Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешіті – қала көркіне сән беріп, көпшілікке үздіксіз қызмет көрсетіп тұрған құтты мекен.
Сәулеті келіскен ақ мешіт 2008 жылы ашылған болатын. Бір мезетте 2000-2500 адамға дейін құлшылық ете алатын Алла үйіне келетін жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының саны көбеймесе, азайған емес. Бұл өз кезегінде мешіт тазалығынан бөлек, ауласы мен ішкі жайлығын, халыққа қолайлы жағын қамтамасыз етуді талап етеді.
Осы орайда, Сыр өңірінің бас мешітіне біршама жөндеу жұмыстар жүргізілген болатын. Нақтырақ айтар болсақ, мешіт ауласында тас кеспекше (брусчатка) мен жол жиектемелері (бордюр) ауыстырылып, қосымша автотұрақ жасалды, жол төселді. Сонымен қатар жарық шамдар орнатылып, мешіт сыртқы келбеті де әсем жарық шамдарымен көмкерілді.
Салтанаты келіскен облыстық мешіттегі игі бастамалар аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлының қолдауымен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілік көрсетуі арқылы жүзеге асырылды.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі




