ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
06/07/2019 250

«ЕЛ ҮЛЕСІ ПӘТЕРГЕ» 5 ОТБАСЫҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

“Жанқожа” мешіті жамағаттарынан құралған «Асыл Иман Ихсан» және ҚМДБ “Зекет” қайырымдылық қорларының бірігуімен «Ел үлесі пәтерге» әлеуметтік жобасы аясында Қызылорда облысы, Қазалы ауданында 5 бірдей отбасы баспаналы болды.

Қасиетті Ораза айт мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысқан ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Өкіл имамы Болатбек Ұласқанұлы, ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қорының облыстағы өкілі О.Жидебаев, Қазалы ауданы әкімі М.Ергешбаев, «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының төрағасы С.Аралбаев жиылған халықты айт мейрамымен құттықтап, жаңа пәтердің кілтін табыстады.

1000 шаршы метр құрайтын жаңа пәтерге шамамен 10 миллионға жуық қаржы жұмсалған. Жаңа пәтерге ие болған тұрмысы төмен отбасылардың бірі – 11 баланың анасы П.Өтжан:
«Қуанышымда шек жоқ. Болашаққа деген үмітім оянып, сенімім артты. Балалар өз үйінде ойнап, күліп, сабағын оқитын болады»-деп, қуаныштың көз жасына ерік берді.

Өкіл имам Б.Абуов өз кезегінде мұқтаждың мұңын ұғып, қамқорлық жасап жүрген «Жанқожа батыр» мешіті жамағаттарынан құралған «Асыл Иман Ихсан» қайырымыдылық қоры секілді ауданның жомарт азаматтарына алғыс білдіріп, ізгі лебізін жеткізді. Шара соңында бірқатар белсенді азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.

Бұдан кейін аудандағы «Жанқожа батыр» орталық мешітінде әлеуметтік жағдайы аз қамтылған 40 отбасыға бір айлық азық-түлік үлестірілді.

Мейірімділік акция аясында көмек алған жандар ұйымдастырушыларға дән ризашылықтарын білдірді.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі