ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
06/10/2023 12

МЕДРЕСЕДЕ ТӘЛІМ АЛҒАН АЛАШ ТАРЛАНДАРЫ

МЕДРЕСЕДЕ ТӘЛІМ АЛҒАН АЛАШ ТАРЛАНДАРЫ

Раббымыз Алла Тағала білім алудың артықшылығы туралы «Зумар» сүресінің 9-аятында «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ала ма?» деп білімді адамның дәрежесінің жоғары екенін айқындайды.

Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Бесіктен қабірге дейін білім алыңдар» деп бұйырған. Дінімізде білім алушы ғана емес, сол білімді өзгелерге таратушы, өзгелерге білім үйретуші де сауапқа кенеледі. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына ілім үйретіп, оған сай амал етуді насихаттағаны Ислам тарихынан белгілі.

Біздің мақаламызға арқау болатын тақырып Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманындағы білім алу мәселесі емес, осы Ислам дінінің таралуына, мәртебесінің көтерілуіне, ғалымдардың білім алуына бірден-бір құтты мекен болған білім ордалары – медреселерден білім алған Алаш қайраткерлері туралы болмақ.

Қазақ даласында қаншама ғалымдар, білімді, данышпан тұлғалар медреселерден шариғи тәлім – тәрбие алған. Тарих беттері мен әдебиеттерден оқып, біліп жүргеніміздей Алаш қайраткерлерінің, көзі ашық, көкірегі ояу, ел –жұртқа жол нұсқаған зиялылардың ауыл молдаларынан білім алғанын, сауат ашқанын көреміз. Атап айтар болсақ, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ғұмар Қараш, Сұлтанмахмұт Торайғыров.

Абай атамыз айтқандай, «баламды медресеге біл деп бердім», демекші қазақ зиялыларының білім алу жолы медресемен байланысты болған. Мысалы, Мағжан Жұмабаевты алар болсақ. Сол кезеңдегі қазақ зиялыларының басым көпшілігі білім алған «Ғалия» медресесінде Мағжан да білім алған. Сол медресенің түлегі.

Мағжан Жұмабаев ауыл мұғалімінен хат танығаннан кейін Қызылжардағы медресеге 1905 жылы түсіп, оны жақсы аяқтап, білімін жетілдіргісі келеді.  Осылайша, талаптанып, оқу іздеп Уфаға аттанып, осындағы «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. Бейімбет Майлиннің өмір жолында оның да осы  «Ғалия» медресесінде оқып, шәкірттермен бірге білімін шыңдап, әдеби үйірмелерге қатысып, «Садақ» журналын шығарғаны айтылады. Осы «Садақ» журналына өзінің танымал болған, оң баға алған «Шұғаның белгісі» туындысын жариялайды.

1906 жылы ашылған Уфадағы осы «Ғалия» медресесі талай қазақ балаларының білім алатын ордасы болып қана қоймай, зиялылардың тырнақ алды шығармаларының жарық көруіне, шабытының шыңдалуына да себепкер орта бола білді. Бұл медреседе тек ислами ілім ағана емес, геометрия, алгебра, физика, химия, орыс тілі, педагогика сияқты ілімдерді де оқыту жолға қойылған еді. 1911 жылы «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттерінің қаражатымен «Әліппе яки төте оқу» атты қазақша оқу кітабы жарық көрді.

Осы жылы медреседегі қазақ шәкірттерінің көмегімен Ғұмар Қараштың «Өрнек» атты кітабы басылып шықты.

Зерттеушілердің дерегіне қара­ғанда, 1906-1919 жылдары Уфа­дағы “Ғалия” медресесінде жалпы саны 154 қазақ ұланы білім алған. Ақпаратқа сүйенсек, әйгілі Мұхтар Әуезов “Ғалия” медресесінде оқыған жастарды – “қазақтың ерте оянған тобы” деп бағалаған еді.

Мағжаннан басқа көрнекті ұлт зиялыларымен, башқұрттың талантты ақын-жазушылары Шайықзада Бабич және Сайфи Құдашпен бірге оқыған қазақ жазушысы – Бекмұхамед Серкебаев.  Қазақ, татар, башқұрт, шәкірттерін оқу-ағарту, әдебиет, мәдениет істеріне тарту мақсатында «Шымытыр» атты қолжазба журнал шығып, өзі оның редакторы болады.

Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың – әкесі Әлімбаев Әлімбай  да осы медреседен сауат ашқан. Ол «Ғалия» медресесін бітірген соң өзі туып-өскен Павлодар облысы, Маралды ауылына мектеп салып, балалардың сауатын ашуға септігін тигізген тұлға.

1917 жылы  Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, «Алаш ұранын» жариялаған, медресе білім алған  қазақтың ағартушы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров  1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесінде білім алады.  Сол кезеңдерде науқас болғандықтан толық білім ала алмасада ақындыққа ден қояды. Оның  «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды.  «Қамар сұлу» романын жазады.

Қазақ халқының ертеңіне алаңдаған «Алаш» партиясының құрамына кірген қазақ зиялыларының білімін шыңдап, жанашырлық сезімін оятуда медреселердің орны ерекше болды. Сонымен қатар, шығармашылықтарын дамытып, елге таратуда рухани орта тапты деуге болады. Жалпы, қазақ зиялыларының медреседе білім алуы, ең алғаш шариғи сауатын ашуы олардың әділ шешім қабылдауына, елге дұрыс жол көрсетуіне үлкен септігін тигізді.

Жалпы, елімізде Алаш қайраткерлерін, ел ертеңі үшін намысты қолдан бермеген зиялыларды ұмытпау, келер ұрпаққа таныту үшін мәдени шаралар ұйымдастырылып, атаулы күндер де аталып өтіледі. Қазақ халқы басынан небір зұлмат жылдарды өткізгені тарихтан аян. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, «репрессия» жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жаһан далада жойылып кету қаупі де болғанын тарихшылар тілге тиек етеді.

Осыншама зобалаң жылдарды, ашаршылықты, жойылудың алдында тұрған кезеңдерді, небір шайқастарды басынан кешкен халқымыз бейбітшіліктің қадірін жақсы біледі, батырларын ұмытпайды. Осы орайда, елімізде 1997 жылдан бастап, 31 мамыр –  Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Осы күні саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар өтіп, ұрпаққа батырлар туралы насихат айтылып, еске алу рәсімі ұйымдастырылады.

Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, қуғын-сүргін кезеңінде 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылған. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты  қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.

Оларды «халық жауы» деп қуғанға ұшыратып, азаматтық құқықтардан айыру, мемлекеттен қуу, дүние-мүліктерін тәркілеу, қатаң оқшаулау арқылы еркінен айыру тәрізді жазалау шаралары қолданылып, отбасына да қысым жасалды. Бүгінгі таңда еліміз егемендік алып, ащы шындықтың беті ашылып, ұрпақ санасына олардың ерлігі білім арқылы жеткізілуде. Тарих қатпарларындағы осынау зұлмат жылдар зобалаңы мен ұлт зиялыларын өскелең ұрпақ ұмытпайды деп білеміз.

 

Жеңісхан Аманкұлов,

Әуезов ауданы «Ақсай» мешітінің азаншысы