ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
10/31/2023 8

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАН НАМЫСЫН КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАН НАМЫСЫН КІМ ҚОРҒАЙДЫ?Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Ұлттық мереке – Республика күніне орай тұңғыш рет өтетін І халықаралық Құран жарысында ел намысын кім қорғайды? Осы жөнінде аз-кем мәлімет беріп өтпекпіз.

Жарысты ұйымдастыру алқасы бірнеше ай бұрын әлемдік деңгейде өтетін ауқымды шараға қазақ елінің атынан шығатын қариларды іріктеді. Халықаралық ережеге сәйкес, бұл жарысқа қабылдаушы мемлекет атынан екі қари, ал қалған елдерден бір қаридан қатысатыны белгілі. Сондай-ақ тағы бір талап – қаридың жасы 18 бен 30 жас аралығында болуы шарт. Осылайша ұйымдастыру алқасы 2013-2022 жылдар аралығында елімізде өткен республикалық Құран Кәрім байқауларының жеңімпаздарын саралап көрді. Олардың қатарында Астанада өткен ІХ республикалық байқаудың жеңімпазы Абдулғаффар Тұрсыновтың жасы отыздан асып кеткендіктен, қалған алты қари арасында іріктеу жүргізілді.

Сөйтіп, ұйымдастыру алқасының шешімімен 2021 жылы Түркістанда Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х республикалық байқаудың «30 пара» номинациясы бойынша бас жүлде иегері Әлібек Жалиев (Шымкент қаласы) пен 2022 жылы Қызылордада өткен ХІ республикалық байқаудың жеңімпазы Иманәлі Мырзагелді (Жамбыл облысы) қатысатын болды. Қос қари да 2003 жылы дүниеге келген.

Тұңғыш рет елорда төрінде өтетін халықаралық Құран жарысында Әлібек пен Иманәлі қариларымызға Алла жар болсын деп тілейміз!