ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/02/2020 576

ӨМІРІҢ БОСҚА КЕТПЕСІН!

КІРІСПЕ

Өмір – Жаратушының адам баласына берген шексіз нығметі әрі сынағы. Нығметі дейтініміз – сіз осы өмір арқылы Алланы танисыз, айналаңызды танисыз, құлшылық жасайсыз, жаман мен жақсыны үйренесіз. Бір сөзбен айтқанда, Алланың сүйікті құлы болуға әрекет жасайсыз. Ал сынағын айтар болсақ, ол өте ауыр, әр сәтіңізге, қалай өткеніне есеп бересіз.

Алла өзінің Рахман, Рахым, Әділ сипатымен барлық адамға өмірді тең дәрежеде берген, біреуге артық біреуге кем бермеген. Әр адамның еншісінде 24 сағат бар. Адамдар осы өмірді тиімді пайдаланса, әрине алға қойған мақсатына жетеді. Алайда кейбіреулер өз өмірінің қадір-қасиетін тиімді пайдалана алмай жатады, бос нәрселермен өткізіп, не өзіне не өзгеге пайдасын тигізе алмауда. Шындығында өмір жүйелі түрде өмір сүру үшін берілген, қайта айналып келмейтін үлкен мүмкіншілік. Өміріңді түзете алсаң, сонда ғана барлық берекеге қол жеткізесің.

Әрбір мұсылманның өмірдегі мақсаты – Алланың сүйікті құлы болу, бастаған ісі берекеге ұласып, табысқа кенелу, қоғамға пайдалы адам болу, балалары үшін мейірімді әке, ата-анасына мейірбан перзент, жарына сүйікті адам болу. Мұны қаламайтын, армандамайтын адам кемде-кем шығар. Алайда сол мақсатқа жету үшін біз қаншалықты күш жұмсаудамыз?

Адамның орташа жасы жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Үмметімнің жасы алпыс пен жетпістің арасы және кейбіреулер ғана бұл жастан асады»[1] деп сипаттап кеткен.

Егер адамның орташа ғұмыры жетпіс жас дейтін болсақ, бұл дегеніңіз жетпіс жыл деген сөз. Сол жетпіс жыл адамдар үшін асуы биік белес болып көрінуі мүмкін, алайда жетпіс жыл 840 ай, 3640 апта, 25550 күн екен.

ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلًا وَهُوَ الْعَزِيزُ الْغَفُورُ

«Ол Алла қайсыбірің игі һәм сауапты істер істейді екен деп, бәріңді сынап көру үшін өлім мен өмірді жаратты. Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Ғафур (құлдарының күнәлары қанша ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда оларға өте кешірімді)» [2].

Қысқаша түсіндірмесі: Адамды өлтіріп-тірілту құдіреті күшті тек Жаратушы Аллаға тиесілі. Алланың өлімді жаратуында ұлы хикметтер бар. Өмірдің түгесілетінін, өлімнің бар екенін білген адам өмірін қадірлеуді үйренеді. Алайда ақиқатында біз үрейленетін өлім – адамның бір кезеңнен екінші бір кезеңге ауысуы. Осылайша Алла кімнің тақуа кімнің күнәһар екенін анықтайды. Сол себепті бұл өлім адам үшін ұлы емтихан.

Екінші аят:

إِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ 

«Шүбәсіз Біз барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен жараттық»[3] дейді.

Қысқаша түсіндірмесі: Әр нәрсенің мөлшері әуел баста белгіленген. Алла Тағала осы аятта әр нәрсенің шегі, уақыты болатындығын баяндаған. Осы белгіленген уақыт, өмір аяқталған кезде барша жаратылыс тіршілік етуін тоқтатады[4].

Үшінші аят:

كُلُّ مَنْ عَلَيْهَا فَانٍ  وَيَبْقَىٰ وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ

«Жер бетіндегі барлық нәрсе фәни! Тек ұлылық пен жомарттық иесі Раббыңның Өзі ғана мәңгі-бақи қалады!»[5].

Қысқаша түсіндірмесі: Бұл дүниедегі барлық тіршіліктер, яғни адамнан бастап жер бетінде жүрген жан-жануарлар мен аспанда ұшқан құстар, көзге көрініп-көрінбейтін микроптарға дейін пәнилік, ақыр соңында өмір сүруін тоқтатады. Тек Жаратушы Алланың ғана ұлықтығы мәңгі жалғасады[6].

Төртінші аят:

وَسَخَّرَ لَكُمُ الشَّمْسَ وَالْقَمَرَ دَائِبَيْنِ ۖ وَسَخَّرَ لَكُمُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ وَآتَاكُم مِّن كُلِّ مَا سَأَلْتُمُوهُ ۚ وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَتَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا ۗ إِنَّ الْإِنسَانَ لَظَلُومٌ كَفَّارٌ 

«Өз шеңберінен жазбай әрі тынбай айналатын күн мен айды да сендерге бағындырды. Сондай-ақ түн мен күндізді де сендерге бағындырып қойды. Ол сендерге өзіне сұраған нәрселердің барлығын берді. Бергені соншалық егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шынында адам баласы мүлдем рақметі жоқ, өте залым келеді»[7] деген.

Қысқаша түсіндірмесі: Жаратушы Алла бекіткен ұшқыр есеппен тоқтаусыз айналымдағы күн мен түнді сендерге бағындырып қойды. Ризық тауып, еңбек ету үшін күндізді жаратса, дем алып, ұйықтау үшін түнді жаратты. Сендер дұға тілеп, талап еткен барлық қажетті, әрі пайдалы нәрсені Алла есепсіз беруде. Егер Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар санына әсте жете алмайсыңдар, өйткені Оның сендерге берері сендер пайымдап, ойлағаннан әлдеқайда көп. Осыншама нығметтерге бөлене тұра адам баласы сол нығметтерді мойындамаумен өзіне зұлымдық жасауда[8].

Бесінші аят:

وَهُوَ الَّذِي جَعَلَ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ خِلْفَةً لِّمَنْ أَرَادَ أَن يَذَّكَّرَ أَوْ أَرَادَ شُكُورًا 

«Ол – Алла, ойланып, ғибрат алуды, яки шүкіршілік етуді қалайтын әрбір жан үшін түн мен күндізді бір-бірінің ізін алмасып тұратын етіп қойды» деген[9].

Қысқаша түсіндірмесі: Күн түннің артынан өзінің нұрымен келсе, түн күннен кейін қараңғылығын жаяды. Мұның өзінде ақыл иелері үшін үлкен белгілер, шүкір етушілер үшін ұлы нығметтер бар. Атақты тәпсірші имам Табари бұл аят жайында: «Алла күндіз бен түнді бірінен соң бірін ілесетін етіп жаратты. Түнде үлгермеген амалын күндіз толтырса, күндіз үлгермеген амалын түнде толтырады» деген[10].

Алтыншы аят:

تَبْتَغُونَ عَرَضَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا فَعِنْدَ اللَّهِ مَغَانِمُ كَثِيرَةٌ 

«Дүниенің алдамшы қызықтарына құмартасыңдар, негізінде Раббыңның құзырында одан да үлкен нығметтер бар»[11].

Қысқаша түсіндірмесі: Тез түгесілетін алдамшы дүниенің қызығына тым жақынсыңдар және көпшілігің соған алданып жүрсіңдер. Тақуалар үшін Алланың құзырында дайындалған ұлы нығметтерге жетуге тырыспайсыңдар.

Жетінші аят:

وَمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا لَعِبٌ وَلَهْوٌ وَلَلدَّارُ الْآخِرَةُ خَيْرٌ لِّلَّذِينَ يَتَّقُونَ ۗ أَفَلَا تَعْقِلُونَ 

«Дүние тіршілігі әншейін алданыш, ойын ғана. Ал тақуалар үшін әрине ақырет жұрты абзал»[12].

Қысқаша түсіндірмесі: Бұл дүние тым қысқа, баянсыз әрі алдамшы. Ақырет нығметтері тақуалар үшін бұ дүниелік нығметтерден әлдеқайда артық. Өйткені дүние уақытша мекен болса, ақырет мәңгі мекен.

Сегізінші аят:

مَنْ كَانَ يُرِيدُ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا وَزِينَتَهَا نُوَفِّ إِلَيْهِمْ أَعْمَالَهُمْ فِيهَا

«Дүние тіршілігі мен оның зейнетін қалайтын адамға еңбегінің төлеуін дүниеде толық береміз, сондай-ақ дүниеде олардың ақысын кемітпейміз»[13].

Қысқаша түсіндірмесі: Егер адам өзінің амалдарымен тек бұл дүниенің нығметтеріне жетуді қалап, осы дүниеде абыройының өскенін қаласа, ол қалауын біз орындаймыз. Алайда, ақыретке амал жасамағаны үшін тек бұл дүниенің нығметіне бөленіп, қиямет күнінде құрдымға кеткендерден болады.

ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

لَا تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعِ خِصَالٍ : عَنْ عُمُرِهِ ، فِيمَ أَفْنَاهُ ؟ وعَنْ شَبَابِهِ ، فِيمَ أَبْلَاهُ ؟ وَعَنْ مَالِهِ ، مِنْ أَيْنَ ؟ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ ؟ وَعَنْ عِلْمِهِ ، مَاذَا عَمِلَ فِيهِ ؟ ”

«Қиямет күні Алланың құлы мына төрт нәрседен сұралмайынша бір қадам да орнынан тапжылмайды:
  1. өмірін қайтіп өткізгендігі;
  2. жастық шағын қалай өткізгендігі;
  3. дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы;
  4. алған білімімен не істегендігі» деген[14].

Екінші хадис:

وعن أبى هريرة قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم ‏”‏ قَالَ اللَّهُ يَسُبُّ بَنُو آدَمَ الدَّهْرَ، وَأَنَا الدَّهْرُ، بِيَدِي اللَّيْلُ وَالنَّهَارُ ‏”‏‏.

Әбу Һурайрадан  жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала былай деді: адам баласы заманға тіл тигізеді. Ақиқатында заман менікі, күндіз бен түн менің құзыретімде»[15].‏

Үшінші хадис:

اغْتَنِمْ خَمْسًا قَبْلَ خَمْسٍ: شَبَابَكَ قَبْلَ هِرَمِكَ،وَفَرَاغَكَ قَبْلَ شُغْلِكَ، وَحَيَاتَكَ قَبْلَ مَوْتِكَ، وَصِحَّتَكَ قَبْلَ سَقَمِكَ، وَغِنَاكَ قَبْلَ فَقْرِكَ

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біліңдер:
  1. өлмей тұрып өмірдің қадірін;
  2. бір нәрсемен шұғылданбас бұрын бос уақыттың қадірін;
  3. ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін;
  4. қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін;
  5. кедейліктен бұрын байлықтың қадірін»[16] деген.

Төртінші хадис:

لَوْ كَانَت الدُّنْيَا تَعْدِلُ عِنْدَ اللَّه جَنَاحَ بَعُوضَةٍ مَا سَقَى كَافِرًا مِنْها شَرْبَةَ مَاءٍ

«Алла құзырында бұл дүниенің ризықтары масаның қанатына тең келсе, кәпірге бір ұрттам суды да ішкізбес еді»[17].

ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:

Лұқман хәкім баласына былай деп өсиет етіпті: «Ақиқатында мына өмір терең теңіз секілді, көп адамдар оған батып кетіп, қасіретке ұшырайды. Егер кемең тақуалыққа негізделсе, онда мына өмірдің арбауынан құтыла аласың».

Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Төрт нәрсе кері қайтарылмайды деген:

  1. атылған оқ;
  2. жұмсалған ақша;
  3. қолға түскен мүмкіндік;
  4. өткен уақыт, өмір.

Хазіреті Али: «Уақытпен жақұтқа қол жеткізуге болады, бірақ жақұтпен уақытқа қол жеткізе алмайсың» деген.

Хазіреті Али (Алла оған разы болсын) кімде-кім мына алты қасиетті бойына жинай алса, тозақтан құтылып, жәннатқа кіруі міндет болады деген:

  1. Алланы танып, Оған итағат етсе;
  2. шайтанды танып, оған бойұсынбаса;
  3. ақиқатты көріп, сол жолға бастаса;
  4. күнәлардан аулақ болып, тақуалыққа бейім болса;
  5. дүние қызықтарына алданбаса;
  6. ақыретті игі тұтса.

Имам Ахмад (Алла оған разы болсын) айтады: «Өткен өтті. Оны енді ғибрат алу үшін ойлауға болады. Келешекке арқа сүйелмейді. Себебі, бұдан кейін өмір сүретініңіз мәлім емес. Олай болса, көңіл бөлетін уақыт өзіңіз тірі тұрған сәтіңіз. Біз тек соған ғана иеміз. Не істей алсаң, қазір жасап қал».

Хасан әл-Басри (Алла оған разы болсын) былай деген: «Ей, адам баласы! Шынында сенің  ғұмырың белгілі күндермен шектеулі, егер бір күнің өтсе, бір бөлігіңді жоғалтқаның».

Хасан әл-Басри (Алла оған разы болсын) тағы бір сөзінде: «Ей, адам баласы! Күндізің сенің қонағың, онымен жақсы мәміледе бол, егер оны жақсы шығарып салсаң, ол саған мақтау айтып кете барады, егер жамандық жасасаң ол саған жамандық тілеп кетеді, түнің де солай жасайды» деген.

Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Өкініштердің ішінде ең қатты өкініш мен үшін салихалы амалдар жасалмай, ажалға бір қадам жақындап батқан күнім» деген екен.

Атақты ғалым Суфян әс-Саури (Алла оған разы болсын): «Бұл дүниеден денеңе (тәніңе) қажетті нәрсені ғана ал, ақыретіңе жүрегіңе қажетті нәрсені ал» деген.

ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:

Бірінші қисса:

Бірде Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) мың жасқа жуық өмір сүрген Нұх пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) келіп:  «Сен Пайғамбарлардың ішінде ең ұзақ жасаған пайғамбарсың, өмірің қалай өтті?» деп сұрапты. Сонда Нұх пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Үйдің бір есігінен кіріп, екінші есігінен шыққандай болдым» деп, өмірдің қысқалығын айтып берген екен.

Екінші қисса:

Әйтекенің Әнет бабаға берген жауабы

Әйтеке айтқан сертінен жер дүние қозғалып кетсе де айнымайтын адал, ауыздыға сөз бермейтін шешен, екі иығына екі кісі мінгендей ірі, нар тұлғалы адам екен. Түркістанға, Күлтөбеге билер кеңесіне бара жатып та, кеңестен келе жатып та, Әнет бабаға келіп, амандасып өтеді екен. Әрі батыр, әрі шешен, әрі көсем Әйтеке биді Әнет баба осы қасиеті үшін қатты сыйлайды екен. Сондай сапарының бірінде Әнет баба Әйтеке биге былай депті: «Әйтекежан, бүгін бір түс көріп ояндым. Сол түсімді саған жорытайын» деп отырмын. Түсіңізді Жүсіп пайғамбар жорысын. Алла аузымызға салса, біз де білгенімізді айтамыз, құлағым сізде, баба депті Әйтеке би. Түсімде мынадай нәрселер көріппін: «Он лақ, Алпыс ақта, Жиырма қасқыр, Жетпіс желкілдек, Отыз жолбарыс, Сексен селкілдек, Қырық түлкі, Тоқсан домалақ. Елу ноқта, Бұл не нәрсе болғаны, би інім?» депті. Әйтеке күліпті де былай депті:

– Әй, қасиетіңнен айналайын, Әнет баба-ай, бәрі дұрыс қой, бірақ, алпыс ақта емес, арқа еді ғой, жетпіс желкілдек емес, желкен еді ғой, сексен көркем еді ғой, тоқсан торқам еді ғой.

– Әйтекежан-ай, құдай көңіліңді көтерсін, деп Әнет баба кемсеңдеп жылап жіберіпті. Сөйтсе, бұл сөздің шешуі былай екен. Әнет бабаның «Он лақ» дегені – «он жаста жарға ойнаған лақтай болдым» дегені. «Жиырма қасқыр» дегені – «жиырмада пышақ тісті, қасқырдай болдым» дегені. «Отыз жолбарыс» дегені – «отызда жолбарыстай қайратты» дегені. «Қырық түлкі» дегені – «қырқымда түлкідей айлакер болдым» дегені. «Елу ноқта» дегені – «елуде ноқталаған аттай болдым» дегені. «Алпыс ақта» дегені – «алпыста ақталаған аттай болдым» дегені. «Жетпіс желкілдек» дегені – «жетпісте күшім кетіп, түндіктей желпілдек болдым» дегені. «Сексен селкілдек» дегені – «сексенде буын-буынымнан әлі кетіп, селк-селк етіп, қалтылдақ шал болдым» дегені. «Тоқсан домалақ» дегені – «тоқсанда өз аяғыммен жүре алмай, домаланып мешел болып қалдым» дегені екен. Соны Әйтеке былай түзеткен көрінеді.

«Әнет баба, сіз қазақ үшін алпыста – арқа болдыңыз, жетпісте – желкенін көтерген кемедей болдыңыз, сексенде – ақ сақал-шашыңызбен, асқар таудай басыңызбен көз тартар көркем болдыңыз, тоқсанда – алдың да, артың да жәйлі, жаның да, жүрісің де кең-торқа болып отырсыз» дегені екен. Әнет бабаның «Әйтекежан, көп жаса!» – деп рахмет айту себебі осындай құрмет, марапаты үшін екен.

НАҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ МӘТЕЛДЕР:

Өмір сүрудің екі заңын білген адам бақытты болар:

Бірі – не болса соны жей бермей, азығына талғаммен қарайтын жан;

Бірі – кім болса, сонымен дос болмай, айналасындағы достарын жөнімен таңдай білетін адам (Омар Хаям).

Бұл пәни ұзақ болса, жүз жыл болар,

Байқасаң, тоқтауы жоқ бұл бір сонар.

Сонаршы кешке дейін түлкі қуған,

Күн батып, шаршаған соң, ақыр қонар (Сүйінбай).

Адам баласы керуен сияқты: тоқтады, көшті де кетті (Қорқыт ата).

Бір данышпан: Мен соңғы 33 жылымда таңертең айнаға қарап, өзіме былай деп сұрақ қоямын: «Егер бүгін менің өмірімнің соңғы күні болса, бүгінгі ойлаған жоспарымды іске асыра аламын ба?».

«Өлгеннен сұра дер едім, тірі жандарға өмір дегеннің не екенін» (Мұқағали Мақатаев).

ӨМІРДЕ КҮНДЕЛІКТІ ЖОСПАРЫҢ БОЛСЫН:

Өзіңді таны:

Көп адамдар бұл өмірде өзін танымай өтіп кетеді. Енді бір адамдар қиын іс басына түскен кезде ғана өзінің шама-шарқын біліп жатады. Алла Тағала адам баласын көркем түрде кемшіліксіз жаратқан. Қасиетті Құранда: «Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық»[18] дейді. Бұл аяттан біз адамның ең ұлы жаратылыс екенін байқаймыз. Сізді ерекше қабілетімен таң қалдырып, сіздің үлгі тұтқан адамыңыз да сіз секілді қаннан, еттен, сүйектен жаратылған. Оған да сіздегідей ақыл, күш-қуат берілген.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз,

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз демекші адамның өзіне төмен баға беруі – оның ең үлкен жауы.  Егер адам бірінші кезекте өзін тани алмаса, онда өзін басқаға қалай таныта алмақ?

Мақсат қою:

Өмірде мақсатсыз адам болмайды. Бірақ өкінішке орай көп адамның мақсаты орындалмас арман болып қала береді. Жоғарыда өзіңіздің қабілетіңізді, орындай алатын жұмыс түрлерін анықтағаннан кейін соған сүйене отырып мақсат қою қажет.

Мақсатқа жеткен жағдайда оның нәтижелерін ойлау:

Адам нені мақсат етсе соған жетеді. Кез келген бір істі бастарда «Уа, Аллаһым! Осы ісімді берекелі ете гөр» деп бастауы керек. Егер мақсатына жетіп жатса, шүкіршілік етіп, ал егер алға қойған мақсаты орындалмаса, оның да қайыры бар деп тілегені жөн. Әрине, ізгі ойлар адамға қанат бітіріп, арман қиялында самғатып қана қоймай сол арманының орындалуына қосымша күш береді.

Мақсатқа жетуге жоспар жасау:

Егер өмірде бір мақсат қойып соған жетуге жоспар құрмасаңыз, сіздің мақсатыңыз бос арман, қиял ғана.

Білікті маманның кеңесіне жүгіну:

Кеңесу – қабылданатын шешімнің дұрыс болуының алғы шарты. Қандай да бір мәселе төңірегінде он ойланып, жүз толғанып, бір тоқтамға келсек те, өзгелердің ойлары мен сындарын ескермей шешім қабылдау, көбіне сәтсіздікке ұрындырады.

Алла Тағала Құран Кәрімде білмеген жағдайда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар»[19] деп, білім иелерінен сұрау керектігін айтқан.

Уақытты белгілеу:

Әр істі бөлшектеп тарқатып зерттеп қағаз бетіне түсіргеннен кейін, оның орындалу мерзімдерін белгілеу керек.

Тоқтатушы фактоларды ескеру және оны болдырмау:

Алға қойған мақсатыңызға не кедергі соны анықтауыңыз қажет. Кедергілер адамның өзінен болуы мүмкін еріншектігі, жаман қылықтары, уақытын жоспарда қойған мақсаттарына қатысы жоқ бос істерге жұмсауы, телефон, интернетте сағаттап отыруы. Сол секілді кедергілер сыртқы факторлардан болуы мүмкін пайдасыз істерге тартатын достары, істі жүзеге асыруға қатысты қоғамдық кедергілер, жоспарды жүзеге асыруға қажетті қаражаттың жоқтығы т.б. Аталған кедергілерді жіпке тізгендей етіп жазып, біртіндеп шешу қажет және кедергілердің күрделілігін, реттілігін де ескерген жөн.

