ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/08/2026 8

ҚАЗАЛЫДА ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Қазалы ауданына қарасты Әйтеке би кентінде «Құран – жанға шипа, рухқа дем» тақырыбында облыстық Құран жарысы ұйымдастырылды. Игі шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, сондай-ақ Қазалы ауданында орналасқан «Әли-Муса» және «Халық» мешіттерінің ұйытқы болуымен өтті.
Рухани байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Қызылорда облысының бас имамы Дастан қажы Құрманбаев қасиетті Құран Кәрімнің адам баласын ізгілікке бастайтын ұлы кітап екеніне тоқталып, жас қариларға
сәттілік тіледі.
Қазыналы Қазалы төрінде өткен облыстық Құран жарысы «Құран Кәрімнің 5 парасын жатқа оқу» және «Құран Кәрімнің 3 парасын жатқа оқу» аталымдары бойынша ұйымдастырылды. Байқауға Қызылорда қаласы мен аудан мешіттерінен келген 30-дан астам талапкер қатысып, өзара бақ сынасты.
Құран жарысының әділқазылар алқасы облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Нұрсұлтан Уәлиұлы, «Шиелі аудандық орталық» мешітінің ұстазы, қари Сейілхан Дүйсенбеков және «Қазалы» қарилар дайындау орталығының ұстазы, қари Исмаил Омарұлы секілді тәжірибелі мамандардан құралды. Қазылар қатысушылардың тәжуид талаптарын сақтауы, жатқа оқу мәнері мен дауыс ырғағына ерекше мән берді.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Қызылорда облысының бас имамы Дастан Жанасұлы жүлдегерлерді құттықтап, арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтарды табыстады. Сонымен қатар, жүлделі орындарға ілікпеген өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйақылары мен алғыс хаттар берілді.
Айта кетейік, рухани шараның жоғары деңгейде өтуіне Әли-Муса Айжарықұлының жақындары демеушілік көрсеткен.
Әділқазылар алқасының шешімімен Құран жарысының жеңімпаздары төмендегідей анықталды:
«Құран Кәрімнің 5 парасын жатқа оқу» аталымы бойынша:
– І орын Шынболат Нұрислам – 150 000 теңге
– ІІ орын Шабдан Нұргиса – 100 000 теңге
– ІІІ орын Махмут Жансерік – 50 000 теңге
– ІІІ орын Байпатшаев Асқар – 50 000 теңге
«Құран Кәрімнің 3 парасын жатқа оқу» аталымы бойынша:
– І орын Зейнулла Нұрмұхаммед – 120 000 теңге
– ІІ орын Темірбек Дамир – 80 000 теңге
– ІІІ орын Бердібаев Ермек – 40 000 теңге
ҚМДБ Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі