ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
12/22/2019 138

Арал/Қазалы: Ұлы мінез иесі – Мұхаммед

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Арал және Қазалы аудандарында арнайы сапармен барып, аудан жұртшылығын Мәуліт мерекесімен құттықтады.

Арал аудандық орталық мешітінің ұйымдастырумен Арал аудандық мәдениет үйінде «Ұлы мінез иесі Мұхаммед» атты мәуліт рухани кеші өтті.

Шараға ҚМДБ-ның Сыр өңіріндегі бас имамы Болатбек Абуов, Арал ауданы әкімінің орынбасары Р.Өтешов, аудандық ішкі саясат басқармасының басшысы Махмут Марат, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Әбдіразақ Нұрбол, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары, елдімекен имам-молдалары, қонақ болды.

Құран аяттарымен ашылған шарада елімізге белгілі термеші, композитор, айтыскер ақын Жәкен Омаров Мәуліт жырын оқып, пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар жолданса, «Өнер қырандары» театрының әртістері көрермен назарына тағылымды қойылым ұсынды.

Шара соңында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Ұласқанұлы мен Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы Қайырхан Қабылғазиев құттықтау сөй сөйлеп, ауданға қарасты елдімекендерде адал қызмет атқарып жүрген имамдарды марапаттап, қаржылай сыйақы табыстады.

Бұдан кейін бас имам Болатбек Ұласқанұлы Қазалы ауданында да іс-сапарда болып, аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің ұйымдастыруымен өткен «Жүректердің төрінен орын алған – Мұхаммед» атты рухани кештің қадірлі қонағы болды.

Қазалы аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік кеште де Мәуліт жыры оқылып, әсерлі қойылымдар қойылып, көрермендер арасында Пайғамбар өмірінен сұрақ-жауап ойыны ойнатылды. Кеш соңында бас имам Б.Абуов бірқатар белсенді азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.