ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
06/02/2025 294

Муташабиһ аятқа бойламау

Муташабиһ аятқа бойламауҚасиетті Құран – хикметке толы, Алланың тура жолға бастаушы сөзі. Онда мағынасы айқын (мухкам) және тек Аллаға аян, астарлы мағынадағы (муташабиһ) аяттар бар. Ислам ғалымдары мұндай аяттарға қалай қарау керектігін терең зерттеген. Осы тұста Құран, хадис және ғалымдар көзқарасына сүйене отырып, муташабиһ аяттарға бойлау мәселесін қарастырамыз.

  1. Құран Кәрім мен хадистердегі ескерту

 

Құран Кәрімде былай делінген:

﴿هُوَ ٱلَّذِىٓ أَنزَلَ عَلَيْكَ ٱلْكِتَٰبَ مِنْهُ ءَايَٰتٌۭ مُّحْكَمَٰتٌ هُنَّ أُمُّ ٱلْكِتَٰبِ وَأُخَرُ مُتَشَـٰبِهَـٰتٌۭ ۖ فَأَمَّا ٱلَّذِينَ فِى قُلُوبِهِمْ زَيْغٌۭ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَـٰبَهَ مِنْهُ ٱبْتِغَآءَ ٱلْفِتْنَةِ وَٱبْتِغَآءَ تَأْوِيلِهِۦ ۗ وَمَا يَعْلَمُ تَأْوِيلَهُۥٓ إِلَّا ٱللَّهُ ۗ وَٱلرَّٰسِخُونَ فِى ٱلْعِلْمِ يَقُولُونَ ءَامَنَّا بِهِۦ كُلٌّۭ مِّنْ عِندِ رَبِّنَا﴾

«Ол саған Кітапты түсірді. Оның бір бөлігі – мағынасы анық, бұлар – Кітаптың негізгі аяттары. Ал басқа бөлігі – муташабиһ. Жүректерінде ауытқу барлар күмән туғызу үшін соларға ілеседі… Ал олардың мағынасын тек Алла біледі. Ғылымда тереңдегендер: “Біз бұған иман келтірдік – барлығы Раббымыздан” – дейді» (Әли Имран сүресі, 7-аят)

 

Хадис шәріпте:

عن عائشة رضي الله عنها قالت: قرأ رسول الله صلى الله عليه وسلم هذه الآية:
﴿فَأَمَّا ٱلَّذِينَ فِى قُلُوبِهِمْ زَيْغٌۭ﴾ إلى قوله: ﴿وَمَا يَذَّكَّرُ إِلَّآ أُو۟لُواْ ٱلْأَلْبَٰبِ﴾، قال:
««فإذا رأيت الذين يتبعون ما تشابه منه فأولئك الذين سمى الله، فاحذروهم

«Құрандағы күмәнді нәрселерге ілесетін адамдарды көрсеңдер, олардан сақтаныңдар. Өйткені Алла ол туралы: “Жүректерінде ауытқу болғандар адамдарды адастыру үшін және жорамалдау үшін сол күмәнді аяттарға ілеседі…” – деп сипаттады» (Сахих әл-Бухари, №4547; Сахих Муслим, №2665)

  1. Сабиғ ибн Асал оқиғасы

Сабиғ ибн Асал (Алла ол кісіге разы болсын) муташабиһ аяттардың мағынасын елден сұрап жүргенде, халифа Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оны рақымына алсын) оны қамшымен жазалап, ескертіп, ол тәубе етеді. Бұл оқиға муташабиһ аяттарға білімсіз бойлаудың зиянын көрсетеді.
Дереккөздер: Ибн Са‘д, әт-Табақат әл-Кубра, 5/213, Ибн Хажар, әл-Исаба фи Тамйиз әс-Сахаба, №3299, әз-Захаби, Тарих әл-Ислам, 4/242

 

 

 

  1. Ғұламалар көзқарастары

Имам Мәлик ибн Әнас:

«اسُئِلَ مالك بن أنس رحمه الله عن قوله تعالى:

{الرَّحْمَنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوَى} [طه:٥]،

كيف استوى؟

قال: الاستواء غير مجهول، والكيف غير معقول، والإيمان به واجب، والسؤال عنه بدعة، وما أراك إلا ضالاً، وأمر به أن يخرج من مجلسه]»

«Имам Мәлик ибн Анасқа (Алла ол кісіні рақымына алсын) Аллаһ Тағаланың мына сөзі жайлы сұрақ қойылды: “Рахман Аршыға истиуа етті” (Таһа сүресі, 5-аят), “Қалай истиуа етті?” – деп сұрады.
Ол былай деп жауап берді: «Истиуа – белгісіз нәрсе емес, бірақ оның “қалай болғаны” ақылмен түсінікті емес, оған иман келтіру – міндет, ал бұл туралы сұрақ қою – бидғат, мен сені адасушы кісі деп қана көремін»
(Имам Байһақи әл-Асма уа ас-Сифа, әл-Лалакаи шарх Усуль иғтиқад аһлі әс-сунна уа әл-жамаға 665 бет, Ибн Абдулбар әт-Тамһид) 

Имам Әбу әл-Хасан әл-Ашғари:

«وكان أبو الحسن بعد رجوعه إلى مذهب أهل السنة، يمر الآيات كما جاءت، بلا تفسير ولا تأويل»

«Имам Абу әл-Хасан әл-Ашғари муғтазилалық сенімнен әһлі сүннет жолына қайтқаннан кейінгі кезеңінде муташабиһ аяттарға мағына бермей, Аллаға тапсыру жолын таңдады» (әл-Байһақи, әл-Итиқад уа Шараъ әд-Диянәт, 118-бет)

Имам ән-Нәуәуи:         «مذهب السلف الإيمان بها من غير تفسير ولا تأويل، وهذا هو الحق»
«Муташабиһ аяттарға сену – уәжіп. Егер мағынасы белгісіз болса, тәуилсіз иман келтіру – әһлі сүннет жолы» (ән-Нәуәуи, Шарх Сахих Муслим, 3/19)

Имам әт-Табари:         «فنحن نؤمن بما جاءت به الآية، ونفوض علم تأويلها إلى الله»

«Муташабиһ аяттар келгенде, біз оларды Аллаға тапсырып, тура мағына бермей, иман келтіреміз» (әт-Табари, Тафсир әт-Табари, 1/262)

Имам әл-Қуртуби:  «فأهل الزيغ يتبعون المتشابه، وأهل العلم يردونه إلى المحكم»

«Муташабиһке бойлау – жүректе ауытқушылық бар адамның ісі. Нағыз иман келтіргендер – оны Раббысынан деп қабыл етіп, тынышталады» (әл-Қуртуби, әл-Жамиғ ли Ахкам әл-Қур’ан, 4/14)

Имам Абуль-Фараж ибн әл-Жаузи:
«فمن حمل الصفات على مقتضى الحس والتشبيه فقد ضل، وواجب الإيمان بها وتفويض معناها إلى الله»

«Муташабиһ аят, хадисті тура мағынада түсіну – адасушылық. Оларға иман келтіріп, мағынасын Аллаға тапсыру қажет» (Ибн әл-Жаузи, Дафъ шубәһ әт-ташбих, 43-бет)

Тәшбихке қарсы сөзі:
«يقول بعض الحنابلة: إن الله جالس على العرش حقيقة، وأن له وجهًا ويدًا، وهذا تشبيه صريح. والله منزه عن الأعضاء والجهات والحدود»

«Ханбали мазһабындағы кейбір адамдар “Алла Аршыға шынайы отырды, жүзі мен қолы бар” деп айтады. Бұл – ашық ташбих! Ал, Алла – дене, шекара, бағыт, мүшелерден пәк!»

Қорытынды

Муташабиһ аяттар – Алланың сынағы әрі хикметі. Оларға иман келтіру – міндет, ал мағынасына терең бойлау – қауіп. Сәләф пен халаф ғалымдары муташабиһті Аллаға тапсыруды ең қауіпсіз жол деп білді. Сондықтан нағыз мұсылман осы әділ жолды ұстанып, ақидасын сақтап қалуы керек.

 

Алла Тағала баршамызды адасудан, күмән мен ташбихқа ұрынудан сақтасын. Ақиқат жолында сабыр мен ілім нәсіп етсін!