ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/09/2021 222

Мұқағали МАҚАТАЕВ: БҮКІЛ МЕНІҢ ЖАЗҒАНЫМ – БІР ҒАНА БҮТІН ПОЭМА

Бүгін, 9 ақпан – қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Мұқағали әдебиеттің барлық жанрына қалам тартқаны белгілі. Соның ішінде күнделік жазуды әдет етті. Ақынның туған күні қарсаңында күнделігінен үзінді жариялауды жөн көрдік.

 

27 наурыз 1972 жыл,

«Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті»…

17 сәуір 1972 жыл

… Ақынның өмірді зерттегені – алдымен өзін зерттегені. Ақын құдіреті – өмірден өзін, өзінен өмір жасай білуінде. Бұл –  ақынның әлеуметтік-экономикалық көзқарасы.

 

22 ақпан 1973 жыл

 

Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-карындастарым, халықты ұмытпавдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!

6 наурыз 1973 жыл

…Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол – тек поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!

20 наурыз 1973 жыл

 

Мен үшін, дүниеніқ еқ қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Ең осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар.

9 сәуір 1973 жыл

Адам өмірінің бақыты – балалық шақ. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені!..

24 желтоқсан 1973 жыл

…Жырсыз өткен күндер мен үшін өлі күндер. Тәңірдің бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едім? Не істер едім?! Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние емес. Демек, мен сол үшін өмір сүрем, сол үшін күресем. Күресем?! Кіммен, немен күресем? Өзіммен өзім бе? Соңғы сөзді айтып өлу керек қой… Қандай сәби едім. О, Тәңірім! Түйсік бере гөр, түсінік бере гөр?!

25 мамыр 1974 жыл

 

Сүйікті балаларым менің! Акылсыз болмаңдар! Өмір тола кауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар!..

24 қаңтар 1975 жыл

 

Мені адамның өзі, сыртқы сүлдері емес, мінез-құлқы, катынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсінуге тырысамын. Адамдарды түсінем, олардың да мені түсінгенін қалаймын. Менің бүкіл поэзиямның мәні – міне осы. Поэзия – мен үшін жанымның шырылы. Басқа ештеңе де емес…

26 қаңтар 1975 жыл

Табиғат сол өз қалпында-ақ әдемі, оны әдемілеудің қажеті жоқ. Суреткер оны сол қалпында беру керек. Мысалы, жер – жер, ай – ай, күн – күн, тағы-тағылар. Оларды немен салыстыруға болады? Оларға қай адамның қалай қарайтыны, қалай қабылдайтыны ол басқаша жағдай. Ал оларға теңеу табам деп іздеу қадірсіздік емес пе?!

12 ақпан 1976 жыл

 

Мен өлеңді үзіп-жұлқып, орайы келгенде, кезі келген жерде жазуға әрекеттенбегем. Жоқ! Поэзия – жан бұлқынысы, бұлқыныс пайда болғанда қаламнан қол үзбей отыру керек. Кімнің қайтетінін кайдан білейін, мен өзім шабыттың бүкіл сөлін сығып алып, құр сүлдерін қалдырғанша орнымнан тұрмаймын.

14 ақпан 1976 жыл

 

…Бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасандар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріндерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқындар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасандар, онда ақын болмағаным!

16 ақпан 1976 жыл

 

Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де хақысы жоқ.

17 ақпан 1976 жыл

 

Бүгінгі күнмен, бүгінгі өмірмен ғана тіршілік жасап жатқан адамдардың даңқы мен атағы арта берсін. Бір күнін жақсы өткізсе бітті. Олар үшін өмірдің мәні – өз ғұмырын қыжалатсыз молшылықта, уайым-қайғысыз өткізіп, артына жақсы, бай мұра қалдыру…