ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/15/2026 2

БАЙҚОҢЫРДА «БЕРЕКЕЛІ РАМАЗАН» АТТЫ РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

Байқоңыр қалалық «Жәрімбет» мешітінің ұйымдастыруымен қалалық мәдениет үйінде қасиетті айдың құрметіне арналған «Берекелі Рамазан» атты рухани іс-шара өтті.
Рухани кештің негізгі мақсаты — қасиетті Рамазан айының қадір-қасиетін кеңінен насихаттау, жамағат арасындағы ауызбіршілік пен рухани ынтымақты нығайту, сондай-ақ қоғамдағы ізгі құндылықтарды дәріптеу болып табылады.
Құран аяттарымен басталған кеште мешіттің бас имамы Өміржан Тобжанов сөз алып, жиналған қауымды келе жатқан қасиетті аймен құттықтады. Өміржан Жұмаділдәұлы өз сөзінде Рамазанның рухани мәніне тоқталып, сабыр мен тақуалықтың маңызы, мейірімділік пен өзара жәрдемдесудің сауабы, нәпсіні тәрбиелеудің артықшылықтары жайында ғибратты уағыз айтты.
Жиынның мәдени-рухани деңгейін белгілі айтыскер ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар көтере түсті. Ақын арнайы дайындаған «Берекелі Рамазан» атты арнауын орындап, жыр жолдарымен қасиетті айдың берекесі мен имандылықтың асыл бейнесін шебер суреттеді.
Іс-шара соңында жамағатпен бірге ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға жасалды.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі