ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, Жастар ісі секторы және “Қорқыт ата” атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен қалалық мақал-мәтел сайысы өтті.
Тәуелсіздікке 30 жыл толуына орай, “Атадан қалған асыл сөз” ұранымен “Мүсірәлі ата” мешітінде өткен жарысқа қала жастарынан құралған 12 команда қатысып, “мақал блест”, “полиглот”, “хадистерге қатысты мақал-мәтел”, “капитандар сайысы”, “мәтелдің мағынасын түсіндіру” кезеңдері бойынша білімдерін ортаға салды.
Оқ бойы оза шауып, өзге командаларды шаң қаптырған “Ақмешіт-Сырдария” тобы жүлделі І-орынды қанжығасына байласа, “Ыбырайым молда”, “Кітап құрттары” топтары , ІІ, ІІІ-орындарды місе тұтты. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталып, қалған қатысушы командаларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі