ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
01/18/2023 10

МЕШІТ – МЕЙІРІМДІЛІК МЕКЕНІ

МЕШІТ – МЕЙІРІМДІЛІК МЕКЕНІКейде қоғамда «мешіт көп салынып кетті» деген сөз айтылып қалады. Аллаға шүкір, мемлекеттің көмегімен мектептер мен балабақшалар салынуда. Ал жомарт жандардың, сауап іздеген азаматтардың қамқорлығымен мешіттер бой көтеруде. Сайып келгенде, бізге мешіт те, мектеп те керек. Екеуін бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Адам тәні азық-ауқатқа қандай тәуелді болса, біздің жанымыз да рухани азыққа сондай тәуелді. Рухани азық беретін бірден-бір орда – мешіт.

Мешіттің атқаратын қызметі, қоғамдағы орны өте үлкен. Мешіт – руханият ордасы, оқу-білімнің орталығы. Себебі мешіттеріміз тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, діни сауат ашатын, сәбилерге азан шақырып ат қоятын, жаңадан отау құрған жас жұбайлардың ақ некесін қиятын, дүниеден өткен аяулы жандарға Құран оқытып, дұға бағыштайтын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалатын, қиналған адамдарға рухани қолдау көрсететін мейірім мекені. Мешіт салудың сауабы мол болатыны сондықтан.

Өздеріңізге жақсы мәлім, кешегі Алаш арыстары: «Мешіт салуға рұқсат керек. Құдайға құлшылық етуге еркіндік болсын», – деген талап қойып, ұлы арман-тілегін айтып еді. Халқымызда «Азаны бар ауыл азбайды» деген нақыл бар. Мешіт – сүйіспеншілік пен бауырмалдықтың, игілік пен ізгіліктің, бірлік пен мейірімділіктің, барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені.

Мешіт – Алланың үйі. Адамзат баласының рухани тұрғыдан дамуы мен пенденің тұлабойына адамгершілік құндылықтарды ұялатуда мешіттің орны қашан да маңызды. Қазақ топырағында бой көтерген мешіттердің тәлім мен тағылымның, білім мен ғылымның рухани ордасына айналғаны – осының айғағы.

Біз жаңадан салынып жатқан мешіттер құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, қоғамдық келісім және бірлік пен берекенің ошағына айналуына назар аударып келеміз. Сонымен қатар мешіт салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, діни һәм ғылыми жаңалықтардың әрі қайырымдылықтың орталығы болуы керек.

Бұл өмірге келген әрбір пенде өзінің артынан өшпес мұра қалдырып кетсем деп армандайды. Сол өшпес мұраның бірі жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала оған жәннаттан орын дайындайды».

Тағы бір хадисте айтылғандай, «мешіт салған адам үшін Алла Тағала жәннатта сарай тұрғызады». Өйткені мешіт салу – сауабы үзілмейтін сауапты іс! Қасиетті Құран Кәрімде: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға және ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген, Алладан ғана қорыққан кісілер көркейтеді. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі», – делінген аят бар («Тәубе» сүресі, 18-аят).

Иә, мешіт салу – жүрегі Алла деп соғатын, Алла дегенде, өзге істі бір шетке ысырып қоятын, Алла бұйырған намаз, зекет секілді құлшылықтарды ерекше тебіреніспен, яғни жауапкершілікпен іске асыратын, дүние салғаннан кейінгі мәңгі өмірдің табысты, жемісті және жеңісті болуы мына өмірде жасаған ізгі амалдармен байланысты екеніне толық сенетін жанның шын көңілінен шығатын рақымды іс.

Аллаға шүкір, қазір елімізде мешіт саны жыл санап артып келеді. Біз мұндай нығметке Алланың қалауымен елдігіміз бен ерлігіміздің, бірлігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында жеттік. Бүгінгі таңда ҚМДБ-ға филиал болып тіркелген 2752 мешіт бар. Оның 20-сы – облыстық, аймақтық орталық мешіт, 418-і – қалалық мешіт, 173-і – аудандық мешіт және 2141-сі – ауылдық мешіт. Сондай-ақ еліміз бойынша жалпы 447 намазхана бар. Діни басқармаға қарасты 2752 мешіт пен 447 намазхана Google, Яндекс секілді электронды карталарға орналастырылып, мешіт атауымен бірге қойылды.

Құдайға шүкір, бүгінгі таңда мешіттеріміз қайрымдылық ордасына айналып үлгерді. Құлшылық үйлерінде «Зекет және қайырымдылық» қоры 2022 жылы «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша баспанаға аса мұқтаж 114 отбасының баспаналы болуына ықпал етті. Аталған жоба бойынша осы уақытқа дейін 623 баспана кілті берілді. Мешіт қызметкерлері 2022 жылы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бойынша 17 870 балаға көмек көрсетті. Мешіттегі қайырым­дылық іс-шаралар жыл бойы жалғаса бермек. Алла Тағала игі істерімізге жар болсын! Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

aikyn.kz