«Дұға» сөзі араб тілінде «айту, шақыру, жәрдем сұрау, Аллаға жалбарыну, Алладан тілеу» деген мағыналарды білдіреді. Дұға – Алла мен пенде арасындағы байланыс. Терминдік мағынасы бойынша, «дұға» – пенденің Аллаға сиынуы және жалбарынуы, пенденің Алланың ұлылығының алдында әлсіздігін мойындауы, құрмет сезімдерімен Алланың мейірімін, жәрдемін және кешірімін тілеуі.
Адамзаттың асыл тәжі, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұға – құлшылықтың негізі», – деп, дұғаға үлкен мән берген. Өйткені дұға-мінәжәтсыз өткен өмірде құлшылықтың сазы естілмесе, құлшылықсыз өткен өмірде руханияттың табы білінбейді. Құран Кәрімнің: «(Уа Мұхаммед, оларға) егер дұға-мінәжаттарың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын! – деп айт» деген аяты да осынау ақиқатты тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Иә, бұл аяттан құлшылығы жоқ жанның Хақ алдында қадірі болмайтынын аңғару қиын емес. Тағы бір аятта Алла Тағала: «(Уа Мұхаммед) егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, шынында Мен оларға өте жақынмын. Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын. Ендеше, олар да тура жолда болу үшін Маған жауап берсін һәм маған иман келтірсін», – деген. Мұнда да Алла Тағалаға шынайы сеніммен мінәжат қылып, ықыласпен тілек тілеген жанның дұғасы қабыл болатыны айтылған.
Дұғалардың ішіндегі ең абзалы әрі ардақтысы – ардақты Пайғамбарымыздың сүннетінде келгені. Осы орайда намаздан бұрын, намаз кезінде және намаздан кейін оқылатын кейбір дұғаларды атап өтсек.
Мешітке кірер кезде оқылатын дұға: «Я, Алла! Барлық күнәмді кешір әрі рақым есігіңді маған аша көр!» (Ахмад ибн Ханбал, Муснәд, 6\283).
Мешіттен шығар кезде оқылатын дұғалар: «Алланың атымен, Алланың елшісіне салауат және сәлем болсын!», «Я, Алла! Сенің кеңшілігіңді сұраймын», «Я, Алла! Мені шайтанның азғыруынан сақтай көр» (Ахмад ибн Ханбал, Муснәд, 6/283).
Азан дұғасы: «Я, Алла! Уа, мына толық азан мен оқылатын намаздың Раббысы! Мұхаммедке арқау болуды, ерен ерекшелікті бер! Оны өзің уәде еткен «Махмуд шыңына» жеткіз» (Муслим, Азан, 384).
Субхәнәкә дұғасы: «Я, Алла! Сені тәсбих етемін (Сен күллі нұқсан атаулыдан мінсізсің). Саған «хамд» айтып, мадақтаймын. Сенің қасиетті есімің аса мүбәрәк. Сенен басқа ешбір құдай жоқ».
Әт-тахият дұғасы: «Барлық дұғалар, мадақтар, тән-дүние ғибадаттары Аллаға лайық. Уа, Пайғамбар! Саған сәлем әрі саған Алланың рақымы мен берекесі жаусын! (Уа, Раббымыз!) Сәлем бізге және Алланың салиқалы құлдарына болсын. Алладан өзге Құдай жоқ екеніне және куәлік етемін. Мұхаммед – Алланың құлы әрі Пайғамбары».
Аллаһумма салли дұғасы: «Я, Алла! Хазіреті Ибраһимге және Ибраһимнің әулетіне салауат еткенің сияқты, Хазіреті Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне салауат ет. Расында, Сен – барлық жағынан мақтауға лайықсың және даңқың ұлы».
Аллаһумма бәрик дұғасы: «Я, Алла! Хазіреті Ибраһимге және Ибраһимнің әулетіне береке бергенің сияқты, Хазіреті Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне береке бер. Расында, Сен – барлық жағынан мақтауға лайықсың және даңқың ұлы».
Раббәнә әтинә дұғасы: «Уа, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсылық бер, ақыретте де жақсылық бер және бізді тозақ азабынан сақта!».
Раббәнәғфир лии дұғасы: «Уа, Раббымыз! Мені, әкешешемді және барша мұсылмандарды қиямет күні кешіре көр!».
Құныт дұғасы: «Я, Алла! Біз Сенен жәрдем, кешірім тілеп, Сенен тура жол сұраймыз. Саған иман етіп, күнәміз үшін тәубе етіп, Саған сүйенеміз. Сені барлық жақсылықтармен мадақтап, зікір етеміз. Бізге берген ырыс-берекеңе шүкір етеміз. Сені теріске шығармаймыз. Саған қарсы келгендерді теріске шығарып, олармен байланысымызды үземіз. Я, Алла! Біз Саған ғана құлшылық етіп, Сен үшін намаз оқып, Саған сәжде етеміз. Саған лайық құл болып, Сенің ризалығыңды алу үшін жігерленіп, алға ұмтыламыз. Сенің рақымыңнан үміттеніп, азабыңнан қорқамыз. Күмәнсіз, Сенің азабың кәпірлерге тән».
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқып болғаннан кейін үш рет «астағфирулла» деп, Алладан кешірім тілеп, содан соң төмендегі дұғаны оқитын: «Я, Алла Сен Сәлемсің. Сәлем – Сенен. Сен күллі нұқсан атаулыдан пәксің. Дүние мен ақырет сәлеметі мен бейбітшілігі сенің көмегіңмен ғана болады. Нағыз қасиетті – Сенсің. Уа, құдірет пен жомарт иесі Раббым!» (Мүслим, Мәсәжид, 135).
«Я, Алла! Біздің осы парыз намазымызды сүннетімен, бүкіл кемшілігімен қоса өз кеңшілігіңмен әрі жомарттығыңмен қабыл ала көр. Және оны (намазды) бетімізге баса көрме, уа бүкіл әлемнің Иесі және жәрдем берушілердің ең абзалы, біздің жанымызды мұсылман кезімізде алып, ізгі құлдарыңмен бірге қайта тірілте көр. Жаратылыстың ең ардақтысы әзірет Мұхаммедке және Оның жанұясы мен барлық сахабаларына Алла Тағаланың сәлемі болғай!»
«Я, Алла! Оқыған намазымызды, ұстаған оразамызды, (намаздағы) қиямымызды, қирағатымызды, рукуғымызды, сәждемізді, отырысымызды, ұлықтауымызды, бір өзіңді дәріптеуімізді, кішіпейілділікпен мойынсұнуымызды, жалынып, жалбарынуымызды қабыл ете көр. Я, Алла! Кемшіліктерімізді толықтырып барлығын бірдей қабыл ала көр, дұға-тілекке жауап беріп, тірілердің күнәсін кешіріп, өлілерді мейіріміңе бөлегейсің! Уа, Иеміз! Уа, Алла! Уа, Қорғаушы! Бізді барлық жамандық атаулыдан, аурусырқаудан сақтай көр».
«Я, Алла! Сені зікір етуім, Саған шүкір етуім және Саған ең жарасымды түрде құлшылық жасауым үшін мені демей көр!». Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл дұғаны сахабасы Муаз ибн Жәбалға (оған Алла разы болсын) әр намаздан кейін оқып тұруды ұсынған (Әбу Дәуіт, Уитр, 26).
Сөзімізді Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисімен қорытындылайық: «Алла Тағала Өзіне дұға еткен барлық адамның дұғасына жауап береді. Оның дұғаларға жауап беруі – дұға еткен адамға сұрағанын беруі арқылы, яки дұғасының сауабын ақыретке қалдыруы немесе оқыған дұғасының көлемінде күнәсін кешіру арқылы болады. Бірақ ол пенделікке бой алдырып, күнә үстіне күнә жамамаса немесе туысқандық қатынасты үзбесе, дұғам қабыл болмады деп асығыстық жасамаса болғаны», – дейді (Тухфатул-ахуази шарху жәмиғит Тирмизи, 2-том). Яғни Алла Тағала құлының сұраған нәрсесін осы дүниеде береді немесе дұғасының сауабын ақыретке қалдырады немесе оқыған дұғасының көлеміндей күнәсін кешіреді.
Нұрсейіт ОМАРОВ,
ҚМДБ Діни сараптама бөлімінің маманы
«Иман» журналы, №10, 2024 жыл