Өз-өзіңді дамыту, қамшылау:

Адам әр кез нәпсісімен күресу үстінде пенденің алға қойған мақсатына жетуіне шайтан барынша кедергі болуға тырысады. Әрине ол мақсат Алланың сүйікті істерінен болса. Сол себепті жоспарлар толық орындалмай жатса, аптаның бір күнін таңдап күндегідей сегіз сағат емес, он сағат істесеңіз біраз істеріңіздің орнын толтырар едіңіз.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшерде жасаған жоспары:

  1. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына көшпей тұрып, оның берекелі ислам астанасына айналу үшін халқын дайындады. Бұл ұлы іске Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың ішінде ең тартымды, сөзге шебер, өте алғыр Мұсғаб ибн Умайр деген жас жігітті таңдады.
  2. Бұл ұлы сапарға қасына серік ретінде Әбу Бәкірді таңдады.
  3. Төрт ай бұрын бұл ұлы сапарға түйелердің ішінде ең жүйрігін таңдап, дайындады.
  4. Уақытша паналау үшін «Сәуір» үңгірін белгіледі.
  5. Әмір ибн Фаһир есімді бақташыны таңдап, Сәуір үңгіріне дейінгі іздерін жасыру үшін пайдаланды.
  6. Абдолла ибн Ариқат есімді мүшрікті жол көрсету үшін жалдады.
  7. Мүшріктер алдана тұру үшін өзінің төсегіне Әлиді қалдырды.
  8. Мүшріктердің хабарын жеткізіп тұру үшін сол кезде әлі сәби Әбу Бакірдің баласы Абдолланы тағайындады.

УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:

  • Алла әділ сипатымен барша адамға 24 сағат берген;
  • Өмірді жүйелеу барлық берекенің бастамасы;
  • Бойдағы кемшіліктермен күресу – мұсылманның сүйікті ісі;
  • Әр жастың өзіне тиесілі амалы бар;
  • Ысырапшылықтың ең үлкені – өмірдегі уақыттың ысырапшылығы;
  • Әр адам өткеніне есеп бере білуі тиіс.

ДҰҒА:

اللَّهُمَّ أَصْلِحْ لِي دِينِي الَّذِي هُوَ عِصْمَةُ أَمْرِي، وَأَصْلِحْ لِي دُنْيَايَ الَّتِي فِيهَا مَعَاشِي، وَأَصْلِحْ لِي آخِرَتِي الَّتِي فِيهَا مَعَادِي، وَاِجْعَلِ الْحَيَاةَ زِيَادَةً لِي فِي كُلِّ خَيْرٍ وَاِجْعَلِ الْمَوْتَ رَاحَةً لِي مِنْ كُلِّ شَرٍّ

«Уа, Алла, амандығымның кепілі болған дінімді дұрыстай гөр және менің бұл дүниедегі өмірімді дұрыстай гөр, сондай-ақ менің Өзіңе қайтып оралғандағы ақыреттік өмірімді дұрыстай гөр, әрі менің өмірімді жақсылықтардың қосымшасы қыла гөр, ал, менің өлімімді күллі жамандықтардан құтылуым ете гөр»[20].

 

 

 

[1] Тирмизи хадистер жинағы.

[2] «Мүлік» сүрес, 2-аят.

[3] «Қамар» сүресі, 49-аят.

[4] Сафуат әт-тәфасир кітабы.

[5] «Рахман» сүресі, 26-27 аяттар.

[6] Сафуат әт-тәфасир кітабы.

[7] «Ибраһим» сүресі, 33-34 аяттар.

[8] Сафуат әт-тәфасир кітабы.

[9] «Фурқан» сүресі, 62-аят.

[10] Сафуат әт-тәфасир кітабы.

[11] «Нисә» сүресі, 94-аят.

[12] «Әнғам» сүресі, 32-аят.

[13] «Һуд» сүресі, 15-аят.

[14] Тирмизи хадистер жинағы.

[15] Ибн Шиһәб.

[16] Хаким хадистер жинағы.

[17] Тирмизи хадистер жинағы

[18] «Тин» сүресі, 4-аят.

[19] «Нахл» сүресі, 43-аят.

[20] Мүслим хадистер жинағы.