ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
01 Қараша, 2018 210

НЕКЕЛЕСУДІҢ БҮГІНГІ ЖАЙЫ

Қазақта жақсы сөз бар «үйлену оңай, үй болу қиын» дейді. Алла Тағаланың осы дүниедегі нығметтерінің ең қайырлысы – жақсы жар тауып, үйленіп, ұрпақ сүю.   Ал қазір некелесудің түрі көбейіп бара жатқандай ма қалай? Мұсылманша неке, аралас неке, азаматтық неке, бір жыныстылар арасындағы неке тағы сол сияқ- ты кете береді.  Жастар арасында орын алып жүрген осындай неке түрлеріне тоқталып көрейік.

Шариғат бойынша неке қию

Жалпы неке сөзінің негізі – «никах» деген араб сөзі. Үйлену шариғат принциптері бойынша болмысқа сай, айқын мәселелердің бірі. Ислам бойынша үйленудің мұсылман қоғамы үшін де, жалпы үмбет үшін де пайдасы бар. Оның өзіндік парызы мен шарттары да жоқ емес. Парызы екеу, біріншісі, үйлену сөзі – ұсыныс, екіншісі ұсынысты – қабыл алу. Ал, шарттарына келер болсақ, некелесуге рұқсат етілген жандар болуы қажет (рұқсат етлімейтін туыс, біреудің әйелі, апалы-сіңлілі екі қызды бірдей алу), үйленетін жандар өмірлік некені мақсат етуі тиіс, қиылған неке дұрыс болуы үшін куәгер болуы және екі жақтың разылығы  болуы шарт. Аталған шарттардың бірі кем болған жағдайда Әбу Ханифа мәзһабы бойынша неке дұрыс болып саналмайды.

 Алла Тағаланың соңғы әрі ең сүйікті елшісі Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) өзінің ұлағатқа толы хадистерінде де үйленудің, жұбайлық өмірдің өзінің сүннетінен екендігін баса айтады. Үйленуді, шариғат жолымен некелесуді мойындамаған жанды өз үмбетінен деп есептемейтіндігін ескертеді.

Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) «Неке – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіме амал етпесе, ол менен емес. Сондықтан да үйленіңдер, мен Қиямет күні басқа үмбеттерге сендердің көптіктеріңмен мақтанайын»,- деген.

Ал азаматтық неке ше?

Соңғы жылдары қоғамда қызу пікірталасқа түсіп жүрген мәселелердің бірі – азаматтық неке. Бұл жақсы ма, әлде жаман ба? Мұндай некені қолдаушылар некелесудің заманауи түрі десе, ал, бұған қарсы тарап ұлт пен текті   жоятын, жетім мен жесірлердің санын көбейтетін неке деп атайды. Қос тараптың да айтар уәждері аз емес сияқты.  Бұл некенің өзгешелігі мемлекеттiк органның тiркеуiнен де өтпейдi, Қазақстан Республикасының “Неке және отбасы туралы” Заңында ол туралы ешқандай түсiнiктеме берiлмеген. Сол себепті заң өкiлдерi мұны әзірге “бейресми некелесу” деп  қабылдап отыр. Заңмен реттелмегендіктен, басқосулары да, ажырасулары да ың-шыңсыз шешіледі. Бүгінде азаматтық неке қазақ қоғамын жатсынбай сіңісіп, әсіресе, жастар арасында ерекше қолдауға ие болғаны жасырын емес. Олай дейтініміз, азаматтық некеде бас қосқандардың басым бөлігі осы – жастар. Олар отбасын құру мәселесіне жеңіл-желпі қарайды. Керісінше, «некемізді  заңдас- тырмай тұрып, бір-бірімізді танып-білуге мүмкіндік мол» деп тұжырымдайды.

 Батыстан келген бұл некеде өмір сүріп жатырғандарды тіркеп, ресми санап жатырған ешкім жоқ. Мұндай үрдістің кең етек жаюы қоғамның рухани азып-тозуына әкеліп соқпай ма? Осы орайда айта кететін жай мамандардың есептеуінше, азаматтық некемен өмір сүрген жастардың 80 пайызы кейін бір-бірімен жараспай, айырылысады екен. Тек бестен бірінің ғана дәм-тұзы жарасып, ерлі-зайыпты атанады. Демек, «азаматтық некенің» азабын тартып жүргендер аз емес көрінеді. Солардың бірін тауып, тілдесіп көрдік.

Гүлзира, 25 жаста: (есімін өзгертіп беруді өтінді)

-Мен бір адаммен үш ай азаматтық некеде тұрдым. Әрине, аз ғана уақыт ішінде бір-бірімізді толық танып, түсінісіп кеттік деп айта алмаймын. Қызғаныш, болмашы нәрсеге бола жанжалдасу, әрбір ісімізге сенімсіздіктің ақыры бізді екі жаққа айырып тынды. Заңды түрде некелеспеген соң, әр нәрсеге жеңіл-желпі қарадық. Кейін арамыз суып кеткен соң, бәрі кеш болды. Неке заңды болса, мойныңа жауапкершілік артылады. Қазір бір ұлым бар. Тегі әкесінің атында. Баласына 18 жасқа дейін алимент төлейді. Өткенді қайтып оралта аласың ба? Өкініш өзегімді өртейді. Қайдан білейін, басқалар үшін бұл неке дұрыс та шығар. Бірақ, менің ойымша азаматтық неке азапқа салатын неке дер едім. Өзімнен кейінгілерге айтарым, азаматтық некеге әуестенбеген жөн, – дейді ол.

Бүгінде жастар арасындағы ажырасу санының көбеюі өзекті мәселеге айналды. Елбасымыз өзінің Жолдауында: «Мен ажырасуға қарсымын. Жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті», – деп атап өткен болатын. Ислам діні ерлі-зайыптылардың бір-бірімен ажырасуға рұқсат бергенімен, оны құптамайды. Бұл–ерлі-зайыптылардың соңғы шешуші қадамы болуы тиіс. Одан бұрын, ерлі-зайыптылар арасында пайда болған мәселені анықтап, оны оңды шешуге тырысу ләзім.  Діни кітаптарда: «Әбу Дәуідтің хадис жинағында келтірілген бір   хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы ол – талақ» – деп келеді.

 Ал, бүгінде дәстүрлі емес бағытты ұстанушылардың арасында ажырасу әрекетіне барғандар жиі кездеседі. Әсіресе, теріс бағытты ұстанушы апа-сіңлілеріміз ешқандай туыстық қатынасы жоқ  бейтаныс «брат-опекундар» арқылы некелесіп, қайта ажырасып, қайта тұрмыс құруда. Осыған қатысты бір оқиға, сол жат ағымның етегінде жүрген қыз әке-шешесінен қашып, рұқсатсыз өздерінің топ ішінде «уәкил», яғни, «братопекун» деп атайтын бейтаныс адам арқылы бірнеше рет тұрмыс құрған. Теріс бағытты ұстанушылардың мұндай өрескел әрекетке баруы ұлттық санамызға тән қазақи құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді жоққа шығарғандығынан, дінді жете түсінбегендігінен, сондай-ақ, отбасындағы моральдық ахуал және адамгершілікті нығайтуға, отбасының берік болуына көңіл бөлу секілді отбасылық құндылықтарды бағаламағандығынан туындап отыр.

Сөз соңы айтарымыз әрине, біреудің бақытына, арына қол сұғудан аулақпыз. Тек, басқа ұлттан ауған әрбір бұлттың астына басымызды тосамыз деп жүргенде, бармағымызды тістеп қалмайық.

Балнұр САПАРОВА