендерді Бір еркек, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Біріңді-бірің танып алуларың үшін, сендерді ұлттарға және руларға жіктедік. Алланың алдында ең ардақты болғандарың – (бұл жалғанда) тақуа болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар», – деп бұйырған.

Тап осы аят пайғамбарымыздың (с.а.с) заманында белгілі бір ұлт арасындағы мәселеге орай жүректерін орнықтыру үшін түскен еді. Мұсылмандар бейбіт түрде жеңіске жетіп, қасиетті Меккеге ешбір қарусыз, ешкімге зиян көрсетпей оралған сәтте, сонау барлық адамдардың атасы Адам (а.с) атамыз бастап ірге тасын тұрғызып, кейіннен пайғамбарлар атасы Ибраһим (а.с) пайғамбар баласы Исмайл (а.с) пайғамбар екеуі қайта іргесін көтеріп бүгінгі күнге дейін ең қасиетті мекен болып келген Қағбаның үстіне қара нәсілді Білал (р.а) сахабаны шығарып, Азан айттырған кезде көптеген адам қызғанышпен қарап қалған еді. Тіпті мұсылмандар арасында кей сахабаларда іштей қызғаныштарын жасыра алмай сөйлеп жатқанда, Жебрейіл (а.с) періште келіп, пайғамбарымызға олардың іштей сөйлегендерін жеткізген болатын. Оны естіген пайамбар (с.а.с) оларды жинап алып түсіндірген болатын. Яғни осындай баға жетпес қасиетті Қағбаның тіпті ішінде емес, үстіне аяғымен шығрып қара нәсілді сахабаны шығраып қоюы дініміздің негізін жаппай баршаға ұғындырып, дініміз ешкімді нәсіліне, ұлтына бөлмейтінін керісінше жоғарыда аятта айтылғандай тақуалығымен яғни Аллаға шын берілудегі амалдарымен беделі өсетінін ұғындырған еді.

Әз, пайғамбарымыз (с.а.с) дүние салып, барша мұсылмандарға әмірші сайланып, Мұсылмандардың әміршісі болған тұста, сол әміршінің алдында Меккедегі барша Құрайштардың көсемі болған Әбу Суфиан (р.а) сахаба Мұсылмандардың әміршісінің алдында кезек күтіп тұрғанда, кезінде құлы болған қара нәсілді Пайғамбарымыздың (с.а.с) сүйікті Азаншысы Білал (р.а) келгенде кезек күттірмей кіріп кеткендегі сәті де біздерге ұлтаралық, дін аралық татулықта нақты бағыт-бағдар береді. Мұндай жағдайға байланысты

пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) былай дейді: «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, аталарың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың» – деп те өз сөзімен жеткізген еді. Басқа бір хадисінде: «Егер көршің өзге дін өкілдерінен болса, онда сенің мойныңда бір ақысы бар, ол сенің көршің болғаны үшін. Егер көршің мұсылман болса, екі міндетің бар. Ол – бірінші көршің, екінші мұсылман болғаны үшін. Ал егер көршің мұсылман-туысқаның болса, үш міндетің бар. Ол – әрі көршің, әрі мұсылман, әрі туысқаның болғаны үшін», – деген хадис шаріфі арқылыда мұсылманның міндетіне не жататындығын көрсетіп берген.

         Сөзімді Тарихтан да бір мысал келтіріп, жалғар болсам екінші халифа Омардың тұсында Ислам кең етек жайып, көптеген аймақтар мұсылмандардың иелігіне өтеді. Сол жерлерді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мүміндер тарапынан қысым жасалмай, жергілікті тұрғындар еркін өмір сүрді. Ислам әскерлері әһли кітап, яғни христиан дін өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын басып алғаннан кейін ондағы тұрғындар мен хазреті Омар (р.а.) 637 жылы былайша келісім шарт жасап, өзінің еш азар көрсетпей, бейбіт өмір сүрулеріне мұрсат беретіндігін айтқан болатын. Сол хатында: «Бұл Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы. Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалғандарына да  амандық берілді. Шіркеулерді ешкім тұрғын үйге айналдырмайды және бұзбайды. Олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмей. малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді» – деп жазған болатын. Міне дініміздің негізі қайда жатыр?! Бүгінгі жалған пікірлерден дінімізді арашалап, негізгі діннің келбетін көрсету үшін тағы бірер оқиғамен жалғап, қорытындыласақ.

         Пайғамбардың (с.а.с) алдына бір кісі келіп: «Иә, Алланың Елшісі (с.а.с)! Исламдағы ең жақсы амал қандай?» – деп сұрағанда,  Алла елшісі: (с.а.с): «Міскінді  тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген. Ал, танымыйтын бір кісімен амандасқаныңда ол өзге дін өкілі болуыда мүмкінғой. Міне шариғат олай бөліп жармайды, танысаң да, танымасаң да қай дін не қай ұлт өкілі болсын сәлемдесу дініміздің әдептерінен.  Бұл жерде танысаң да, танымасаңда амандасудың астарында қарама қарсы кісінің сенен бір жамандық жоқ екенін біліп, көңілі тыныш өтуінде болып отыр. Мысалы қараңғы мезгілде қарсыңда кім келе жатқаныңды білмей бәлкім қауіпті болар деген қорқыныш пайда болса, әлгі кісінің амандасуы сізге одан бір қауіп жоқтығын аңғартып, жаныңызға тыныштық сыйлайды. Ал хадистегі міскінді тамақтандыруға келетін болсақ. Пайғамбарлардың атасы Ибраһим (а.с) өте қонақжайлы болатын. Тіптен есік алдынан өтіп бара жатқан кісілерді тоқтатып, үйінен дәм-тұз тарттырып шығарып салатын. Бірде сондай жолаушылардың бірін көріп қалып, үйінен ас ішіп кетуін сұранады. Әлгі, жолаушы рахметін жаудырып, үй төрінен орын алып, екеуі біраз әңгіме дүкен құру барысында Ибраһим Пайғамбар қонағының құдайға сенбейтін, мұсылман еместігін аңғарып іштей дінсізді тамақтандырып қойдым ба дегендей қынжылып қалғанда Алладан хабар келіп, «Уа, Ибраһим! Сен бір дінсізді тамақтандырдым деп қынжылып отырсың ба? Білесіңбе мен күніне қаншама жер бетіндегі дінсіздерді азықтандырамын!» – деген мағынада хабар жеткен.

Ибраһим (а.с) пайғамбардан қалған бұл оқиға, мұсылман қонағын күткенде, не қол ұшын беріп, көмектесер болса ешбір дініне, не ұлтына қарамастан толық жақсылық істеуге тырысатынын аңғартады. Құранда Алла Тағала: «Кім діни тұрғыдан жақсылық істеуші болып, жүзін Аллаға тапсырып, нағыз Ибраһимның дініне ерген кісіден жақсы бола алады? Алла Ибраһимды дос тұтқан» – деп, Ибраһим (а.с) пайғамбардың жолымен жүруді бұйырған. Ибраһим пайғамбар жайында Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас риуаят еткен хадисте, пайғамбарымыз (с.а.с) «Уа, Жебрейл! Алла Тағала ибраһим пайғамбарды қалайша дос тұтқан? деп сұрағанда: Жебрейл періште: «Ас беріп, тамақтандырғаны үшін ей Мұхаммед!» – деп жауап берген. Міне, дініміз осындай ынтымақ жарасатын игі істерге үгіттейді.

Осындай асыл дінді ұстанған халқымыз кешегі заманда елімізге келген түрлі ұлттарға қамқорлық жасап, көмегін беріп, бүгінде еліміз бірнеше ұлттармен тату-тәтті өмір кешіп келеді.

Алла Тағала елімізді осындай бейбітшіліктен айырмасын. Барлығымыздыңда Жаратушымыз бір, Атамыз бір. Сол бірліктен айырмай, Жаратушымыздың разылығын тауып, мейіріміне бөлене беруді баршамызға жазғай. Әмин!

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы:

Болатбек қажы Ұласқанұлы