
Қызылорда облысының бас имамы Дастан Жанасұлы Арал аудандық орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткен «Адамзаттың жарқын үлгісі – Мұхаммед ﷺ» атты Мәуліт кешіне қатысты.
Рухани шара ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ дүниеге келген мүбәрак айының құрметіне орай ұйымдастырылды.
Мәуліт кешінде облыстың бас имамы Дастан Жанасұлы жамағатқа тағылымды насихат айтып, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ өнегелі өмірі, көркем мінезі, сабырлылығы мен мейірімділігі, сондай-ақ адамзатқа қалдырған өсиеттерінің маңызына тоқталды.
Рухани кеш барысында Мәуліт жыры оқылып, Алла елшісінің ﷺ өмірі мен өнегесіне арналған бейнеуағыздар көрсетілді. Сондай-ақ республикалық терме байқауында жүлделі ІІ орын иеленген Райым ауылдық «Айтуар» мешітінің имамы Аманбай Таимовтың орындауында терме айтылды.
Шара аясында аудандық Сира сайысының қорытындысы шығарылып, үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды.
Сайысқа аудан көлемінен 18 азамат қатысып, үш кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезең Kahoot платформасы арқылы өткізілсе, екінші және үшінші кезеңдерде қатысушылар ұяшықтарды таңдау арқылы Сира іліміне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлдегерлерге:
І орын – 200 000 теңге;
ІІ орын – 100 000 теңге;
ІІІ орын – 50 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.
Кеш соңында Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы Әнуар Мырзағазиев келген қонақтарға Арман Бердалиннің «Жаратылыстың жауһары» атты кітабын сыйға тартты.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі



